Киелі киікті қалай қорғаймыз?
«Киік-2024» табиғатты қорғау акциясы 1-31 желтоқсан аралығында өтеді. Мұндағы мақсат — киік популяциясын қорғау және олардың санын көбейту, браконьерлерге қарсы күресті күшейту мен құқық бұзушыларға қатаң жаза қолдану. Аталған науқанға байланысты құзырлы органдар баспасөз-мәслихатын ұйымдастырды.
-Биыл облыста жануарлар дүниесін қорғау саласына қатысты 83 құқықбұзушылық анықталды. Жыл сайын облыс аумағында уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп, жойылып бара жатқан киіктерді атудың жолын кесу, олардың өнімдерін заңсыз дайындаумен, сатумен айналысатын тұлғаларды анықтауға бағытталған «Киік» және «Браконьер» жедел алдын алу іс-шарасы ұйымдастырылады. Жүргізілген жұмыстың нәтижесінде облыс аумағында бірнеше құқықбұзушылық анықталып, 335 дана киік мүйізі, 7 тіркелмеген тегіс ұңғылы аңшы қаруы тәркіленді, — деді полиция департаментінің табиғат қорғау полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Нұрлыбек Қанатов.
Ал, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы Мереке Шалхаровтың айтуынша, Қазақстанда киіктердің Бетпақдала, Орал және Үстірт секілді 3 популяциясы мекендейді.
-Соңғы жылдары киіктердің саны өсіп келе жатқанымен, браконьерлік, табиғи апаттар мен киік мекендейтін жерлердің азаюы сияқты қауіп әлі де өзекті болып отыр. Дегенмен киіктерді аулау, оларға қатысты қылмыс саны өткен жылмен салыстырғанда азайған. Былтыр 7 қылмыстық іс тіркеліп, сотқа жолданып, нәтижесінде 6,5 млрд. теңге, ал биыл тіркелген қылмыстың 4-еуі сотқа жолданып, 283 млн. теңгеге жуық қаражат мемлекет пайдасына өндірілді. Ал қалған екеуі тергеліп жатыр , — деді ол.
Жалпы, киіктердің ең көп популяциясы Батыс Қазақстан облысында шоғырланған екен. Бұл туралы брифингте «Охотзоопром «ӨБ» РМҚК бас директордың орынбасары Бақтияр Рамазанов егжей-тегжейлі айтты.
-Қыста ауа райының салқындауына байланысты киіктер көші-қонын ауыстырып, бүгінде Атырау облысына қарай бағыт алды. Сол себепті біздегі арнайы жасақ топтары күшейтіліп, осы жаққа жұмылдырылуда. Жалпы киіктің таралымын бақылауға 225 инспектор,150-ге жуық көлік жұмылдырылды. Сонымен қатар жұмыстарды жеңілдету мақсатында мемлекет тарапынан жол талғамайтын көліктер берілді, — деді Б.Рамазанов.
Майра ЕРҒАЛИ
Сурет: ortcom.kz