Көненің көзі азайып барады

konenin kozi 1 Қоғам

Қазір ел ішінде ескі қисса-дастандарды жатқа соғып, жырлап бермек түгілі, елдің өткен шежіресі мен жер-су аттарының тарихын түгендеп, мағыналы әңгіме өрбітетін қариялар да некен-саяқ. Сұрай қалсаңыз, көпшілігі әңгіме төркінін өзінің жеке басына, әулетінің шығу тегіне қарай жетелей жөнеледі. Бірақ жақсылап ойлап қараған зерттеушіге әр адам өзі арқылы тарихтан сыр шертеді. Олардың ғұмырнамасынан бір ауылдың немесе бір ауданның тарихын танып, өткен дәуірдегі тыныс-тіршілігін тап басуға болады.

Жақында Мұрат Мөңкеұлының 180 жылдық мерейтойына орай Атырау облысының аудандарына ұйымдастырылған тарихи-этнографиялық экспедицияның мүшелері осындай ұйғарымға келген. Экспедиция үшін Алматыдан арнайы шақырылған белгілі әдебиеттанушы-ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, жерлесіміз Мақсат Тәж-Мұрат облыстық бұқаралық ақпарат құралдарына берген баспасөз мәслихатында осындай тұжырым жасап, кейбір беймәлім жайттарды да алға тартты.

Кешенді зерттеу келешек үшін керек

Зерттеу ісіндегі мұндай көзқарас шетелде кеңінен таралған. Айталық, бір тарихи аумақтың түп-төркініне үңілу үшін оны кешенді түрде зерттеу әдісі қолданылады. Ол жердің адамдарын сөйлетіп қана қоймай, табиғаты, биологиялық ерекшелігі, қасиетті жерлері, этнографиясы мен фольклоры, басқа да мәдени-тарихи ескерткіштері мен өнер саласы жан-жақты қарастырылады.

Сонда барып тұтас бір аумақ туралы тарихи-танымдық тағылымды еңбек жазып, құнды дүние дайындауға мүмкіндік бар. Шамасы, Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің бастамасымен Мұрат Мөңкеұлының 180 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған тарихи-этнографиялық экспедиция осындай мақсатты көздесе керек. Жақында өз жұмысын аяқтап оралған этнографиялық ұжымның қорытынды басқосуынан осыны аңғарғандай болдық.

Журналистер алдында сөз алған облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры, гуманитарлық ғылымдар магистрі, экспедиция жетекшісі Мұхамбетқали Кипиевтің айтуынша, экспедиция өз жұмысын 22 маусым күні Жылыой өңірінен бастапты. Бір сөзбен айтқанда, Жайық өзенінің бұқар бетін қамтып, жергілікті тарих, фольклор, жер-су және елді мекен атаулары, әншілік, жыршылық өнерді зерттеп қана қоймай, мешіт-медресе ұстаған дінбасылар мен емшілік қасиетімен танылған сынықшы, әулие бабалар жайлы да мағлұматтар іздестіріп, тұрғындардың қолындағы өткен дәуір жәдігерлерін жинастыруды да мақсат тұтты.

konenin kozi 2

Экспедиция құрамында Мақсат Тәж-Мұратпен бірге Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің тарихшылары мен музей мамандары болды. Олар аудандар мен ауылдық округ әкімдерінің қолдауымен әрбір елді мекенге төрт-бес күнін арнап, ауылдың шежірелі қарттарымен, қолөнер шеберлері, төрт түлік өсіріп, оның өнімінен көне тәсілмен ұлттық тағам түрлерін әзірлейтін әйел-аналармен әңгімелесіп, көне атауларын сақтап қалған Иманқара, Қойқара, Ақкерегешың, Досының ағы сынды тарихи орындарды да аралады.

Ауылдан шыққан қайраткерлер

Өкінішке қарай, Атырау аймағындағы кейбір өңірлердің көне атаулары кешегі келмеске кеткен кеңес өкіметі кезеңінде өзгеріске ұшыраған. Мәселен, Мақсат Тәж-Мұраттың айтуынша, жергілікті жұрт «13-ауыл» атап кеткен елді мекеннің ежелгі атауы Қоскөл еді.

– Ол жерде өткен ғасырдың 30-жылдарында «Ортақшыл» артелі құрылып, кейін «Зауральный» кеңшарының орталығы болды. Ал тәуелсіздік алған жылы неге екені белгісіз, ауыл «Ортақшыл» аталып кеткен. «Неге Қоскөл емес?» деген заңды сұрақ туындайды. Рас, ондағы оқу ордасы «Қоскөл орта мектебі» деп аталады. Бірақ, бұл атау ауылға да берілуі тиіс еді ғой. Өйткені, мұның астарында тарих жатыр емес пе?! «Ортақшыл» деп Голощекиннің ұжымдастыру саясатына байланысты құрылған артелдің атын таңғанда не ұтамыз?! Жергілікті жерде жер-су атауларына байланысты осындай қайта қарайтын мәселелер бар екен, – деп өз тұжырымын айтқан ғалым тағы бір мәселенің ұшығын шығарды.

– Махамбет ауданының 8-ауылынан Ғұбайдолла Бердиев деген мықты алашордашы шыққан. Ол Қазан университетін үздік бітірді, Бақытжан Қаратаевпен бірге тұңғыш қазақ кадет партиясын құруға атсалысты. Өкініштісі сол, осындай тұлғалар есімі ел ішінде ескерусіз қалып жүр. Айталық, Ғ.Бердиев атында осы ауылда көше ғана бар. Бұл аз десеңіз, 5-ауылда Абдолла Қожаров деген алашордашы тұрған. Ол орыс-қазақ мектебі мен Омбы семинариясын бітірген, көзі ашық, көкірегі ояу, өткен ғасырдағы халқымыздың зиялы қауым өкілдерінің бірі. Өкінішке қарай, жергілікті жұрт ол кісі туралы білмейді. «Алтынның қолда барда қадірі жоқ» деген осы!.. Сонда өскелең ұрпақ тарихи тұлғаларымызды қалай, қайдан танымақ?! Есімін еңбектеген балаға дейін жатқа білетін өзге белгілі тұлғалардың атын ауыл көшелеріне рет бойынша таңа бергенше, неге осындай жергілікті жерден шыққан алаш азаматтарын ақтаңдақтан аршып алып, жарқ еткізіп жарыққа шығармасқа?! – деп сөзін сабақтады Мақсат Әнесұлы.

Экспедиция мүшелері бұл сапардан кейін осындай рухани құндылықтарды толықтыратын өзекті мәселелерді кеңірек зерттеу керек деген тоқтамға келді.

Көне домбыраның сыры

Экспедиция сапарынан осындай ой түйіп оралған зерттеуші топ, әрине, аудандардан құр алақан қайтқан жоқ. Ауыл тұрғындарының үйінде сақталған көптеген ескі дүниелерді өздерімен бірге ала келіпті. Олардың біразы сол күні журналистер алдында музей жәдігерлері ретінде таныстырылды.

Қарап тұрсақ, басым бөлігі – кеңес дәуірінде тұтынып, пайдадан қалған заттар. Бірақ, бала кезден жақсы таныс болғасын ба, көпшілігі көзге оттай басылды. Біразын музей қызметкерлері ауылдағы қора-қопсының артқы жағын, шаң басқан шоланның ішін ерінбей-жалықпай қарап жүріп, өздері тауып, иелерінің рұқсатымен алған. Себебі, олар ертеңгі ұрпақ үшін өткен заманның тынысынан сыр шертетін тарихи құнды ескерткішке айналып бара жатқаны анық.

konenin kozi 3

Мәселен, кеңестік кезеңде қолданылған қабырға сағаттары, пластинкалы радиоқондырғы, антеннасы бар, қолға ұстайтын шағын теледидар, магнитофон, дыбыс күшейткіш сынды құрылғыларды бүгінгі дәуірдің балалары өңі түгілі түсінде де көрген жоқ. Тіпті, кәдімгі ырдуан арбаның ағаш дөңгелегі, шөп суырғыш, шаппа, темір тұсау мен көсеу, орақ, су таситын иінағаш, шәйнек пен мосы, қазық, су құтысы, кеңес тиындары сынды заттар ауылдарда өткен ғасырдың аяғына дейін қолданылып келді емес пе?!

Олардың арасында сол заманда пайдаланылған ескі күртелер, жағалы тондар мен жауын-шашыннан қорғайтын малшының күпәйкесі мен резеңке етігі де тұр. Соңғысы 1993 жылы нөсерлі жауыннан ыққан отар-отар қойды қайырамын деп айдалада адасып, көз жұмған жылыойлық қойшының киген киім-кешегі екен.

Экспедицияның басты олжасы – қазақтың көне домбырасы. Оны Қызылқоға ауданының Жангелдин ауылындағы мектептің мұражайына Жәрдем Есенжан есімді тұрғын тапсырған екен. Бұл аспап нағашы атасы – Сақып ұстаның ағаштан ойып жасаған бұйымы көрінеді. Жәдігерге қатты қызыққан экспедиция мүшелері Миялы орта мектебінің директоры Райса Қанатқа қолқа салып, иесінің рұқсатымен ала келіпті. Соның арқасында ол облыстық тарихи-өлкетану музейінің қақ төрінен орын алды. Қос ішегі болмаса да, домбыраның негізгі сұлбасы жақсы сақталған. Соған қарағанда, ол ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында қолданылған болуы мүмкін.

Ал, ескі араб қарпімен жазылған кітаптарды экспедицияға Жылыой ауданының Тұрғызба ауылынан зейнеткер Бозай Қарамолдиев табыс етіпті. Оның айтуынша, әкесі Амандос Тілеубергенов молда болған кісі екен. Шамасы, кеңес өкіметінің қылышынан қаны тамып тұрған дәуірде де тақуалығын тастамаған иманды жан көне кітапты көзінің қарашығындай сақтап келсе керек.

Тағы бір құнды дүниенің бірі – кәдімгі күбі шелек. Ағаштан жасалған осы ыдыспен шұбат дайындап отырған шалғай ауыл әйелін де кезіктірген. Үй иесі құртқашаш деген шөппен ыстап, осы күбі арқылы түйенің сүтін ашытып, шұбат әзірлейді екен. Қазақтың қарапайым ғана түйенің сүтінен өнім өндіру тәсілін көріп тәнті болған экспедиция мүшелері оның әдісін әлгі әйелге баяндатып, бейнетаспаға да түсіріп алған. Жалпы шұбат үш түрлі әдіспен дайындалады. Олар – пісірілген, шикілей және ысталған күйінде жасалады. Әсіресе, ысталған түрі өте пайдалы көрінеді. Экспедиция осы тәріздес ұлттық тағам түрлерін дайындау тәсілдерін көріп қана қоймай, жергілікті халықтың көне замандағы сабын әзірлеу әдісін біліп, мал ауырғанда қолданған түрлі ем-дом түрінен де хабардар болып қайтты. Соның бірі – алабота мен қарабарақ деген шөпті қайнатып, малдың майын қосып, кір сабын дайындаудың қарапайым технологиясы.

konenin kozi 4

Этнографиялық экспедицияның сапары барысында кездескен осы тектес құнды деректер мен қызықты жайттар жайлы музейдің бас қор сақтаушысы Бақтыгүл Хасанова мен жалпы ғылыми зерттеуді қамтамасыз ету бөлімінің этнограф маманы Нұргүл Қамиевалар әсерлі әңгімелеп берді.

Жалпы экспедиция өзінің көздеген мақсат үдесінен шықты. Ал, Жайықтың самар бетіне арналған келесі сапар, яғни Исатай мен Құрманғазы аудандарын аралау келер жылға жоспарланған. Бұл жөнінде ғалым, эссеист Мақсат Тәж-Мұрат мәлім етті.

Ербол ҚОШАҚАНОВ                

Фото автордікі

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз