«КӨРКЕЙГЕН ӨҢІРЛЕР – МЫҚТЫ ҚАЗАҚСТАН»

Кеше Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде «Көркейген өңірлер –  мықты Қазақстан» атты өңірлік форум болып өтті. Форумға ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының қызметкерлері, «Қазақстан саясаттанушылар конгресі» Республикалық қоғамдық бірлестігі мен облыстық басқарма басшылары және мәслихат депутаттары қатысты.

 

Шараны Атырау облысы әкімінің орынбасары Айгүл Әжіғалиева ашып, қонақтарды облыстың экономикалық, әлеуметтік даму жайымен таныстырды. «Экономиканы әртараптандыру, индустрияландыру бағытында аймағымызда көптеген жұмыстар атқарылуда. Өткен жылы жүздеген жаңа жұмыс орындары ашылып, бүгінде 20 кәсіпкерлік жоба жұмысын бастағалы отыр. Атыраумен шекаралас Ресейдің Астрахан облысына балық, ас-тұз өнімдері экспортталады. Әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамытуда да бірқатар жетістіктерге қол жетті», – деді ол.

Еліміздің стратегиялық даму бағыттары туралы баяндаған Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің проректоры, тарих ғылымдарының докторы Аққали Ахмет елімізде экономиканы дамытудың негізгі кезеңдеріне тоқталды.

Шараға қатысқан Атырау мұнай және газ институтының ректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор Әли Әбішев те ел дамуындағы тәжірибелер туралы айтып, өзі басшылық ететін оқу орнын университет деңгейіне көтеру бағытында жұмыстар жүргізіліп жатқандығын мәлім етті. Өндірістің өркендеуі жолында іргелі оқу орындарының алар орны айрықша екендігін айтқан ол білім сапасын арттыру мәселелерін қозғады.

ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының жетекші ғылыми қызметкері Алуа Жолдыбалина мемлекеттік қызметтегі кәсіби біліктілік тақырыбында баяндама жасады. Өңірлік форумға қатысушылардың бір тобы әлеуметтік саясат, оның басты бағыттары, қабылданған маңызды стратегиялық бағдарламалар жөнінде әңгімеледі.

Форумның модераторы «Қазақстан саясаттанушылар конгресі» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Атырау облыстық филиалының басшысы Кәрім Өтелбаев бәсекеге қабілетті экономиканы қалыптастыруда мұндай басқосулардың рөлі зор екендігін атап айтты.

Мәлике Қуанышева.

Суретті түсірген

Ә.ӘБІЛҒАЗИЕВ.

 

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз