apraoa

Кім кезеді қаруды киіктерге?

Жаңалықтар СарапTime Экология Қоғам

Atr.kz/21 қаңтар, 2020 жыл. Бұдан бұрынғы мақаламызда ақбөкендердің Атырауды мекен етпейтінін айтқан едік. Расында да, солай. Бірақ, қыс қатты болып, қар қалың түскен жылдары көршілес Батыс Қазақстан өңірінен бері беттейді екен. Табиғаттың тарпаң мінезінен жан сауғалап, осылай ойысқанда алдынан қару кезеп адамдар да шығады.

Осындай ахуал алдыңғы жылы да орын алыпты. Былтыр да бірнеше мәрте қылаң берген. Жалпы, мамандардың айтуынша, республикада киіктердің ең көп мекендейтін өңірі Батыс Қазақстан облысының Ақжайық маңы көрінеді. Мұнда бұдан бірер жыл бұрынғы есеппен 135 мың ақбөкен бары анықталған. Еліміздің бес облысын қамтитын Бетбақдаланың өзінде олар 76 мың шамасында қалған.

Рас, мұндағы түз жануарлары ілгергі уақыттағы тосын дерттен жаппай қырылды. Үстірт үстіндегі киіктер саны 3,7 мыңнан аспайды. Сонда тұтас еліміз бойынша олар небәрі 215,1 мың ғана екен. Бұл, ғалымдардың пікірінше, тым аз.

Ал, көршілес облыстың құқық қорғау органдары жүргізген шаралар нәтижесінде өткен жылы заңсыз киік аулаумен және оның мүйіздерін сатумен шұғылданған 55 адам сотталыпты. Солардың жетеуі әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айырылып, түрмеге түскен. Ең сорақысы – Батыс Қазақстан облысындағы аңшылардың осында да серіктестері болуы.

Өйткені, сол жақтағы қатал қыстан үдере көшкен киіктер бізге ауысыпты. Былтыр атыраулық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы осындай бір қылмыстық істі тіркеген. Жалпы, Қазақстанда, Ауыл шаруашылығы министрлігі бойынша бекітілген бұйрыққа орай, бір бас киіктің құны 3,7 млн. теңгеге бағаланады. Едәуір ақша. Алайда, соны өндіру оңай емес. Табиғатқа миллиардтаған теңге залал келтірілгенімен, соның бірнеше миллионы ғана өтеледі.

Рас, ақбөкендерді заңсыз аулағандар мен олардың мүйізін сатқандар Қылмыстық кодекстің 337 және 339-баптарына сәйкес жеті жыл мерзімге бас бостандығынан айырылуы ықтимал. Бірақ, соған дейін едәуір қаржы жинап алатыны ақиқат. Өйткені, Оңтүстік Азия елдерінде бір келі киік мүйізі өте көп ақшаға саудаланады. Осылай оңай олжаға кенелгендер айылын жимайды. Бастарын бәйгеге тіксе де, бұл істі әбден кәсіпке айналдырған. Оған кейде қызметі бойынша осы байлықты қорғауға міндетті кейбір инспекторлардың да араласып кетуі сондықтан. «Алтын көрсе, періште жолдан таяды» деген осы ма екен?

Кеңестік кездегі кейбір көрініс еске түседі. Киіктердің тым көптігі соншалық мемлекет тарапынан аңшылар тобы құрылып, жаппай ататын. Сөйтіп, етін тұрғындарға сататын. Оның сыртында кейбіреулер өздері аулап жатады. Кесілген бас далада қалатын. Мүйізін сыртқа асыру жөнінде әңгіме айтылмайтын. Оның емдік қасиеті кейін белгілі болды. Құралайды жаппай қыру содан соң басталды. Енді мүйізі жиналып, еті қажет саналмады. Ақшаға аңсары ауғандар мұның обал екенін де ескермеді. Сахара сұлуының мүйізі негізінен іргелес Қытайға тасылып жатыр.

Кейбір деректерге қарағанда, бізде мүйіздің бір килосы 100-150 мың теңге төңірегінде десек, Аспан асты елінде 1800-2500 долларға саудаланады. Бұдан да биік бағаны айтушылар бар. Өйткені, сұраныс жоғары. Тибет медицинасы емдік шараларға жылына сегіз тонна мүйіз пайдаланады. Қытайлар қазақ даласында киік таусылуы мүмкін деген қауіптен қам жасағаны ма екен, қазір қоймаларына 80 тонна мүйіз сақтап қойыпты. Мынадай қынадай қырғынмен, расында да, бізде тігерге тұяқ қалмауы ықтимал.

Енді нендей амал жасаған жөн? Киіктерге қару кезегендерге қалай тосқауыл қоямыз? Әрине, тыйым салатын заң бар. Қолға түскендерге көп көлемде айыппұл салынады, мүлкі тәркіленеді. Темір торға да тоғытылып жатыр. Бірақ, мұны әбден кәсіп еткен кәнігілер бұған айылын да жимайды. Осы орайда кейбіреулер киік аулауды науқанға айналдыру қажеттігін ұсынады. Яғни, оған белгілі бір кезеңде рұқсат ету керек. Адам баласының тыйым салынған нәрсеге құштар болатыны белгілі ғой.

Оның үстіне, киік еті дәмді екені де жасырын емес. Денсаулыққа да пайдалы деседі. Егер қолданыстағы заңға өзгерістер енгізіп, басқа аң-құстарды аулау секілді бұларға да мерзім тағайындаса, онда қазіргідей қырғынның алдын алу мүмкін бе еді? Мұнда да лақтарын туып, өргізер уақыты ескерілуі тиіс. Мұны тілге тиек етіп отырған себебіміз, Үкіметтің 2012 жылғы 25 шілдедегі №969 қаулысымен киіктерді атуға рұқсат етілмегенімен, оның мерзімі биыл бітуі керек. Тыйым одан әрі жалғаса ма, әлде түрлі толықтырулармен жұмсартыла ма?

Мәселен, сонау 1920 жылы да ақбөкендерді аулау заңмен тоқтатылған-ды. Сол тыйым 1960 жылға дейін созылған. Арадағы қырық жылда киіктер саны екі миллионға жетіпті. Ен далаға симай, егінге түсе бастаған. Ал, қазір, жоғарыда айтқанымыздай, екі жүз мыңнан аз-ақ асып жығылады. Сондықтан, рұқсат бола қояр ма екен?

Оның үстіне, Парламенттің кейбір депутаттары киіктерді қорғау жөнінде бөлек заң қажеттігін айтып жүр. Дала маралы көлденең де көп шығынға ұшырайды. Оған жыртқыш аңдар да тіс батырады. Иә, бұл – табиғаттың заңы. Күштісі әлсізін азық етеді. Ал, 2015 жылдың мамырындағы оқыс оқиғаны немен түсіндіреміз?

Қостанай жағында отыз мың шамалы киік қырылды. Оны соңғы ширек ғасырдағы ең ірі апатқа балағандар да бар. Белсенділердің бір тобы тосын жайды Байқоңырдан ұшырылып, әуеде жарылған «Протон-М» зымыранымен байланыстырды. Яғни, содан жан-жаққа жайылған улы қоспа жануарлардың жайылымын бүлдірген.

Бірақ, ресми комиссия мұны жоққа шығарып, белгісіз дерттің белең алуы ықтималдығын алға тартты. Ақыры, солардың сөзі басшылыққа алынып, басқа себеп сырылып тасталды. Арада өткен бес жылда мұндай ештеңе бола қоймаған соң кейбіреулер ұмыта да бастаған. Тек тағы қайталанбасын деңіз. Айтпақшы, осы оқиғаға орай республикада бірнеше ақын көзден жас ағызарлық өлең жазған-ды. Қайқайсысы да жан тебірентерлік болатын. Ал, Ықыластың ықылым заманда «Жезкиік» күйін тартқаны тарихтан мәлім.

Қуаңшылық орын алып, өзен-көлдер тартылып, республикада жер тозуы ұлғайған кезде киіктердің еркін жайылатын өрісі де тарылып келеді. Олар бұрын Жылыой ауданындағы Бәлиорпа биігінде кездесетін. Нарын мен Тайсойған құмында да ұшырасатын. Қазір мамандар солардың көрінбей кеткеніне алаңдайды. Осыған орай ақбөкендердің мекенін қолдан қалыптастыру қажеттігін айтушылар да бар. Мәселен, Ақмола облысы мен Ақтөбе аралығына табиғи парк орнатса ше?

Осы ен аймақты қадағалауға алса, браконьерлер де қол сұқпас еді. Киіктер де тұрақты бақылауда болып, тосын дертке ұшырамайды. Ең бастысы, олардың мүйізін өзіміз пайдалануға жағдай жасалады. Расында да, еліміздің фармацевтикалық өндірісі одан емдік дәрілер дайындауға дәрменсіз бе? Ақбөкендерді атып өлтірмей-ақ, ұйықтатып тастау арқылы мүйізін кесіп алса қайтеді?

Бұдан олардың саулығына нұқсан келмей ме? Қазір мұндай пікір айтушылар да бар. Қайткенде де, бұл бағытта сең қозғалып жатыр. Киіктерді қорғау жөнінде арнайы заң шығарылса, мемлекеттен қажетті қаржы бөлінсе, қолға алынып та қалар.

P.S.

Далада көп жүрген жан жақсы біледі, ақбөкендер еш уақытта жолын кестірмейді. Жүйткіген көліктің алдын орап өтіп, бағытымен тарта береді. Ал, адамға қарағанда көзінің мөлдірлігін тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Қазақтың қыздарына «Құралай» деп ат қойғаны осы сұлулықты жүрегімен түйсінгені шығар. Ендеше, киіктерге қару кезенген қаныпезерлер қайдан шығып жүр?

М.БАЕВ

Тағы оқыңыз:

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған