ҒАЛЫМҒА ҚҰРМЕТ

Атырау облысының Құрметті азаматының қатары жаңа есіммен толықты. Белгілі ғалым, жерлесіміз Нығметолла Асанов бүгінде абыройлы атаққа ие болып отыр. Осыған орай сейсенбі күні облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов марапат иесін арнайы қабылдап, құрмет көрсетті. Құрметті атақ белгісін облыстық мәслихат хатшысы Сағындық Лұқпанов табыстады.

Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтының түлегі Нығметолла Асанов жастайынан ғылыми ортаға танылды. Кезінде екінің бірінің қолы жетпейтін Лениндік стипендияны иеленді. Оның жетекшілігімен жүргізілген зерттеулер ветеринария саласындағы тың бастамаларға жол ашқан еді. Бұл, өз кезегінде, өнім сапасының артуына, биологиялық қауіпсіздіктің қамтамасыз етілуіне себепші болды. Ғалымның ғылыми еңбектерінің негізгі бағыты адам мен жануарларға ортақ аса қауіпті жұқпалы ауруларды зерттеу, оның алдын алу жұмыстарының бағытында өрбіді.

– Н.Асановтың баспа бетінде 200-ден астам ғылыми, әдістемелік еңбегі жарық көрген. Олардың ішінде 8 оқулық, 22 оқу құралы, 1 монография, 4 электронды оқулық және 14 патенттік еңбек бар. Әсіресе,  білім беру жүйесінің үш саласында жазылған оқулықтарды ерекше айтуға болады, – деді облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлы.

Атырау қаласында туып-өскен ғалымның еңбегімен бүгінде жас толқын өкілдері қанығуда. Еліміздің Білім және ғылым министрлігінің бекітуімен 2010 жылы баспадан шыққан «Биология» оқулығы орта мектеп оқушыларының 10 сыныбына арналған. «Эпизоотологияны» колледждегілер оқыса, жоғары оқу орнының ветеринария мамандығының студенттері ағамыз жазған «Індеттану және микробиология негіздері» еңбегінен тәлім алады. Нығметолла Асанов кезінде Бүкілодақтық ветеринариялық вирусология зертханасының бөлім меңгерушісі болды. Сол құрылымның кәсіподақ комитетінің төрағасы, сырттай оқу бөлімі деканының орынбасары қызметтерін атқарды. Ғалымның басшылығымен бір кандидаттық, үш магистрлік диссертация қорғалды. Бұл жұмыстар қазір де жалғасын тауып жатыр. Жерлесіміздің еселі еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ол 2009 жылы Білім және ғылым министрлігі тағайындаған «Жоғары оқу орнының үздік ұстазы» грантының иегері. «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» арнайы белгісімен де марапатталды.

– Туған жер кім-кімге де өте қымбат. Ендеше, Атырауым да мен үшін ерекше ыстық. Бүгінгі күні азды-көпті еңбегімді ескеріп, үлкен құрмет көрсетіп жатқан жерлестеріме, облыс басшылығына жүрегімнен шыққан алғысымды айтамын, – деді Нығметолла Асанов.

Азамат  БАЗАРБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз