img 3199 scaled

КОРОНАВИРУС: Атыраудағы ахуал қандай?

Жаңалықтар Медицина

Atr.kz/4 наурыз, 2020 жыл.  Коронавирустық инфекцияның профилактикалық шараларын одан әрі күшейту қажет. Осы орайда облыста 1 А санаты бойынша екі адам оқшауланды. Екеуі де шетелдің азаматы.

Сондай-ақ, өзге мемлекеттен келген азаматтарды 14 күн бойы карантиндік оқшаулау мақсатында 180 кереует дайындалды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде аталған инфекцияның аймақтағы ахуалы туралы өткен баспасөз мәслихатында айтылды.

Бүгінде  короновирус тіркелген елдер жаңа критерийлер бойынша үш санатқа бөлінді. Жіктемеге байланысты осы елдерден Қазақстанға келген адамдарға қатысты эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізілуде.

«Қытай және Ираннан келгендер 1 А санатына жатады. Олар 14 күнге оқшаулану үшін стационарлық карантинге орналастырылады. Ал, 1 Б санатына Гонконг, Макао, Тайвань, Оңтүстік Корея, Жапония, Италиядан келгендер жаппай жиналатын орындарға баруды қоспағанда, үйде оқшауланады. Оларға тұрғылықты жері бойынша 14 күн күнделікті бақылау белгіленеді. Сингапур, Таиланд, Әзербайжаннан келгендер екінші санатқа жатқызылып, осынша күн бойы тұрғылықты жерінде медициналық қызметкерлердің қадағалауында болады.

Үшінші  санаттағылар – Германия, АҚШ, БАӘ, Ұлыбритания, Франция, Бахрейн, Кувейт, Испания, Малайзиядан келген азаматтар. Олар Қазақстан шекарасынан өткен күннен бастап 24 күн бойы қоңырау шалу арқылы медициналық бақылауда болады. Одан кейін барлық санаттағы азаматтар қосымша 10 күндік  бақылауда болады» дейді облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Амантай Жұмағалиев.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнафис Таңбаеваның айтуынша, елімізде, облыста коронавирус жұқпасы тіркелмеген.

«Алайда, дауасыз дерттің алдын алу – басты мақсат. Осы орайда облыста іс-шаралар жоғары деңгейде қолға алынуда» деді ол.

Аймақта шет елден келген азаматтарды 14 күн бойы карантиндік оқшаулауда 180  кереует дайындалды. Жалпы ауруханаларда инфекциялық керует саны – 185, оның ішінде 147-і балаларға арналған. Аталған жұқпа тіркелген жағдайда ауруханаларда қосымша 325 кереует, стационарларда 11 реанимациялық орын жасақталды.

Брифингте журналистер дәріханалардағы бір реттік бетперденің тапшылығы туралы сұрады.  Құзырлы орган өкілдерінің сөзінше, бүгінде дәріханаларда 8400 дана бетперде бар. Оның жетіспеушілігіне байланысты «Медфарм импорт» мекемесі «ҚазТехИндустрия»  компаниясымен 100 000 дана көп реттік қолданатын түрін алу үшін келісім-шарт жасады. Бұл наурыз айының ортасында облысқа толық жеткізіледі.

Сондай-ақ, көпшілік арасында балабақша мен мектептердегі балаларға жаппай маска киіп жүру жөніндегі  ақпараттың дәрігерлер тарапынан айтылмағандығы белгілі болды. Алайда, қоғамда көпшілік жиналған орындарға барынша бармай, дерттің алдын алу шараларын  ұстану, гигиеналық талаптарды сақтау қажеттігі айтылды.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Облыста санат бойынша  бақылауға алынған адам саны:

1 А санаты – 2 (шетелдік)

1 Б санатында – 31 (25-і шетелдік, 6-ы қазақстандық)

2-санатта – 20 (12 қазақстандық, 8-і шетелдік)

3-санатта – 175 (45-і қазақстандық, 130-ы шетелдік)

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған