ҚОҒАМДЫҚ ТӘРТІП КҮЗЕТІНДЕ

Кеше V шақырылған Атырау қалалық мәслихатының кезектен тыс XXXX сессиясы болып өтті. Онда депутаттар алдымен қалалық ішкі істер басқармасы жергілікті полиция қызметі басшысының лауазымына кандидатураны келісу туралы мәселені қарады.

 

Қалалық ішкі істер басқармасы жергілікті полиция қызметінің басшылығына осы кезге дейін Атырау қалалық ІІБ бас-тығының орынбасары қызметін атқарған Ерлан Биғамбаевтың кандидатурасы ұсынылып, ол депутаттар тарапынан толық қолдау тапты.

Жаңа құрылымның жаңа басшысының өмір жолы мен қызметі туралы қала әкімі аппаратының басшысы Полымбет   Хасанов хабарлама жасады. Полиция майоры Ерлан Валерийұлы 1985 жылы Атырау қаласында дүниеге келген. Ішкі істер органдарында 2004 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Ол учаскелік полиция инспекторынан бастап, әр жылдары Индер аудандық ІІБ бастығының орынбасары, қалалық ІІБ патрульдік полиция батальонының командирі, қалалық ІІБ бастығының орынбасары қызметтерін атқарған. 2004 жылы ҚР ІІМ Ақтөбе заң колледжін, 2009 жылы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін бітірген жоғары білімді заңгер Ерлан Биғамбаев өзін тәжірибелі, білікті, тапсырылған іске жауапкершілікпен қарайтын қызметкер ретінде көрсетіп келеді.

Сессия жұмысына қатысып, сөз сөйлеген шаһар басшысы Нұрлыбек Ожаев та, қалалық ІІБ бастығы Хамза Үмбетқалиев та жаңа басшыға қаладағы қоғамдық тәртіпті қадағалау, қылмыстың алдын алу, анықтау және оның жолын кесуде учаскелік инспекторлардың және жол-патрульдік полициясы қызметтерінің жұмысына басшылық ету сияқты маңызды міндеттер жүктелетіндігін айтып, оларды орындауда құрылым жетекшісіне сәттіліктер тіледі.

Б.ХАМИТҰЛЫ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз