
Күй тербеген күн
“Байзар” сауда үйінде “Атырау қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене-шынықтыру және спорт бөлімі” ММ және “Құрманғазы атындағы мәдениет сарайының” ұйымдастыруымен Ұлттық Домбыра күніне арналған мерекелік сазды бағдарлама өтті.

Шараның негізгі мақсаты – рухты оятар, жүрекке мақтаныш ұялатар ұлттық құндылығымыз – домбыра күнін ұлықтау, сондай-ақ киелі аспабымызды жас ұрпақтың жүрегіне жақындату, насихаттау болды,- дейді шығармашылық бөлім меңгерушісі Сая Жасақбаева.

Шара барысында қазақтың ұлы күйші-композиторлары Құрманғазы, Түркеш, Нұрғиса Тілендиев, Сейтек Құсайыновтың күйлері жеке орындаушылар мен ансамбльдердің күмбірлете орындауында әуелеп, көрермен жүрегіне жол тартты. Ұлттық аспаптың қоңыр үні зал ішін тербеп, күй өнерінің биіктігі мен тереңдігін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Сонымен қатар, домбыра үніне қосылған қазақ сазгерлерінің әндерін Құрманғазы атындағы мәдениет сарайының өнерпаздары шырқай орындап, мерекелік кештің сәнін кіргізді.
Тоғжан ЕРМЕК