Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

КОРОНАВИРУС және ЖҰМЫССЫЗДЫҚ: Үкіметтік делегация Атырауды аралап жүр….

Atr.kz/14 наурыз, 2020 жыл. Жұмыс орындарын сақтау және халықты коронавирустан қорғау мәселелері бойынша үкіметтік делегация Қазақстан Республикасының аймақтарын аралап жүр.

Бұл туралы, «Atr.kz» тілшісіне Атырау өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерді орындау жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов бастаған үкіметтік делегация осы күндері еліміздің батыс облыстарында жұмыс сапарымен жүр.

Делегация құрамында: Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев, Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі Қанат Бозымбаев, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Алик Айдарбаев, сондай-ақ Еңбек министрлігі, индустрия және инфрақұрылымды дамыту вице-министрлері бар.

Кеше делегация Маңғыстау және Атырау облыстарында болды. Бүгін Ақтөбе облысына келді. Содан кейін Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарына барады. Жұмыс сапары барысында Ералы Тоғжанов батыстағы үш аймақта облыс әкімдері мен мұнай-газ секторы өкілдерінің қатысуымен мұнай және мұнай саласындағы қызмет көрсету компанияларының проблемалық мәселелері бойынша бірқатар кездесулер өткізді. Кездесулерде әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыстың Қазақстан экономикасына әсері, сондай-ақ әлеуметтік-еңбек күн тәртібінің өзекті мәселелері талқыланды.​ ​

«Әлемдегі экономикалық жағдайды қиындататын ең үлкен мәселе — мұнай бағасының төмендеуі. Сонымен қатар, коронавирустық індет экономикаға кері әсерін тигізді. ОПЕК + мүшелерінің келіспеушілігі мұнай бағасының 30% төмендеуіне әкелді. Болашақта бір баррель үшін 20-40 доллар деңгейінде экономикалық дамудың сценарийі және бюджеттік параметрлердің есебі бар », — деді Ералы Тоғжанов.

Сонымен бірге, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары жиналысқа қатысушыларды әлеуметтік тұрақтылық пен ұлт денсаулығы мәселелері ел Президентінің тұрақты бақылауында және Үкімет қазірдің өзінде қажетті шараларды қабылдауда деп сендірді.

«Біріншіден, барлық әлеуметтік міндеттемелер уақытылы орындалады. Екіншіден, еңбек нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету және жұмыссыздықтың күрт өсуіне жол бермеу үшін елді мекендерді жөндеу және абаттандыру бойынша инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру үшін арнайы жол картасы жасалынуда. Бұл ретте жұмыстан босатылатын жұмысшылар мен жұмыссыздарды жұмысқа орналастыруға ерекше көңіл бөлінеді », — деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары.

Азаматтардың әл-ауқатын сақтаудың маңыздылығын атап өткен Ералы Тоғжанов жергілікті билік органдары мен жұмыс берушілерді әр аймақта әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз ету шараларын күшейтуге шақырды.


«Өздеріңіз білесіздер, мұнай-газ саласы — ел экономикасының негізгі қозғаушы күші. Халықтың әл-ауқаты үшін ең бастысы — жұмыспен қамту. Сондықтан бүгінгі таңда жұмыс орындарын сақтау және қызметкерлерге еңбекақыны уақтылы төлеу өте маңызды », — деді Ералы Тоғжанов.

Кездесулер барысында облыс әкімдері Үкімет мүшелеріне өз аймақтарындағы әлеуметтік-еңбек жағдайы туралы толық ақпарат берді.
Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Тұрымовтың айтуынша, 9 банкроттық кәсіпорында 127 қызметкерге 75,9 миллион теңге көлемінде жалақы қарыздары бар. Олардың қайтарымы банкроттық рәсімдер аясында жүзеге асырылады.

Жалпы облыста екі мыңға жуық жаңа жұмыс орындары құрылды, ал 293 726 теңге көлеміндегі жалақы республика бойынша орташа көрсеткіштен жоғары. Маңғыстау облысында атаулы әлеуметтік көмекті 2,5 мың отбасы алады.

Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовтың айтуынша, аймақтағы жұмыссыздық деңгейі 4,8% құрайды. Атаулы әлеуметтік көмек 1200 отбасына көрсетіледі. Жалпы облыста әлеуметтік тұрақтылықты сақтау үшін барлық шаралар қабылдануда. Атырау облысында жалақы 334 583 теңгені құрайды. Бұл да республикадағы орташа айлық көрсеткіштен асады.

Аман ШАМАР

whatsapp image 2020 03 14 at 17.42.13

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button