ҚЫРАҒЫЛЫҚТЫҢ ӨНЕГЕСІ БОЛҒАН ҚҰРЫЛЫМ
Еліміз сыбайлас жемқорлыққа қарсы кешенді шараларды жүзеге асыруда. Қуатты құрылымға айналып үлгерген қаржы полициясы құрылғаннан бері мемлекет қазынасына қол салған талай жемқорлармен ымырасыз күрес жүргізіп келеді. Ол нәтижесіз де емес. Көлеңкелі экономикаға қарсы күресте де аталған орган өзгелермен бірлесіп, көптеген игілікті іс атқарды. Махамбет атындағы облыстық қазақ драма театрындағы салтанатты жиында осындай өміршең өзгерістер, атқарылған жұмыстар көп айтылды. Облыстық экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің бастығы, қаржы полициясының полковнигі Мұрат Төлеубаевтың баяндауынша, қоғамның толық қолдауынсыз ауқымды жұмыстардың жүзеге асуы мүмкін емес еді.
Қаржы полицейлерін облыс әкімінің атынан облыс әкімінің орынбасары Тимуржан Шәкімов құттықтады. Салтанатты жиында облыстық соттың төрағасы Мұхтар Смағұлов, облыс прокуроры Ғалымжан Тоғызбаев, кедендік бақылау департаментінің бастығы Құрманғали Тасмағамбетов, тағы басқалар құттықтау сөз сөйледі. Облыстық қаржы полициясының алғашқы басшыларының бірі, бүгінде жергілікті қаржы полициясының ардагерлер кеңесіне төрағалық ететін Амангелді Құлбатыров сол кездің ерекшелігін әңгімеледі.
Қаржы полициясының құрылғанына 20 жыл толуына байланысты арнайы мерейтойлық медаль шығарылған. Ол қуатты құрылымның қалыптасуына елеулі үлес қосқандарға салтанатты түрде табысталды. Үздік еңбегімен көрінген қызметкерлер де атаусыз қалмады.
Осы айтулы оқиғаға орай құқық қорғаушылар арасында шағын футболдан біріншілік өткізілген еді. Оған барлығы тоғыз команда қатынасты. Мұндағы әрбір ойын өте тартысты, әрі қызықты өтті. Сайыс қорытындысында Төтенше жағдайлар жөніндегі облыстық департаменттің қызметкерлері топ жарды.
Азамат САНСЫЗБАЙҰЛЫ.