Колледж бітіргендер жұмыссыз қалмайды
Атырау энергетика және құрылыс колледжі соңғы жылдары инновациялық ғылыми-әдістемелік қызмет аясын дамыту мақсатында өңірдегі кәсіптік білім беру мекемелерімен аймақтық және халықаралық деңгейдегі байланысты жетілдіруге ерекше мән беріп келеді. Соның нәтижесінде оқу орны Ресей федерациясының бірнеше кәсіптік білім беру ұйымдарымен бірлескен әлеуметтік келісім-шарттарға қол қойды. Қазір оқытушылар мен студенттер Астрахан, Самара қаласының және Ставрополь аймағының оқу орындарында ұйымдастырылған халықаралық деңгейдегі форум, байқауларға қатысып, кәсіби шеберліктерін шыңдау мүмкіндігіне ие болды.
Сондай халықаралық семинардың бірі «Кәсіптік білім мазмұнын жаңғыртудың инновациялық бағыттары» деп аталды. Колледжде өткен басқосуға Ресей федерациясының Астрахан қаласының мемлекеттік архитектура-құрылыс университетінің «Құрылыс және экономика» колледжі, Ставрополь аймақтық политехникалық колледжі, Ставрополь аймағының көпбейінді колледжі, Ставрополь құрылыс техникумы, Ставрополь аймағы Невинномысск қаласының энергетика техникумының және Орал қаласының политехникалық және ақпараттық технологиялар колледжінің басшылары, әдіскерлері, оқытушылары және әлеуметтік серіктес мекеме басшылары қатысып, пікірлерін ортаға салды.
Атырау энергетика және құрылыс колледжінің басшысы Нұрғали Темірташев соңғы жылдары түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші 90 пайызға жоғарылағанына тоқталды. «Көрсеткіштер дуалды оқыту жүйесіне көшудің нәтижесі» деді ол. Сондай-ақ, оқу орнындағы төрт топтың студенттері «Жерұйық тұрғын үй» кешенінде бекітілген тәлімгерлер мен өндірістік оқыту шеберлерінің көмегімен өндірістік тәжірибеден өтіп, студенттер 30 -60 мың теңге аралығында жалақысын алып тұрған.
Семинар қонақтары колледждің материалдық-техникалық базасымен танысты. Жиын соңында Ресей елінің кәсіптік білім беру ұйымдарының басшыларымен әріптестік келісім-шарты үш жылға ұзартылды.
Гүлзухра БАЙДӘУЛЕТОВА,
колледж әдіскері,
Атырау қаласы.