Атыраулық автордың үш кітабы жарық көрді

screenshot 4 Мәдениет

АТЫРАУЛЫҚ ҒАЛЫМ, «МӘҢГІЛІК ЕЛ» ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ, ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ АҚҚАЛИ АХМЕТТІҢ ҮШ БІРДЕЙ ЕҢБЕГІ ЖАРЫҚ КӨРДІ.

«История Атырауского края на страницах местной периодической печати в 1915-1918 гг.» деп аталатын кітап тарихшы, өлкетанушы, басқа да мамандарға арналған. Әсіресе, Отан және туған жер тарихы мәселелеріне қызығушылық танытатын оқырмандар үшін таптырмас еңбек. Жинақ Ресей Федерациясы мемлекеттік кітапханасының сирек қорында сақталған ХХ ғасыр басындағы Қазақстанның Батыс өлкесіне қатысты материалдардан құрастырылған. Онда «Гурьевский вестник», «Яицкая воля», «Уральские войсковые ведомости», «Уральский листок» және «Уральский вестник» сияқты жергілікті газет беттерінде жарияланған бірінші Дүниежүзілік соғыс жылдарындағы (1914-1918 ж.ж.) Атырау өлкесінің тыныс-тіршілігін сипаттайтын мақалалар бар. «Қазақстандағы архив ісінің тарихы (1918-1991 ж.ж.)» атты еңбек те – жас зерттеушілер мен тарихсүйер қауым үшін құнды дүние.

«Тарихи деректерімізді дер кезінде жинастырып, өткенімізді объективті жазуға пайдалана алмауымыздың түйіні – көшпелі және жартылай көшпелі өмір салтымыз, өз еркіміздің өзімізде болмауы сияқты объективті себептермен қатар, тарихымызды ғылыми негізде жазу ісінің кеш басталуы, біздегі тарих ғылымы негіздерінің кеңестік кезеңде қалыптасуы және ұлттық төл деректеріміздің негізсіз құпияландырылғаны сияқты субъективті факторлардың да әсері болғандығы белгілі. Сондықтан да, өткен тарихымыздан жан-жақты ақпарат беретін деректерімізді іздеп табу, жинау, жүйелеу, сақтау және деректанулық сыннан өткізу арқылы тарихымызды жаңаша көзқарас арқылы жазу міндеті және тәуелсіздік тарихының дереккөздері мен нақты деректерін жүйелеп, ғылыми айналымға енгізу міндеті тұр» дейді автор.

Ал, «Движения под предводительством Джанхожи Нурмухамедова. Стенограмма 10-17 октября 1952 г.» деген кітапта ХІХ ғасырдың ірі тұлғаларының бірі, халық батыры, би Жанқожа Нұрмұхамедұлы бастаған Сыр бойы қазақтарының елуінші жылдары отаршылдарға қарсы бағытталған ұлтазаттық көтерілісі жөнінде құрылған комиссия мәжілісінің хаттамасы түпнұсқа күйінде жарияланып отыр. Құжатта тарихты таптық көзқарас тұрғысынан «түсінуге» тырысушылық айқын бейнеленген. Басылым тарихшы, өлкетанушы, магистранттар мен студенттерге, батырдың азаттық үшін күрделі күрес жолын ұғынуға ынтызар көпшілік қауымға арналған.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз