Көршіңізбен қалайсыз?..
Бұрындары «Ағайынмен жауласпа – басың азаяды, көршіңмен дауласпа – асың азаяды» деген қазақ едік. Соңғы кезде қала тұрғындары үшін бұл даналықтың өзектілігі өзгеріске ұшырады десе де болады. Өйткені, көппәтерлі үйдегі тұрғындар көршісі шуласа, ортақ дәлізге қоқыс тастаса, шылым шексе онымен «заң» тілінде сөйлесіп, тәртіпке шақыруға толық құқы бар. Егер арыз жазып дауласуды құп көрмесеңіз, әуелі мазасыз көршіңізге ауызша ескерту жасау қажет. Ескертуді ескермесе, құқық қорғау органдарына жүгініп, шағымдануға болады.
Мазасыз жанға «жаза» бар
Редакцияға хабарласқан қала тұрғыны көршісінің жалға берген пәтеріндегі тұрғындардың күні-түні шулайтынына шағымданса, тағы бір оқырман көршісінің пәтерден шыға бере үнемі қоқыс қалдырып кететінін айтты. Белгілі заңгер Салтанат Рахимовадан мұндай құқық бұзғандарға қандай жауапкершілік қарастырылатынын сұрап білдік.
– Қазір 2023 жылы өзгертулер енгізілген Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс (бұдан әрі – ӘҚБтК) қолданыста. Көршілер үнемі шулап, мазаны алса, шара қолданудан басқа амал жоқ. Көршіңіз шулағанда ғана емес, үйінде айқай-шуы басым думан ұйымдастырып немесе музыкалық аспаптарда қатты ойнап маза бермеген көршіңіздің үстінен полицияға шағымдансаңыз, көршіңізді Әкімшілік кодекстің 437 бабымен жауапқа тартуға негіз болады. Заң бойынша 22.00-9.00 сағаттар аралығында көп қабатты үйлерде тыныштықты бұзуға тыйым салынады. Үйіңізде ойын-сауық орындары болса, олар жұмыс күндері сағат 22.00-ден 9.00-ге дейін, ал демалыс және мереке күндері 23.00-ден 10.00-ге дейін шу шығармауы керек. Жөндеу кезіндегі шулы жұмыс күндізгі 8 сағаттан аспауы тиіс. Тыныштықты бұзған жеке адамға – 5, шағын кәсіпкерлік субъектілері немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 20, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 30, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға негіз бар, — деп түсіндірді Салтанат Асқарқызы.
Демек жеке адам үшін 3692 теңге х 5 = 18460 теңге, шағын кәсіпкерлер үшін 3692 теңге х 20 АЕК = 73 840 теңге, ал, мейрамханалар мен ірі кәсіпкерлік субъектілеріне одан да көп айыппұл салынады деген сөз. Бiр жылдың iшiнде қайталап жасаса, айыппұл мөлшері ұлғая түсетіні тағы бар.
Автокөлік, жүк машинасы, кран, тракторларды пайдаланып құрылыс жұмыстарын жүргізіп, тыныштықты бұзу, үйлеріне жөндеу жұмыстарын жүргізу де – егер олар көршілердің түнгі тыныштығын бұзса осы баппен жауапкершілікке тартылады.
Қазіргі заңнамада күндіз де қатты шулаған адамдарға айыппұл салуға болады. Себебі тиісті нормативтерде тұрғын үйлердің ішіндегі дыбыстық шектеулер белгіленген. Оның деңгейі күндіз 45-55 децибелден аспауы тиіс. Мәселен, көршіңіз музыканы қатты ойнатса, оның дыбысы 55 децибелден асып кетуі әбден мүмкін. Алайда полицейлер оны өлшей алмайды. Себебі арнайы құрал-жабдықтары жоқ. Заңгерлер санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандарын шақыруға кеңес беріп отыр. Өйткені дыбыстық шектеулерге қатысты гигиеналық норматив солардың құзыретіне жатады. Мамандардың соған сәйкес Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 425 бабы (Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi бұзу) бойынша айыппұл салуға құқы бар.
Темекі тартудың тәртібі ұмытылды
Қазақстанда азаматтарды қоғамдық орындарда пассивті темекі шегуден қорғайтын «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс бар. Темекі шегу кезінде оның түтініндегі зиянды заттардың 25% күйіп кететіні, 25% темекі шегетін адамға сіңетіні, ал 50% бөлме ауасын уландыратыны дәлелденген. Сол себепті кодекске сәйкес, үйлердің кіреберісі мен дәлізінде темекі тартуға тыйым салынады. Әйтпесе айыппұл арқалап кетуіңіз әбден мүмкін.
Әрине, заң бойынша қоғамдық орында темекі тартуға болмайтыны белгілі. Айталық, тұрғын темекісін аулада тартып болып, енді тұқылын лақтыратын арнайы құты (урна) болмаса не істеу керек? Жалпы, көппәтерлі әр үйдің алдына арнайы құты орнату ПИК-тің (КСК) міндеті, сол үшін тұрғындар ай сайын төлемақы төлеп отыр.
– Атырау облыстық мәслихатының 2018 жылғы 16 наурыздағы №199-VI шешімімен бекітілген «Атырау облысының қалалары мен елді мекендерінің аумақтарында абаттандырудың қағидаларының» 29-тармағы бойынша вокзалдар, базарлар, әуежайлар, саябақтар, демалыс аймақтары, алаңдар, білім беру, денсаулық сақтау мекемелері, көшелер, қоғамдық жолаушылар көлiгі аялдамалары және сауда объектілерінің кіреберістерінде қоқысқа арналған құтылар орнатылады. Халықтың жаппай баратын орындарында құтылар бір-бірінен кемінде 50 метр, ал аулалар, саябақтар мен алаңдарда 10-нан 100 метрге дейінгі арақашықтықта болуы шарт. Жолаушылар көлiгі аялдамаларында және сауда объектілерінің кіреберісінде екi құтыдан болу керек, — деді заңгер.
Осы қағиданың 30-тармағында «Құтыларды орнатуды, тазартуды және жууды аумақты пайдаланатын ұйымдар немесе аумаққа иелік ететін немесе пайдаланатын ұйымдар жүргізеді. Құтылар толуына қарай, бiрақ кемінде күніне бір рет тазартылады. Құтылар ластануына қарай, бiрақ кемінде аптасына бір рет жуылады» деп тікелей атап көрсетілген.
– Көп қабатты үйлердің подъездерінің айналасына темекі тұқылын лақтыратын арнайы құтыларды (урналарды) қою және оларды дер кезінде төктіріп тазалатып отыру сол аумақты пайдаланушы пәтер иелері кооперативтерінің міндетіне жатады, — деп Салтанат Асқарқызы тұрғынның ПИК-тен заң аясында талап етуге құқысы бар екенін айтып берді.
Қоқыс қалдырмаңызшы!..
Көп қабатты үйде тұратындардың өмірі тыныш, айналасының таза болуы өзіне де, көршісіне де байланысты екені белгілі. Кейде «алыстағы туыстан жақындағы көрші артық» деген сөз мұндай үйде тұратын көршілерге қатысы жоқтай көрінеді. Оған дәлел – көршілердің Whatsapp-топтағы сөзге келген ұрыс-керістері. Біріне көршісінің шулағаны ұнамаса, бірі дәлізде қоқыс тастап кеткен көршісінің видеосын жариялап жатады.
Жалпыға ортақ тазалықты сақтамау, қоғамдық орынды ластағаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 505 бабымен (қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын, сондай-ақ қала мен елді мекен инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерді жою және бүлдіру әрекеті үшін) әкімшілік жазаға тартылады. Яғни, тиісті құрылым өкілінің жеке тұлғаларға – 20, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуына құқы бар. Демек жеке адам – 3692 х 20 = 73 840 теңге көлемінде айыппұл төлейді.
– Жалпы, дәлізде қоқыс қалдыру заң бұзу болып есептеледі. Оны көршіге ескерту қажет. Тәртіп бұзғандарды анықтау үшін дәлел жинап, қоқысты суретке немесе видеоға түсіріп алып (дәлізде камера орнатылса), қоқысты кім қалдырғанын білу керек. Полицияны немесе учаскелік инспекторды шақыруға болады. Тәртіп сақшысы көршілерден жауап алып, тәртіп бұзған адамға айыппұл салуға міндетті. Арыз түсірген пәтер иесінің шағымы негізінде әкімшілік іс қозғалады, — дейді заңгер С.Рахимова.
Майра ОРАЗҒАЛИЕВА
Коллажды жасаған Айнагүл ЖОЛДЫБАЕВА