
Көпірден секірген әйелді құтқарды
6 шілде күні Жайық өзені бойында кезекті патрульдеу кезінде Атырау облыстық ТЖД қызметкері, капитан Ернұр Клауов Тұрғын ықшам ауданы маңындағы көпірден бейтаныс әйел адамның суға секіріп кеткенін байқап, дереу құтқару қызметіне хабар береді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, құтқарушылар келгенге дейін Жайық жағалауында серуендеп жүрген тұрғындар әйел адамның көмекке шақырған дауысын естіп, өз беттерінше көмек көрсетуге тырысқан. Екі ер адам суға жүзіп барып, әйелді су бетінде ұстап тұрған.
Осы уақытта судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында рейдте жүрген Атырау облысы ТЖД Жедел-құтқару жасағының құтқарушылары Арман Бахытжанұлы мен Әсет Имашев шұғыл құтқару жұмыстарын жүргізіп, әйел адам мен оған көмектескен екі азаматты жағаға алып шықты.
Жедел әрі үйлесімді әрекеттің арқасында әйел аман қалды. Оның жағдайы тұрақты, медициналық көмекті қажет етпеді.
Мадина Серіққызы