КӨП ТІЛ БІЛГЕН КӨШ ІЛГЕРІ ЖҮРЕДІ

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингтің бұл жолғы қонағы ҚР Парламент Сенатының депутаты, жерлесіміз Сәрсенбай Еңсегенов болды. Журналистермен жүздесу «Қазақстандық қоғамды рухани-мәдени дамыту» тақырыбында өтті. Оған біз облыстық әкімдікте тікелей бейнебайланыс желісі арқылы қатынастық.

 

Атырау облысынан сайланған сенатор елдегі, қоғамдағы мәселелерге қатысты өзінің пікірін білдіріп, ойын ортаға салды. Әсіресе, оның үш тұғырлы тілге байланысты айтқаны өте қызықты көрінді.

– Бірде Оңтүстік Кореяға депутат әріптестеріммен бірге іссапарға бардық. Сонда бізді қарсы алған қазақ жігітінің іскерлігі ерекше байқалды. Сұрастырып көрсем, ол кәдімгі қарапайым ауылдың перзенті екен. Өзінің білімділігі арқасында бүгінде жеті тілді емін-еркін меңгеріпті. Оның ішінде өзінің ана тілі және орыс тілінен өзге, Үндістанның мемлекеттік және негізгі әдеби тілінің бірі – хинди тілі бар. Қазір корей тілінде сөйлей алады. Мұны мысалға келтіріп отырғаным, Елбасымыз мемлекетімізде үш тұғырлы тіл саясатын жүргізіп келеді. Оның маңыздылығын өмір көрсетіп отыр. Алысқа кетпей-ақ мына Қытайды алайықшы. Халқы миллиардтан астам, дүние жүзіндегі алпауыттардың біріне айналып келеді. Соған қарамастан көрші елдің шенеуніктері, іс басындағы азаматтары ағылшын тілін үйренуге бет бұрған, – деген халық қалаулысы бүгінде Астана тұрғындары денінің қазақ, орыс тілінен өзге, ағылшын тілінде де еркін сөйлей бастағандығына көпшіліктің назарын аударды. «Мұндай көрініс Атырау, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарының өмірінен де байқалады. Бірнеше тілді білу – қазіргі күні өте маңызды» деді ол.

Басқосуға қатынасушы журналистердің бірі «Қазақстандық қоғам рухани- мәдени тұрғыда кімді үлгі тұтады?» деген сұрақ қойды. «Әрине, ең алдымен біздің Президентіміз – Нұрсұлтан Назарбаев. Ол Қазақстан қоғамының рухани-мәдени эталоны» деп сенатор оған нақты жауап берді.

Брифингтің соңында  «Мен Атырау облысынан депутат болып сайландым. Соған қарамастан өзге аймақтарда, алыс және жақын шетелдерде жиі боламын. Қазақстанның бүгінгі қол жеткізген жетістіктері көп. Жас мемлекетімізді бүкіл дүние жүзі таниды. Мені ерекше қуандыратыны да осы» деп әңгімесін түйіндеді Сәрсенбай Құрманұлы.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз