Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Көлікті тіркеу: бұл қалай жүзеге асады?

Atr.kz/14 ақпан, 2020 жыл. Арзан көліктің «жыры» әлі аяқтала қойған жоқ. Заңнамаға сәйкес, шет елден келген автокөлік ақпан айының соңына дейін жергілікті жерде уақытша тіркелуі тиіс. Сонан соң келесі жылға дейін утилизациялық алымын толықтай төлеп, кедендік рәсімдеуден өтуі керек. Ал, бұл үшін қандай құжаттар қажет? Қай жылғы көліктерді тіркеуге рұқсат беріледі? Утилизациялық төлем көлемі қалай өтеледі? Біз автожүргізушілер көкейіндегі маңызды сауалдардың нақты жауабын таппақ мақсатпен Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына келдік.

Көлікті тіркеу науқаны басталғалы бері бұл орталықтың жұмыс кестесі өзгерді. Енді сенбі күндері де арнайы мамандар тұрғындарды қабылдап, «темір тұлпарды» уақытша тіркеуге қоюды бастап кетті. Ал, жұмыс күндері таңертеңгі 9.00-ден кешкі 18.00-ге дейін құзырлы орган өкілдері жүргізушілерге кеңес беріп, бағыт-бағдар сілтеп отыр.

Бұл жолы да орталықтан кеңес алуға келген тұрғындардың қарасы көп. Бірі – Армениядан, енді бірі көршілес Ресейден тізгіндеп келген «темір тұлпарын» тіркеуге қатысты сауалына жауап алуда. Бәрінен бұрын, көлік жүргізушілерін бастапқы мемлекеттік алым жайы көбірек толғандырады. Өйткені, әр автокөліктің төлем мөлшері бірдей емес. «Темір тұлпар» неғұрлым ескілеу болса, оған төленетін алым мөлшері көбірек. Сәйкесінше, жаңалау автомобильдің төлемі аз.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Үкімет қаулысына сай, 1-ақпаннан 1-наурызға дейін көлікті уақытша тіркеуге қоюға болады. Бұл келесі жылдың наурыз айына дейін жарамды. Бастапқы мемлекеттік алым көліктің шыққан жылына байланысты болады. Мәселен, көлігіңіз 2013 жылы шыққан болса, оған 500 айлық есептік көрсеткіш, яғни 1 325 500 теңге көлемінде бастапқы мемлекеттік алым өтейсіз. Сонан соң, бір жылдың ішінде утилизациялық шығынды төлеп, кедендік рәсімдеуден өткізу қажет.

Бұл автокөліктің қозғалтқыш көлеміне байланысты болады. Мәселен, 1800 текше сантиметрге 923 мың теңге төлейсіз. Содан кейін кедендік рәсімдеу керек. Негізі, шетелдік көліктерді тіркеу үшін алынатын алымдардың барлығы бір мезгілде төленуі тиіс. Бірақ, қаулыға сәйкес, жүргізушілерге жеңілдік беріліп отыр, — деп түсіндірді облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының аға мемлекеттік инспекторы, полиция майоры Нұрбек Мұсағалиев.

Біз келушілерге осыны түсіндірудеміз. Әзірге көпшілігі кеңес алып жатыр. Күні бүгінде екі атыраулық (бірі – ресейлік, бірі – армениялық-авт.) жүргізуші көлігін уақытша тіркеп, «сары нөмір» алып үлгерді.

Жеңіл көліктер («М-1» категориясы, 8 орынға дейін): 2 жылға дейін – 0,25 АЕК – 663 теңге; 2-3 жыл – 50 АЕК – 132 550 теңге; 3 жылдан бастап – 500 АЕК – 1 325 500 теңге

Ал, көлікті тіркеуге қойған кезде нөмір мен техникалық төлқұжат үшін мемлекеттік баж салығын төлеу қажет. Мамандардың түсіндіруінше, мемлекеттік нөмірге – 2,8 айлық есептік көрсеткіш, яғни, 7 423 теңге, тіркеу рәсімі үшін – 663 теңге, техникалық төлқұжат үшін 3 314 теңге төленеді. Көлікті есепке қою, яки тіркеу үшін жеке куәлік, автомобильдің мемлекеттік тіркеу нөмірлері, техникалық төлқұжат (көлікті тіркеу туралы куәлік), техникалық байқаудан өткені туралы анықтама (7 жылдан аспаған көліктерге ондай анықтама алудың қажеті жоқ), көлікті сатып алғаны туралы келісімнің түпнұсқасы, көліктің салығы төленгені туралы анықтама болуы тиіс.

Егер автокөлік қайта жабдықталған немесе оған арнайы құралдар орнатылған жағдайда қосымша құжаттар қажет. Десек те, шетелден әкелінген көліктердің барлығы бірдей Қазақстанға кіргізілмейді. Тек «Еуро-4» стандартына сәйкес болғанда ғана есепке қойылады. – ҚР Инвестициялар және даму министрінің №347 бұйрығымен техникалық регламенттің стандарты бекітілген. Бұл стандарт бойынша төртінші класқа Еуропалық Одаққа кіретін елдердің автомобильдер жатады. Мысалы, Еуропа, Америка, Франция, Германия елдерінен шығарылса, онда автокөлік 2007 жылдан бері болуы қажет.

Ал, Ресей мен Жапониядан шығатын машиналар үшін 2010 жылдан жоғары болуы тиіс. Сайып келгенде, мұның барлығы көліктердің қоршаған ортаға келтіретін залалына да байланысты. Мәселен, 2001, 2003 жылы шығарылған көліктер елге кіргізілмейді, — дейді Атырау қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы Ернар Жанболатұлы. Ал, бұл стандартқа сай келмейтін көліктердің иелері заңға қайшы әрекеттер жасамауы тиіс.

Облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының аға мемлекеттік инспекторы, полиция майоры Нұрбек Мұсағалиевтың айтуынша, дұрысында, мұндай автокөліктер Қазақстан аумағынан шығарылуы қажет. Бөлшектеп сату тиімсіз. Себебі, шетелден көлік кіргізгеннен кейін міндетті түрде кедендік төлем алынады. Сондықтан, мұны да ескеру керек.

Сонымен қатар, оң жақ рөлді көліктерді де елге кіргізуге рұқсат берілмейді. Күндіз қосылатын шамдардың, балалар креслосына арналған ISOFIX бекіткішінің, қауіпсіздік көпшігінің, иммобилайзердің, тежегіштің бұғатталуына жол бермейтін жүйенің болмауы (ABS), көліктен шығатын газдарды нейтрализациялау жүйесінің жұмыс істемеуі автомобильді елге кіргізуге кедергінің қатарына жатады.

Түйін

  • Қалай десек те, шетелдік автокөлікті жергілікті жерде пайдалану үшін тіркеп, қазақстандық нөмір алу қажет. Сырттан әкелінген ескі көліктердің қоршаған ортаға тигізетін зиянын айтпағанның өзінде «бөтеннің» мүлкін тұрақты қолдану үшін барлық шығындарын өтеп, өзімізге есепке қоюымыз керек. Мәселен, сіз өмір бойы бөгде біреудің немесе көршінің шарбағында емінеркін жүре алмайсыз ғой. Сол секілді шетелден алған «темір тұлпарды» да тіркегеніңіз жөн. Ал, қозғалтқыш көлемінің қуаты 3-тен асатын көлікті «күнкөріс үшін әкелдік» дейтіндерге сену қиынырақ болып тұр. Себебі, қозғалтқыш көлемінің қуаты неғұрлым ауқымдырақ көліктер жанар-жағармайды да көбірек қажетсінбей ме? Сіз қалай ойлайсыз?

Айбөпе САБЫРОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button