КӨКӨНІСТІ ӨҢДЕУ ЖӘНЕ ҚҰТЫЛАУ ЦЕХЫ
— Көріп тұрғандарыңыздай, бұдан былай көкөніс дақылдары өз жерімізде өсіріліп қана қоймай, өңделіп, құтыланып, дайын өнім күйінде тұтынушыларға ұсынылады. Бұл – еліміздің «Жаңа индустрияландыру» картасы аясында жоспарланып, іске қосылып отырған бірегей жоба. Сондықтан, оның берерінің мол, болашағының зор екендігіне сенімдімін, — деді Бақтықожа Салахатдинұлы.
Жобаның қатысушылары «Феликс» шаруа қожалығы мен «Атырау» ӘӘК ҰК» АҚ, басқарушы компания – «АтырауАгроФеликс» ЖШС болып табылады. Мердігер мекемелер – «Әлім-ГазАтырау» және «СаматҚұрылыс» ЖШС-тері, ал, жобалаушы кәсіпорын – «Полиграм» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Жобаның сметалық құны 825 млн. теңгені құрайды.
Басқарушы кәсіпорынның басшысы Енисей Юннің мәлімдеуінше, жаңа цех толықтай іске қосылғанда, мұнда жылына 75 мың дана құтыдағы өнім мен 370 мың тонна көкөніс салаты дайындалады. Шикізат күйіндегі және дайын өнімдер сақталатын екі бірдей қойма (жалпы сыйымдылығы 8 мың тонна) бар. Одан бөлек, құтыға салынатын және салат түріндегі өнімдер әзірленетін бөлімдер жұмыс жасайды. Әкімшілік ғимараты мен дайын тауарлар сатылатын сауда орны да осында орналасқан. Ең бастысы, өңделетін негізгі шикізат – қырыққабат, қызанақ, қияр, сәбіз, қызылша, баклажан, т.б. көкөніс дақылдары да «Феликс» шаруа қожалығының егістік алқабында өсіріліп, сапалы күйінде осында жеткізіледі.
Қазір кәсіпорында 25 адам еңбек етеді. Келешекте атқарылатын жұмыс ауқымы мен қажеттілігіне қарай жұмысшы-қызметкерлердің саны көбеюі де ықтимал. Заманауи үлгідегі технологиялар Астрахан қаласындағы «Промхолод» өндірістік кооперативінің зауытынан жеткізіліп, жайғастырылған.
Айтпақшы, пайдаланылатын көкөністер мен өндірісте қолданылатын компоненттердің құрамына байланысты цехта оннан астам өнім түрі дайындалатындығына куә болдық. Және әрбір банкі мен құтының сыртына ондағы тауардың салмағы мен құрамы, тағамдық және энергетикалық құндылығы, пайдалылығы мен тиімділігі анықталып жазылған. Ең маңыздысы сол, «Қазақстанда жасалған!» отандық өнім болып табылатындығы атап көрсетілген.
Дәулетқали АРУЕВ.
Суреттерді түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.