Кристин Лагард әлемдік экономиканың дамуын Абайдың идеясымен сипаттады
Аtr.kz/16 мамыр, 2019 жыл. Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры Кристин Лагард әлем экономикасының дамуында қазақтың ұлы ақыны Абайдың идеясына екпін қою керектігін айтты.
«Экономикалық даму бағытында біртіндеп қарқын алу керек. Бұл ретте қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының «Ақырын жүріп, анық бас» деп жазып кеткен өлең жолдары ойға келеді. Сондықтан бүгінгі форумда осы идеяға айрықша екпін қоймақпын, яғни әрбір қадамды сенімді түрде жасауымыз керек. Өкінішке қарай, әлемдік өсімге қараған кезде, адамдардың көбісінің әрекеттерінде даму қарқыны байқалмайды. Олар сол баяғы баяу сарында жылжып келеді», — деді Кристин Лагард XII Астана экономикалық форумы барысында.
Оның сөзіне қарағанда, 2019 жылы жаһандық ішкі жалпы өнімнің 70 пайызы баяулап отыр.
«Бұл ретте қазіргі кезде рецессия орын алып отыр деп айтып отырғаным жоқ, алайда өткен жылмен салыстырғанда бәсеңдеудің белгіcі көрініс берді, яғни 3,6 пайыз көрсеткіштен қазіргі кезде шамамен 3,3 пайыз. Сонымен қатар, қаржылық тұрғыда қосымша тәуекелдер болмайтынына сенім артудамыз. Біз алдағы 6 айда жаһандық шиеленістің төмендеуін болжап отырмыз. Осы орайда қазіргі кездегі шиеленістік құбылыстар бәсеңдейді деп ойлаймыз», — деді ХВҚ басшысы.
Оның пайымынша, Орталық Азияның өзіндік рөлі арқасында экономикалық дамуға тиісті ықпал тигізеді.
«Бүгіндегі сын-тегеуріндер түсінікті болып тұр, осы орайда біз өсімді бұдан да жоғары тұрақты деңгейге шағаруымыз керек. Біз осы бағытта аңдап, сенімді қадамдарды жасауымыз қажет. Осыған байланысты жан-жақты зерделенген ішкі саясатты жүзеге асырып, экономикалық әртараптандыруды арттыру керек. Сонымен қатар белсенді түрде халықаралық ынтамақтастыққа бағыт алған жөн», — деп түйді ол.
Дереккөз: «ҚазАқпарат»