КЕСАРЬ тілігінің КЕСІРі

estestvennyie rodyi Жаңалықтар

Atr.kz/27 тамыз, 2019 жыл. Бүгінде сәбиді табиғи жолмен емес, кесарь тілігі арқылы өмірге әкелудің саны артты. Бұл хирургиялық отаға жиі жүгінудің себебі неде? Ана денсаулығы үшін қауіпті саналатын бұл әдістің алдын алуға бола ма?

Жедел және жоспарлы ота

Осындай сауалдармен облыстық перинаталдық орталыққа бас сұқтық. Бізді гинекология бөлімінің меңгерушісі Асқар Қайыржан қабылдап, тақырып аясында кеңінен түсінік берді. Дәрігердің айтуынша, баланы жатырды тілу арқылы алатын отаның жоспарлы және жедел түрде жасалатын түрі бар.

«Егер жоспарлы түрде болса, жүкті әйелдің айы-күні таяғанда ота жасалатын күн алдын-ала белгіленеді. Болашақ ана бірнеше күн бұрын перинаталдық орталыққа келіп жатады.

Ал, толғақ кезінде ананың денсаулығында асқынулар пайда болса, мәселен, қан қысымы көтеріліп, бүйрек пен бауырында өзгерістер орын алса немесе толғақ кезінде сәбидің жүрек соғысы нашарласа, қағанақ суының түсі өзгерсе, ана мен баланың өмірін сақтап қалу үшін кесарь тілігіне жүгінуге тура келеді. Бұл – отаның шұғыл түрі. Ана немесе ұрықтың жағдайына қарай ота жасау санаттарға бөлінеді. 15-30 минутта немесе бір-екі сағаттың аралығында босандырып алу мерзімдері бар» дейді Асқар Жәнібекұлы.

Ақхалаттылардың сөзінше, кесарь тілігінің табиғи жолмен босанудан қауіптілігі мен зияндылығы әлдеқайда көп. Кесарь тілігінен кейін әйелде бұған дейінгі болған созылмалы аурулардың асқынып, өршуі әбден мүмкін. Мәселен, қаназдық, бронхит, пиелонефрит секілді аурулар күшейеді. Әйелдің қан қысымы жоғары болса, қант диабетімен ауырса және көзінің көру қабілеті төмен болған жағдайларда кесарь тілігіне жүгінуіне тура келеді. Бұл шешімді бір ғана дәрігер қабылдамайды.

Бірнеше дәрігерлік тексерістен өткен соң, медициналық айғақтар болған жағдайда сала мамандары ота жасау немесе табиғи жолмен босандыру жөнінде ортақ шешімге келеді. Кейбір болашақ жас аналарда өзінің де, ұрықтың да жағдайы жақсы болғанымен, табиғи жолмен босануға қорқыныш, үрей басым болады. Мұндай жағдайда кесарь тілігінің зияндылығы туралы, табиғи жолмен босану қажеттігі жөнінде жанжақты түсіндіріледі. Яғни, жатырды тілу арқылы босандыру ешқашан әйелдің қалауымен жасалмайды.

Қайталап ана болу бақыты бұйыра ма?

Осы тұста «кесарь тілігінен соң әйел қайтадан бала сүю бақытына бөлене ала ма?» деген сауал туындайды.

«Егер жатыр бір рет қана тілінсе, 1,5-2 жылдан кейін бұл әйелге екінші сәбиін дүниеге әкелуіне болады. Денсаулығы қалыпты, отадан кейін ешқандай асқынулар мен қабыну белгілері жоқ болса, табиғи жолмен босануына рұқсат етіледі. Бұл үшін жатырдағы тіліктің орны біткенбітпегенін ультрадыбыстық зерттеу арқылы анықтау керек.

Кесарь тілігінен соң, төртбес жыл өтіп кетсе, жатырдағы тіліктің қатаюының салдарынан да табиғи жолмен босану қиынға соғады. Сондықтан, келесі баланы екі жылдан кейін жоспарлай берген жөн. Бүгінде облыстық перинаталдық орталықта алдыңғы баласын кесарь тілігімен дүниеге әкелгендердің 21-22 пайызы келесі сәбиін табиғи жолмен босанды» дейді А.Қайыржан.

Егер әйелдің жатырында екі немесе одан да көп тыртық болса, онда оны табиғи жолмен босандыруға дайындамайды. Мұндайда келесі баласы тек отамен ғана алынады. Негізінен ананың денсаулығы көтерсе, кесарь тілігімен төртбес балаға дейін босануына болады. Жүктілік кезінде ұрық салмағының шамадан тыс көптігі де жатырды тілуге әкеліп соғады. Акушергинекологтың сөзінше, бүгінде мұндай деректер көп кездеседі. Мұның алдын алу үшін не істемек керек?

«Ең алдымен, жүкті болғаннан кейін дұрыс тамақтануға баса мән беру маңызды. Ұннан әзірленген тағамдарды көбірек тұтынбау қажет. Салауатты өмір салтын ұстанып, жүкті аналарға арналған гимнастиканы жасаған жөн. Таза ауада көбірек серуендеу қажет.

Емханалардағы ана мен бала мектептерінің дәрістеріне қатысып, ақхалаттылардың кеңесіне құлақ асқан абзал. Кейбір әйелдердің жамбасы тар болады. Бұған жастардың ұдайы тым тар шалбар кигені де әсер етпей қоймайды. Бұл жамбас тамырларының қысылуына, неврит, басқа да аурулардың пайда болуына себепші» дейді Асқар Жәнібекұлы.

Қандай күтім қажет?

Бүгінде кесарь тілігіне түсетіндердің бірқатарына жалпы наркоз жасалмайды. Көп жағдайда жұлынға салынатын эпидуральды анестезия қолданылады. Мұндайда әйел есін біліп жатады. Оташы мен оның көмекшісі онымен ашық түрде әңгімелесе алады. Бүгінгі оталардың 80-90 пайызы осындай әдіспен жасалады. Күніне 5-6 ота жасалса, оның төртеуіне осындай жергілікті жансыздандыру жүргізіледі.

Ал, жалпы жансыздандыру әдісінде әйел ұйықтап жатады. Айналасында не болып жатқанын сезбейді. Тіпті, сәбидің алғашқы дауысын да ести алмайды. Егер босанар күні жетіп, бойы мен салмағы қалыпты болса, отадан кейін балаға ерекше күтім қажет емес. Қазір жатырдағы шарананың денсаулығына байланысты мерзімінен бұрын босандыруларда да кесарь тілігі жиі қолданылуда. Өткен жылы облыстық перинаталдық орталықта кесарь тілігімен дүниеге келгендердің 602-сі – мерзімінен бұрын туғандар.

Ал, биылғы алты айда бұл көрсеткіш 322-ні құрады. Мұндай сәтте шала туған шақалақтарға неонатологтар және басқа да дәрігерлер тарапынан ерекше медициналық көмек көрсетілуі тиіс. Кесарь тілігінен кейін жатырдағы тіліктің орны жазылғанша, көбірек күтім қажет.

P.S …

Пышаққа түсіп, ана болу. Бұл жағдайға кімді жазғырамыз? Өз-өзін күтіп, ана болуға алдын-ала дайындалмаған әйелді ме, әлде көпшіліктің аузында жүрген «қит етсе кесарь жасайды» деген сөзді арқалаған ақхалаттыларды ма? Ең бастысы, «дүниеге дені сау ұрпақ әкелемін» деген әрбір ананың өз саулығына мән бергені маңызды.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

tiiiiti

Анаргүл ӘДІЛОВА,

Алмалы ауылының тұрғыны:

– Тұңғыш сәбиімді дүниеге әкелерде дәрігерлер «табиғи жолмен босанасың, мүмкіндігің мол» деді. Алайда, толғақ кезінде баланы кесарь тілігімен алуға тура келді. Бұл ота жалпы жансыздандыру арқылы жүргізілді. Оянған соң қалыпқа келудің өзі қиын болды.

Қызымның салмағы 4 кг 25 грамды құрады. Үш жарым жылдан кейін ұлымды да отамен алуға тура келді. Оның салмағы 4 кг 900 гр болғаннан соң жатырдың тіккен тұсы жыртылып кету қауіптілігі бар деп табиғи жолмен босануға рұқсат берілмеді. Екінші ота жергілікті анестезия арқылы жүргізілгенімен, бұл да оңай болмады. Кейін менде ұмытшақтық пайда болды. Жатырдың тіккен тұстары әлі күнге дейін ауырады. Соның салдарынан ауыр көтеруге мүлдем болмайды.


Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз

  1. Камшат

    Сәлеметсіз бе ?Менің сұрайын дегенім 1улды өзім босанүам.сосын 3перзентті кесер тілігімен босандым аралары 4-4.5жас.Алдын 5сынып кезімде, 11сынып битиргенде кіндіктен грижа болғам.Сомен 5операция болдым жалпы.Ең кішімді босанғанда 2018ж анистозолог пен ота жасап жаткан дәрігерлер болды енді трубкаңды байқаймыз тууға болмайды дейді.Мен оған келіспедім.Өйткені 2ші улым шетінеп калған еди.Улыма серік туғым келеді.Енді гинеколгтардан өтінерім менің босануыма болама әлде жокпа.Казир жасым 33те.Тағы 1перзент босанғым келеді.кеңес беріңіздерші.Менде ғана солай болдыма или мұндай жағдайдағы айелдер босанып журма?Кесер тілігі мен кіндік грижасының бир бирине асери барма?Не айтасыздар.Матка жыртылып кету каупі бар дейді кейбіреулер.Не істерімді билмей басым катып жур.Кеңестеріңіз кажет дәрігерлер