КЕЛІСІМНІҢ КИЕЛІ БЕСІГІ

Ортақ мүдде жолында

Елін ынтымаққа жетелеген Елбасымыздың арманы – қазақ халқын Мәңгілік елге айналдыру. Осыған орай Мемлекет басшысы «Мәңгілік ел – жалпы қазақстандық ортақ шаңырағымыздың ұлттық идеясы» деп, болашақтың бағытын да айқындап берді.

 

Қазақстанның егеменді ел ретінде жылнамасында Ұлт Көшбасшысына айналған Елбасымыз, тәуелсіз Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев көреген стратег, сарабдал саясаткер, нәзік тактикалы саясатшы-дипломат, кең ауқымды саяси-экономикалық жаңғыруды жүзеге асырушы реформатор ретінде ерекше орын алады. Бойында осындай асыл қасиеттері бар саяси Көшбасшының соңынан ерген елі өркендейтіні, биік мақсат-мұраттарға жететіні әлемдік саяси тәжірибеде сан мәрте дәлелденді.

Осыған қоса Қазақстанның ұлтаралық қатынастарды дұрыс сақтай білгендігі және бұл істе Тұңғыш Президентіміздің қосқан үлесінің ерекше екендігі де – дәлелдеп жатуды қажет етпейтін фактілер.

Тәуелсіздік – мемлекеттің өз саясатын өз еркімен жүргізуге қабілеттілігі. Қазақстанның тәуелсіздігі елдің қажырлылығының арқасында орнады. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев тәуелсіздікті сақтау және дамыған мемлекет құру – бүкіл ұлт үшін негізгі міндет екендігін атап көрсеткен болатын.

Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясында Елбасы «Ұлыстың ұйытқысы болған қымбатты қандастарым, қадірлі қазақ бауырларым! Бүгінде дүниежүзінде 200-ге таяу мемлекет бар. Ал, үш мыңға жуық этностың өзіндік ұлттық мемлекеті жоқ. Біз қазақтар ата-бабаларымыздың аңсаған арманына жетіп, араға ғасырлар салып өз жерімізде алғаш рет еркін тыныстап, еңсе тіктедік. Бүгінде қазақ тілі өркен жайып, балаларымыз ана тілінде тәрбие алуда. Тағдырдың жазуымен, тарихтың талқысымен қазақ жерін паналаған түрлі этнос өкілдерімен бірге ортақ Отанымызды көркейту жолында аянбай тер төгудеміз. Олар біздің қиын кезеңде, сын сағатта көрсеткен қамқорлығымызға риясыз алғыс айтады», – деген болатын. 

Ырыс алды – ынтымақ

Ұлт болып қалыптасу үшін оның территориясы, экономикасы, мәдени-тілдік ортасы болуы керек және ол ұлт осы құндылықтардың иегері болып, соған қожалық етіп өз жауаптылығын сезінуі тиіс. Сонда ғана ол ұлт өзінің ұлттық санасын қалыптастырып, құндылықтарын жасап, мүддесін қорғап, оны әрі қарай дамытуына мүмкіншілігі болады. Қазіргі кезде жер бетінде түгелдей бір тектес ұлттан тұратын мемлекет жоқ. Көп мемлекеттерде бірнеше ұлт өмір сүреді. Бірақ, көпшілік мемлекеттер сол мемлекетте өмір сүретін негізгі ұлттың атымен аталады және ол мемлекет құрушы, титулды ұлт болып саналады. Сондықтан, ол мемлекеттің халқы ортақ тілде, яғни мемлекет құрушы ұлттың тілінде сөйлеп, ортақ мақсат қойып, сол үшін күреседі. Мемлекет құрушы ұлт сол мемлекеттің территориясында тарихи қалыптасқан және ұлттық құрамы басқа ұлттарға қарағанда сан жағынан анағұрлым басым болуға тиіс. Бүгінгі Қазақстан Республикасындағы мемлекет құру-шы қазақ халқының ұлт болып қалыптасуында осы белгілердің бәрі бар. Ортақ территориясы, экономикасы, мәдени-тілдік ортасы.

Біздің өңіріміздің мәдени қоғамдық өмірінде өзіндік орны бар 17 ұлттық -мәдени орталығы жұмыс жасап келеді. Ұлттық-мәдени орталықтардың негізгі мақсаты – салт-дәстүр, әдеп-ғұрып, өнер мен мәдениетті қалыптастыра отырып кейінгі ұрпаққа өнегесі мол тәрбие беру.

Қазақ халқы қашан да қазақ жерінде өмір сүріп жатқан орыс, украин, өзбек, ұйғыр, неміс, татар, қырғыз, түрікмен, әзербайжан, тәжік, қарақалпақ, шешен және басқа да этностық топтардың тіліне, дініне, мәдениеті мен әдет-ғұрыптарына құрметпен және төзімділікпен қараған. Бүгінде қазақ ұлты елдегі этносаралық және дінаралық бірлікті сақтауды, олардың тілін, рухани құндылықтарын дамытуды өзінің басты міндеті санайды. Бұл бағытта елдегі әр аз ұлт өкілдері шеттеу көріп отырмағаны шындық.

Тәуелсіздік алғаннан кейін ұмыт бола бастаған ұлттық құндылықтарымызды, мұраларымызды қайта қалпына келтіру, сақтау, одан әрі дамыту шаралары мемлекеттік саясатта кең көлемде қолға алынды.

Егемендік алған соң қазақстандықтар Отандық патриотизм сияқты саяси құндылықтарды жаңаша түсіне бастады. Патриотизм ұғымы – басқа халықтардың тарихы мен дәстүрлеріне құрмет танытушылық, туған жерге деген сүйіспеншілік, саналылық пен сезімділік, кешегі мен бүгінгіні түсініп сан қырлы құбылыстарды үйлестіре білу. Көрнекті ғалым Р.Б.Әбсаттаров атап көрсеткендей, қазақ қоғамында патриоттық тәрбие беру жайында өз ойын былайша жеткізеді: «Қазақстандық патриотизм тәрбиесі – бұл адамға оның бойында белгілі бір патриоттық қөзқарастарды, пікір-пайымдарды, нормалар мен принциптерді қалыптастыру, сондай-ақ, оны сол көзқарастар мен принциптерге сәйкес іс-әрекетке бағыттау мақсатымен әсер ету жүйесі. Сондықтан, бүгінгі таңда біздің бүкіл патриоттық тәрбие жұмысымыздың міндеті – қазақстандық патриотизмді әрбір азаматтың өмірлік серігіне айналдыру». 

Бір ел, бір халық, бір тағдыр

Елімізді мекендеп отырған 17 миллион халықтың тағдыры да, тіршілігі де, мұңы да – Елбасы айтқандай, бір. Осындай біртұтас елдің халқының достығы берік, ынтымағы мықты болады.

Оның ішінде Атырауды мекендеп отырған әр түрлі ұлт пен ұлыстың өкілі өзінің мәдени және тарихи, этнографиялық өмірінен қалыс қалмай, осында өмір сүре отырып, өздерінің тарихи танымын байытуда, мәдениетін, өнерін жоқтатпай отыр. Атырау қаласында Әзербайжан Республикасының сауда орталығы ашылғаны белгілі. Осыған орай Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде Қазақстан халқы Ассамблеясы институтының жанынан Әзербайжан этнобірлестігінің орталығы ашылып, жұмыс істеуде. Бұл этномәдени бірлестік өкілдері мен Әзербайжан Республикасының Бас Консулы осындағы өткізілетін мәдени шараларға атсалысуда.

Облыстық Ассамблея жанындағы ақсақалдар алқасының жастармен кездесуі, оқу орындарында, еңбек ұжымдарында өткен басқа да шаралар жалпы ұлттық сипатқа ие болып келеді. Сайып келгенде, елімізде қалыптасқан бірлік – Елбасының сарабдал саясатының нәтижесі.

Жамиляш ХАСАНОВА,

педагогика ғылымдарының докторы, профессор,

Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми сарапшылар тобының төрайымы.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз