Кемелдік көрінісі
Atr.kz/11 тамыз, 2020 жыл. ХХІ ғасырдағы ұлт санасының ілгерілеуі мен дамуына оң бағыт бере алатын рухани күш ретінде Абай Құнанбаев шығармашылығының жалпы идеясы, соның ішінде «толық адам» ілімі танылып отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласының «Ұлттық болмыстың үлгісі» бөлімінде, «Адамның өзін-өзі тануы және үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге басымдық беруі – кемелдіктің көрінісі. Интеллектуалды ұлт дегеніміз де – осы. Осыған орай, Абай сөзі ұрпақтың бағыт алатын темірқазығына айналуы қажет» деп беріледі.
Бұл бастама – біздің бүгінгі қоғамның ұстанымы, не ұрпақ тәрбиесіндегі идеологиялық негіздің қайнар көзіне айналса, алдымен ұрпақ үндестігі мен уақыт сабақтастығы арасындағы рухани байланысты нығайтып, ұлт тұтастығын жұмырландыра түсері хақ. Қазіргі Абайтану ілімінің көшбасында тұрған Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Мекемтас Мырзахметұлының «Абайдың «толық адам» ілімі бізді аласапыран дүниеде адастырмай, тура жолға бастайды» деген пікірі де Мемлекет басшысының бастамасымен астарлас ұғымды туындатады. Ол – Абайдың «толық адам» ілімін тұңғыш рет ғылыми айналымға әкелген ғалым. Ал, Мұхтар Әуезов өзінің «Абай Құнанбаев» монографиясында «Біздің қоғам үшін Абай өмір кешкен тарихтық орта мен қоғамдық шындық мүлде алыста, артта қалған дүние. Осы тұрғыдан қарағанда қара сөздердің арманы мен мазмұны, мұраттары тек тарихтық жағынан бағалы деу керек.
Екінші – адамгершілік жөніндегі моральдық өсиеттерін алсақ, олардың ішінде біздің заманға да бағасы зор шындықтары, тәрбиелік ойлары аз емес» деп келтіреді. Егерде бүгінгі басты мақсат «интеллектуалды ұлтты» тәрбиелеудің кілті «кемелдіктің көрінісінде» десек, ХІХ ғасырда өмір сүрген Абай ұлылығы да осыны өсиет етеді. Айталық, ақынның отыз сегізінші қара сөзі: «Ей, жүрегімнің қуаты, перзентілерім!» деп басталып, «ғылымды-білімді әуелі бастан бала өзі ізденіп таппайды. Басында зорлықпен, яки алдауменен үйір қылу керек, үйрене келе өзі іздегендей болғанша. Қанша бір бала ғылым, білімді махаббатпен, көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады. Сонан соң ғана Алла тағаланы танымақтық, өзін танымақтық, дүниені танымақтық, өз адамдығын бұзбай ғана жәліб мәнфагат (табыс, кіріс, пайда, қайырымды іс, қызығушылық), дәфғы мұзарратларны (зарарлыдан қашу) айырмақлық секілді ғылым-білімді үйренсе, білсе деп үміт қылмаққа болады» – делінген.
Біз өз ойымызды бүгінгі күннен бастап тереңдете қарастыруды, яғни негіздеуді дұрыс көрдік. Өзіміз куә болып отырғандай, бүгінгі бастаманың көрнекті Абайтанушы М.Мырзахметұлының он жыл бұрынғы пікірімен және Абайдың қазақ әдебиетіндегі орны мен әдеби портретін сомдаған М.Әуезовтің жарты ғасыр бұрынғы жазған зерттеу еңбегіндегі ойларымен тоғысуы мақала мәтінінің түбегейлі зерттеліп, құндақталған ойдан туған құндылығы мен маңыздылығын танытады. Халқымыздың тарихына ұқсаған Абай ілімінің дүниеден өшіріліп қалмай бүгінге жетуі мен енді қоғамға толықтай қызмет етуге жұмсалуы біздің рухани жеңісіміз деп танылуы керек.
Мысалы, академик М.Мырзахмет 2010 жылғы сұхбатында: «Абайдың үлкен ілімі бар «толық адам», бірақ, біз оны аша алмадық» дей келіп М.Әуезов бұл ілім туралы білсе де, дінге қатысты болғасын Абайды толық адам деп емес, «нравственный, гармонический» тұлға деп келтіргенін түсіндіреді. Ал, діни ілімде «толық адам» − кемел адам. Кемел адам (араб. «инсан-и камил» – толық адам) – ақыл-ойы толысқан кісі. Діни ілімде кемел адам – (яғни) кісілікке жат қылықтардан әбден арылып тазарған, ішкі жандүниесі ағарып, рухани қасиеті артқан, мүлтіксіздің қалыбы мен негізіне мейілінше жақындаған асыл адам.
Кемел адамның әрбір ісі – темірқазықтай жол көрсетуші. …бұл ұғымның арғы төркіні Жүсіп Баласағұнидің «Құтты білік» дастаны мен сопылық сарындағы туындылардан тамыр тартады. Қазақ әдебиетінде кітаби ақындар мен Абайдан бастап сөз болып келеді. Кемел адам туралы ой Абай шығармаларында толық адам, жарым адам, камили инсани, толық сөздер арқылы жүйелі түрде жауанмәртілік (көне түрік тілінде zomard-жомарт) ілімі негізінде таратылып отырады. Осы энциклопедиялық анықтаматүсініктің бәрі ғалымның өзіндік ой-нұсқасында да тұспалдап айтылып кетеді. Абайдың адамгершілік негіздері туралы ой-пікірлері жауанмәртіліктегі ақыл, әділет, рахым жайлы ізгілік ұғымдарымен сабақтасып жатады.
Кемел адам сипатына тән нәрсе – нұрлы ақыл, ыстық қайрат, жылы жүрек. Бұл – діни ілімді зерттей келе өз заманы мен туған халқының тағдырын бақытты етудің жолын іздеген Абай Құнанбаевтың «толық адам», яғни ақыл-ойы толысқан кісі ілімінің концепциясы. М.Мырзахмет бұл ілімді ашуда М.Әуезовті басшылыққа ала отырып, ақынның «Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла» деген жолдарына мән береді. Ғалым Абай дүниетанымының Мұхтар Әуезов көрсетіп кеткен үш рухани бұлағын да атай отырып, Абайды толық тану үшін осы үш саланың әлі де болса тереңдеп, өз дәрежесінде зерттелмегенін, қоғамда болған өзгерістерді себеп ете отырып, нақты түсіндіреді.
Ғалымның айтуынша, кеңес тұсында Әуезов көрсеткен бұл концепция бұзылып, шығыс пен батыс бағытын бара зерттеу, яғни тереңдей зерттеу жүргізуге тиым салынғаны айтылады. Осы кезеңнен зерттеушілер Абайды тануда оның негізгі ілімінің жүрегі болып табылатын шығыс ғылымына мүлдем бара алмаған, керісінше ақынды орыс әдебиетіне қатысты зерттеу көлемді түрде қолға алынған. Сонымен бірге, ғалым Абай шығысының сырын ашу үшін араб, парсы, шағатай (ортағасырлық түркі) тілдерін біліп, исламиаттың тарихын түбегейлі зерттеп білуіміз керек. Оның әлеміне ұлттық шығыстық модель арқылы кірсек қана Абай ашылады, — дейді. Жолдамада
«Жаңғыру – өткеннен қол үзіп, тек жаңа құндылықтарға жол ашу деген сөз емес. Шын мәнінде бұл – ұлттық мұраларымызды бүгінгі оң үрдістермен үйлестіре дамытуды көздейтін құбылыс» екендігі айтылады. Ендеше, Абай қара сөзіне оралсақ, онда былай деп келтіреді: «Адамның ғылымы, білімі хақиқатқа, растыққа құмар болып, әр нәрсенің түбін, хикметін білмекке ынтық бірлән табылады. Ол – Алланың ғылымы емес, Һәмманы білетұғын ғылымға ынтықтық, өзі де адамға өзіндік ғылым береді. Ғылым – алланың бір сипаты, ол хақиқат, оған ғашықтық өзі хақлық һәм адамдық дүр». Абайдың дүние даналығын танудағы философиялық ойлары заманы озса да рухани сипаты жағынан қоғамның – болашағымыз жастарға және жалпы әрбір қоғам мүшесіне бүгінгі тілегімен өзектес жатыр.
Абай, өзінің қырық бесінші қара сөзінде: «Адамшылықтың алды – махаббат, ғаделет сезім. Бұлардың керек емес жері жоқ, кіріспейтұғын да жері жоқ. Ол – жаратқан тәңірінің ісі. …Бұл ғаделет, махаббат сезім кімде көбірек болса, ол кісі – ғалым, сол – ғақил. Біз жанымыздан ғылым шығара алмаймыз, жаралып, жасалып қойған нәрселерді сезбекпіз, көзбен көріп, ақылмен біліп» – деп, табиғат жаратылысының адам ақылының, ойлап табар ғылымының таусылмас, түбі жеткізбес ғажабы екенін танып кеткен. Ал, бүгінгі тәуелсіз мемлекетіміздің әртүрлі ғылым бағытында ақынның шығыс әлемін зерттеп жүрген ғалымдарымыз, өз мүмкіндіктерінше талдап, түсіндіріп, жалпы қоғамның игілігіне айналдыруда.
Жайлы БАЛТОҒАЕВА, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты