Компанияда – жаңа басшы
«ЕмбіМұнайГаз» директорлар кеңесінің шешімімен 2017 жылдың 24 сәуірінен бастап басқарма төрағасы болып Әнуар Жақсыбеков сайланды.
— Әнуар Еркінұлы мамандығы бойынша геолог, — деп атап өтті «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ бас директоры Құрманғазы Есқазиев, — «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының геология департаментін басқарған. Өзін мамандығын жетік меңгерген кәсіби маман ретінде көрсете білді. Бүгінде «ЕмбіМұнайГаз» мекемесі алдында тұрған негізгі бағыттардың бірі – ресурстық базаны күшейту мақсатында жүргізілетін геологиялық барлау жұмыстарымен жаңа активтерді сатып алу. Бұдан басқа компанияның келешекте даму стратегиялық бағыты – өндіріс көрсеткіштерін сақтай отырып, даму жоспарын қолға алу. Сонымен қатар, тұтас ұжымда және облыс аумағында орналасқан нысандарда тұрақтылықты қамтамасыз ету.
Әнуар Жақсыбеков жаңа қызметіне тағайындалғанға дейін «ЕмбіМұнайГаз» АҚ бас директорының жаңа жобалар және технологиялар жөніндегі орынбасары лауазымын атқарды. Ал, бұрын «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-да барлау және өндіру блогында геология және геофизика департаментінің директоры, «Н Оперейтинг Компани» ЖШС-де ұлттық мұнай компаниясы атынан геологиялық барлау менеджері, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ бас директорының геология және кен орындарын игеру жөніндегі орынбасары, «Қашаған Б.В.» ФЧКОО бас директорының келешек жобалар және операциялық қызметтер жөніндегі орынбасары лауазымында болған.
Меңдібай Сүмесінов