БЕРЕКЕ МЕН БІРЛІКТІҢ БАСТАУЫ

Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов тұтас еліміздің дамуына өз үлесін қосып жүрген бір топ аналарды, қыз-келіншектерді арнайы қабылдап, құттықтады. Еркін форматта өткен басқосу барысында аймақ басшысы облыстағы мемлекеттік қызметкерлердің  60 пайызға жуығын, денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің 72 пайызын және білім беру саласының 82 пайызға жуығын әйелдер құрайтындығын атап айтты.

«Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ала дорба арқалаған нәзікжандылардың сауда-саттығы үлкен бизнестің қалыптасуына септігін тигізді. Сырттан тасудың қиындығы өз ішімізде шағын және орта бизнесті дамытуға жол салды. Экономикамызды көтеру үшін шетелдердің озық тәжірибелерін өз елімізде жүзеге асырып, бүгінде отандық тауарды пайдаланып отырмыз» деген облыс басшысы өңірдегі бизнесті басқарып отырғандардың 46 пайызының нәзікжанды арулар екендігін атап өтті.

Әйел азаматтармен сұхбат барысында облыс басшысы ерекше назар аударған мәселенің бірі – демографиялық ахуал болды. Өткен жылы облыста 16 мың 321 сәби дүниеге келген. Оның 134-і егіз, екеуі үшем екен. Көп балалы отбасылар саны 10 мың 988-ге жеткен. Осындай жарқын мысалдарға тоқталған облыс әкімі киелі шаңырақ иелеріне зор бақыт тілеп, мерекелік сыйлықтарды табыс етті.

Бейресми кездесу барысында еңбек ардагері Меллят Сабырова, көп балалы ана, «Мерейлі отбасы» конкурсының лауреаты Маржан Дәулетова, белгілі ақын Бақытгүл Бабаш сөз сөйлеп, өздеріне көрсетілген құрметке зор алғыс сезімін білдірді.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз