ЖаңалықтарҚоғам

Тұңғыш рет Атырауда «Бота палуан» батыс аймақтық жарысы өтті (+ФОТО)

Atr.kz/ 29 наурыз, 2019 жыл. Өрісі малға, қойнауы кенге толы Индер ауданының  «Дендер» қоғамдық-саяси  газетіне биыл 85 жыл толып отыр. Аудан айнасының осынау мерейтойына орай Атырау қаласындағы №1 мамандандырылған балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде (МБЖСМ) газет жүлдесі үшін қазақ күресінен тұңғыш рет кіші жасөспірімдер арасында «Бота палуан»  батыс аймақтық ашық турнирі өткізілді.

Ауданның күнделікті тыныс-тіршілігін жүйелі түрде қағаз бетіне қаттап жұртшылыққа ұсынатын газеттің ең алғашқы номері сонау 1934 жылы «Социалистік мал шаруашылығы» атауымен басылып шығып, одан әрі «Коммунизм туы», «Индер» аталған басылым 1994 жылдан «Дендер» болып шығып келеді. Аудан  жаңалықтарын жинақтап, өңірдің  таңдаулы адамдарын, олар атқарған игі істерді жария етуді игі дәстүріне айналдырған басылым бүгінгі күні көзі қарақты қалың оқырманының сүйікті  газетіне айналған.

Газет жүлдесіне арналған  турнир өтетін спорт кешені шараға сәйкес арнайы безендіріліп, алаңның төріне орнатылған ақ шаңқан киіз үйде келушілерге ұлттық тағамдар мен сусындар ұсынылды. Сондай-ақ, жарысты тамашалаушылар назарына  газеттің шығу тарихынан сыр шертетін фотоальбомдар мен байырғы журналистер қолданған жәдігерлер топтамасынан шағын көрме қойылды.

Екі күнге созылған «Бота палуан» жарысына өңіріміздегі жеті аудан мен қала спортшыларынан бөлек көршілес Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарының жас палуандары да келді. 200-ден астам саңлақтың басын қосқан доданың салтанатты ашылуында Индер ауданының әкімі Мейірім Қалауи, облыстық қоғамдық кеңес төрағасы  Мұрат Өтешев, Қазақстан Жазушылар одағы Атырау об­­лыстық филиалының директоры Қойшығұл Жылқышиев, Азия құрлығының Қазақ күрес федерациясының бас хатшысы  Рафаэль Хабиров, жеке кәсіпкер Алтынбек Нысанғалиевтер сөз алып, жарысқа қатысушыларға сәттіліктер мен жеңістер тіледі.

20190328195408 68914

Шара барысында Қазақ күресі федерациясының өкілі  турнирді өткізуге мұрындық болған Индер ауданы әкімі Мейірім Қалауиге  әкімнің есімі жазылған күрес кимоносын табыстаса, жеке кәсіпкер Алтынбек Нысанғалиевке Азия құрлығының Қазақ күрес федерациясының президенті Серік Кененбай атынан «Қазақ күресінің дамуына қосқан үлесі үшін» атты төсбелгісін кеудесіне тақты.

Осыдан соң кешенге жайылған қос боз кілемге бота тірсек бозбала балуандар шығып, сегіз салмақта өзара бәсекелерін бастады. Жарысты тамашалаушылардың делебесін қоздырған тартысты әрі қызықты белдесулер нәтижесінде Жәнібек Нәренов (35 кг, №1 МБЖСМ), Нұрзат Қуаныш (38 кг, №1 МБЖСМ), Төрехан Төреғали (42 кг, Атырау), Төреәлі Сағатқалиев (46 кг, Қызылқоға), Диас Қайыр (50 кг, Қызылқоға), Өміржан Байболат (55 кг, Қызылқоға), Думан Маратов (60 кг, Атырау), Айдар Батырхановтар (+60 кг, Индер)  өз салмақтарында «Бота палуан» атанып, әр салмақтағы барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге  медальдар, бағалы сыйлықтар табысталды.  

Мұратбек ЖАҢАБАЙ

20190328195434 59343
20190328195507 59447

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button