Әсет Иманғалиев актер: «Қонаққа деген құрмет – таңғаларлық!..»

4 Жаңалықтар

Бүгінгінің баласы аты да бөлек, заты да бөлек «Бэтмен», «Спайдермен» дегендерді үлгі тұтып, қарсыласын ойсырата жеңетін ойдан шыққан сол бейнелерді нағыз батырға теңейді. Ал, бала Ораздың шақыруымен «Сиқырлы терезеден» шыға келген батыр Ораз бұл ұғымның мүлдем қате екенін көрсетіп, залға жиналған кішкене көрермендердің ойын әп сәтте өзгертіп жібереді. Қойылым соңында сыртқа беттеген балалардан «Кім мықты, Бэтмен ба, Ораз батыр мадеп сұрағанымызда, олар жармаса «қазақтың батыры бәрін жеңеді» деп шулап қоя берді. Міне, сахна тәрбиесінің нәтижесі! Бас кейіпкер, баһадүр батыр Оразды сомдаған актер Әсет Иманғалиевпен тілдеспек болып, актерлер бөлмесіне беттедік. Сомдаған образынан әлі шықпаған, қара терге малшынып, қынаптағы қылышына сүйеніп тұрған актермен әңгімені бастадық.

4

Балалар театрындағы роль үшін осыншалықты тер төгуге тура келіпті ғой. Кішкене балалар алдауға да көнеді емес пе? Жаныңызды салып ойнамасаңыз да болатын сияқты ғой

– Жо-жоқ, мүлдем қателесесіз. Біріншіден, сахна – қасиетті, киелі орын. Екіншіден – аудиторияны бөліп-жарып қарауға болмайды. Үшіншіден, рольдердің ауыр-жеңілі болмайды.

Әсет аға, шатаспасам, осы гастрольдік сапар барысындағы қойылымдардың барлығында да ойнаған секілдісіз?

– Атырауға 70 жылдық тарихы бар Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар театры бірнеше қойылымын алып келді. Мұнайлы астана тұрғындары жылы қабылдап, үлкен қошеметке бөледі. Соның бірі – жаңа ғана сіздер тамашалаған – «Сиқырлы терезе» ертегісі. Режиссері Е.Қауланов, авторы Ж.Әлікен. Сиясы кеппеген тың туынды. Сондай-ақ, «Қара шекпендегі» көкжал, «Келіндер көтерілісіндегі» Кемел, «Мен ұмытылмаймындағы» Мұқағалиды «Қызыл орамалды шынарымда» Жантайдың ролін сомдадым.

– Рольдерді бөліп-жарып қарамаймын дедіңіз. Жалпы, сіз үшін қиынға соққан роль қандай?

– Кейіпкердің бейнесін, характерін сахнаға алып шығу – үлкен еңбек. Соның ішінде  күрделі роль болады. Қай рольдің де оз қиындығы бар. Дейтұрғанмен, бірнеше рет қойылса да, қазір де қорқынышпен сомдайтын бейнем – Тахауи Ахтановтың «Ант» спектакліндегі Әбілхайыр образы. Өйткені, Тахауи ағамыздың тілінің күрделілігін білесіздер. Ал, менің кейіпкерім монолог оқиды. Бұл шығарманы күні кеше өмірден өткен талантты, ұлы режиссер Жанат Хаджиев қойған болатын. Оның режиссурасымен жұмыс жасау да оңай шаруа емес. Бұл  –  үлкен еңбек пен үлкен ізденісті қажет ететін рольдің мен үшін бірегейі.

Сіздің есіміңіз көбіне тарихи рольдерге қатысты,  батырлар бейнесімен қатар аталады. Бүгінгі Оразды көріп, бұл сөздің дұрыстығына тағы бір мәрте көзіміз жеткендей. 

– Театр репертуарындағы «Қозы Көрпеш – Баян сұлудағы» Қодар, «Ақан сері  –Ақтоқтыдағы» Жалмұхан, «Телқарадағы» Қодар рольдері – сіз айтып отырған мәселеге орай сомдаған образдарым. Бұл бағыт менің өзіме де жақын. Алайда, менің табиғатыма осы образдар ғана жақын, соларға басымдық беремін немесе көп ретте тарихи туындыларды, батырлар ролін ғана сомдауға талпынамын деген сөз емес. Мамандығым актер болғандықтан, қай роль беріледі, режиссер менен қай кейіпкерді көреді – соны алып шығу мақсатым.

– Ал, жағымды, жағымсыз кейіпкерлерге қатысты ше?

– Бұл ретте де тапсырылған рольді алып шығу – жұмысым. Жағымсыз кейіпкерді алып шығу керек болса, оған да бар жанымды салып ойнаймын. Мейлінше жағымсыз болуға тырысамын. Ол – менің міндетім.

– Сіз театр актері ғана емес, кино актерісіз.

-Бұл салада былтырдан бері маған белгілі адамдардың бейнесін сомдау көп ұсынылды. Мен үшін қорқыныштысы да сол. Өмірде болған, ұрпағы, достары, әріптестері бар адамды сахнаға шығару – өте қиын. Қанша тырыссаң да, дәл аудырмай салу мүмкін емес. Бірақ, «болмасаң да ұқсап бақ»  деп, барымды салып ойнаймын. Соның бірі – Жасұлан Пошанов түсірген Жұмат Шаниннің ролі, осы қыста түсірілген «Ән аға» телехикаясындағы ақиық ақын Мұқағалидың ролі. Және Атырау сапарының алдында ғана аяқталған Асанәлі Әшімов ағамыздың 80 жылдық мерейтойына арналып түсіріліп жатқан «Асанәлі» атты кинотуындыда ағамыздың жас кезін сомдау   бұйырды. Айта кетейін театрда сахналанған «Тағдыр тақтасы» спектаклінде де Асанәлі ағамыздың ролін сомдағанмын.

– Білуімізше, «Қашқарияға саяхат» фильміне де түстіңіз. Ол қашан жарыққа шықпақ?

– Ол жағын нақты білмеймін, бәлкім бір жылдан кейін жарыққа шығып қалар. Бұл туындыда Шоқан атамызға жол сілтеп, Қашқарға дейін сапарласы болған Жақып Жанқұлиев деген адам болған. Соны сомдадым.

– Сіз Қырғызстанға да барып киноға түсіп жүрсіз?

– Иә. «Сүлеймен тауы» деп аталатын кинода Қарабас Полат деген бас кейіпкерді сомдадым. Режиссері мәскеулік, операторы румыниялық. «Мосфильммен» бірлесіп жасалып жатқан жоба. Алла бұйырса, тұсаукесері Францияда болатын халықаралық «Глобус» кинофестивалінде өтеді деп жоспарлануда.

– Шыны керек, қазіргі таңда театр сахнасында жұлдызы жанып тұрған актер болса да, жұрт оны танымайды. Халық танымалдылық деңгейін кинодағы роль арқылы бағамдайды. Осыған қалай қарайсыз?

– Театрдың аудиториясы кинодағыдай үлкен емес. Оның өз көрермені бар. Іздеп жүріп көретіндер бар, аяқ астынан жол түсіп, театрға келіп қалатындар бар. Ал, кино әлемі – үлкен масштаб. Бір-екі жылт ете қалсаң да, есте қалуың әбден мүмкін. Оны мойындау керек. Театр аудиториясы мен экран аудиториясы екі бөлек дүние.

– Егер күндердің күнінде сізге театр мен киноның біреуін ғана таңдау қажет болса, қайтар едіңіз?

– Театрды таңдаймын.

– Неге?

– Өйткені, киноның ғұмыры ұзақ емес. Себебі, қанша уақытқа созылса да, түптің түбінде ол түсірілім бітеді. Ал, одан кейінгі киноға сен шақырыласың ба, жоқ па белгісіз. Ал, театр – күнделікті мектеп. Сахна –  өмірім, шаңырағым. Кино – кезеңдік дүние. Бүгін бір киноға түсіп, танылып, ел аузында жүрсеңіз, ертеңгі танымал киноға сіз емес, басқа адам шақырту алады да, сол танымал болып шыға келеді. Ал, театр, ол – мәңгілік.

– Сіз – нағыз сегіз қырлы жансыз. Ұстаздық бағытта да қызмет етесіз.

– Иә, өнер академиясында ұстазбын. Сегіз жылға жуықтапты. Ең алғашқы шәкірттерім қазір өзіммен бірге сахнада жұмыс жасап жүр.

– Ал, жеке өзіңіздің шәкірт тәрбиелеу ойыңызда жоқ па?

– «Алатау» дәстүрлі театрында шеберханам бар. Әрі актер, әрі режиссер Рүстем Жанаманов есімді маманмен бірге шәкірт тәрбиелейміз.

– Ал, асаба Әсет те көп сұранысқа ие ме?

– Бұл студент кезіміздегі қарнымыз ашпаса екен деген себеппен қадам басқан саламыз болатын. Қазір анда-санда ғана шығамын.

– Ән де айтасыз…

– Бұл – менің бала күнімнен келе жатқан хоббиым. «Өнер адамысың ғой, бірдеңе десеңші» деген сәттерде «жоқ, мен театрдың актерімін, сол жерге келіп өнерімді тамашалаңдар» деп айту маған сын болар деп, домбыраны алып «әу» дейтін өнерім бары рас. Жалпы, қоржынымда он шақты әнім бар.

– Жұмыс кестеңіз өте тығыз екенін ескерсек, бос уақытыңыз бола ма?

– Мүлдем жоқ десем де болады. Үнемі жұмыстамын. Түсірілім алаңында не театрда дайындықта жүремін.

– Ал, бұл жайт отбасыңызға әсер етпей ме?

– Әрине, жанұямды әркез сағынысып көретінім жаныма батады.

– Сіз – кәсіби актерсіз. Ал, шынайы өмірде әкенің ролін сомдауыңызға қандай баға берер едіңіз?

– Бұл – менің өмірімдегі үлкен мәселе. Көп ретте балаларыма тиісті тәрбие беру ісіне араласуым кем түсіп жатады. Менің үлкен қорқынышым да осы. Ұл балаға шешесі қанша жерден айтса да, әкенің айтқаны қонымдырақ болады.

– Өзіңізді танымалмын деп есептейсіз бе?

– Негізі, солай деп көп айтылады екен. Алайда, табиғатым – қарапайым. «Менің жағдайымды жасаңдар, мына шартпен келіспеймін» дегенді айтып көрген емеспін. Халықтың бірі ғанамын.

– Атырау туралы қандай пікірде кетіп барасыз?

– Ең әуелі атыраулықтардың қонақжайлылығы – көпке үлгі! Осы қасиеттеріңізбен мақтаныңыздар!

– Рахмет!

Гүлжан Әмірова

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз