«Келін сұлу көрінер мінезімен…»
Atr.kz/2 тамыз, 2019 жыл. Кезекті кейіпкер – жазушы, этнограф, Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп АХМЕТОВА.
– Зейнеп апай, Атырауға бұдан бұрын 1994 жылы келіпсіз. Содан кейінгі табан тіреуіңіз осы ма?
– Бұрын газеттердің күндерін өткізу деген жақсы үрдіс болатын. «Лениншіл жас» газетінің күндерін өткізіп жүргенде, бірнеше рет келгенмін. Сол кезде Махамбет бабамыздың басына барып, құран бағыштағаным есімде. Ал, 1994 жылы өзімнің халық педагогикасына арнап жасалған «Кәусар бұлақ» бағдарламасы аясында облыс мұғалімдеріне семинар өткізіп, лекция оқуға келген едім. Осы жолы жастардың өтінішімен Атырау жеріне келіп отырмын.
– Көпшілік сізді Бауыржан Момышұлының келіні ретінде біледі. Сол арқылы қазақ келінінің символына айналдыңыз. Күллі қазақ таныған ізін жалғауға өзіңіз де атсалысып келесіз. Сіз солай ойлайсыз ба?
– Сен мені мақтап отырсың ғой. Мақтау – ең қауіпті нәрсе. Мақтауды көп естіген адам шындықты жоғалтып алады. Мақтанға семірген адам талтаңдап жүріп, бір күні шыңырауға құлап кетеді. Ал, мен бұл мақтаулардан қорықпаймын. Себебі, оның барлығы маған емес, атаға (Б.Момышұлына) арналған деп ойлаймын. Неге? Себебі, мен атаның келіні болмасам, мені ешкім де танымас еді.
Көп қазақтың біріне келін болсам, әрине, атаға көрсеткен құрмет пен ізетті оларға да жасар едім. «Қайын атаның кебісіне аяқ сұқпайтын, ененің төсегіне отырмайтын» тәрбиемен өскенбіз. Бірақ, күллі Алаштың ардақтысы болған, иісі қазаққа ортақ, дүниежүзіне аты мәлім батырдың қолына су құйып, шәйін қайнату бақытын Алла менің маңдайыма жазды. Кімге кім келін болмай жатыр?
Небір атақты тұлғалардың келіндері бар. Бірақ, оларды жұрт танып, ескеріп жүрген жоқ. Қазақстанның қай түкпіріне барсам да маған ілтипат білдіріп жатады. Мұның барлығы менің мықтылығымнан емес. Бұл – ел мен жұрттың батырға деген құрметі, сүйіспеншілігі. Ал, маған тиіп жатқаны – соның ұшқыны. Мені тәрбиелеген – халықтың өзі. Атаның атына кір келтірмеу үшін мен өзімді тәрбиеледім.
– Жазушылық қабілетіңіз бар. Сіздің орныңызда басқа біреу келін болса, сіз секілді ата өнегесін жазып қалдырар ма еді?
– Оны қайдан білейін енді?! Бірақ, ата маған соғыс туралы мүлде әңгіме айтпайтын. Керісінше, ұлттық рух, өнеге, тәрбие туралы айта беруші еді. Кейбір кезде таңның қалай атқанын да байқамай қалушы
едік. Ал, менің бір жақсы қасиетім – атаның айтқанының бәрін санама тоқу. Қазір елге айтып жүргенім де, кітапқа жазғаным да санаға тоқылып, қатталып қалған дүниелер.
Қазір ойлап отырсам, ата менің бойымнан жылт еткен қабілетті көрген секілді. Сол үшін маған айта берген-ау деп ойлаймын. «Балам, мен саған айтсам, сен балаға айтасың, ол өз ұрпағына айтады. Ең болмаса, осылай бір қазақтың үйінен нағыз қазақтың иісі шығып тұрсын» деп айтып отыруының мән-мағынасын кейін түсіндім.
– Зейнеп Ахметованың келіні, немесе қызы деп кімді танимыз болашақта?
– «Екі Кенен тумайды, Алатауға ексең де…» деп Кенен атамыздың айтқаны бар еді. Сол айтқандай, менің келінім Зейнептей бола алмайды. Тіпті екінші Зейнеп те бола алмайды. Мен оған келген кезде: «Балам, саған тіпті қиын болады. Мен – бір Момышұлының келіні болсам, сен – екі Момышұлының келінісің» деп айтқанмын. Келінді көзге шұқымау керек. Онымен бірге жүріп, өнеге көрсету керек. Шаруаны бірге жасай жүріп, ұқтыру керек. Ал, келінді келе сала жұмсау – үлкен қателік.
– Келін түсіру тойында «сені өз қызымдай көремін, келінім деп айтпаймын» дегенді жиі естиміз. Шынымен, ене келінін қызындай көре ала ма?
– Әр ененің қабылдауы бөлек қой. Бірақ, мен осы сөзді ұнатпаймын. Келін – келін, қыз – қыз, айналайын! Келін – сенің балаңның жары, ұрпағыңды өсіретін, жалғайтын өкшебасарың. Ал, қыз – жатжұрттық. Келінді қызбен теңестіруге болмайды.
– Соңғы кезде жас отбасылар арасында ажырасулар мен кикілжіңдер көбейіп кетті. Неге?
– Жаңадан отау тіккен жастардың жарасымды өмір сүргеніне не жетсін! Дегенмен, олардың ажыраспай, тату өмір сүруіне басты кедергінің бірі – несие. Олар қатардан қалмау үшін тырыштанады, ертеңі не боларына қарамайды. Сөйтіп, несие алады. Соған той жасайды. Тойдан түскен ақшамен қарыздан құтыламыз деп ойлайды. Ал, бұл мүмкін емес.
– Ата-енемен тұратын да, енші алған да отбасылар бар. Жалпы, отбасында ақшаны кім ұстауы керек? Кейде кикілжің ақшаға байланысты туындамай ма?
– Кезінде өнеге алған, оқыған-тоқығаны мол, қазір зейнетке шыққан енелер бар. Отбасындағы татулықтың жайын біледі. Қай жерде не сатылатынын, қай жерде не тұратынын біледі. Жұмыстағы баласы мен келінін мазаламай, базарға өзі барады. Демек, мұндайда отбасының азықтүлікке жұмсалатын қаражатын бір адамның ұстағаны дұрыс. Өйткені, мұндай отбасы берекелі болады.
Шындап келгенде, отбасы мүшелерінің бір-бірімен келіскені дұрыс. Менің барлық жерде айтып жүретін қарапайым ережем бар. Келінін «қолынан дым келмейді, тікбақай» деп жамандайтын енелер бар. Сондай енелерге: «сен оны тумадың, тоғыз ай бойы бел омыртқаң үзіле жаздап көтермедің, түн ұйқыңды төрт бөліп, оған ақ сүтіңді бермедің. Ол – біреудің әлпештеген баласы. Бір адам – бір әлем. Сенің қолыңа бір әлемді ұстата салды, сен оған ие бола алмасаң, кімсің?» дер едім.
Кез келген әйел ене бола алады. Келінге ана да бола білу керек. Сонда ғана сенің әулетіңнің жапырағы жайылып, өсіп-өнеді. Ал, енесін жамандайтын келіндерге: «Айналайын, сен сүйіп қосылған, басың жастыққа бірге түскен, өзіңді сеніп тапсырған сол жігітті өмірге келтірген, оны сен сүйетіндей етіп тәрбиелеген – сол кемпір. Сен оны сол үшін ғана сыйлауың керек» деймін. Міне, менің қарапайым ережелерім – осы.
– Қазір әлеуметтік желі бар. Сол әлеуметтік желіде сан алуан мәселеге байланысты кеңес беретін психологтар көбейді. Ақылы түрде семинар-тренинг өткізеді. Сіз осындай жайттан хабардарсыз ба?
– Естіп жүрмін. Өзінің ақылы мен сана-сезімінің жеткен жері сол шығар. Мен өзім ондай нәрсемен айналыспаймын. Қазақстанның барлық өңірінде болып жүрмін. Мені шақырған жерге ғана барамын. Сол барған жерде «бұл ақылы ма?» деп сұрағанда, кәдімгідей намыстанып қаламын. «Ақылы ма, ақылы ма?» деген не пәле? Қайдан естідіңдер, менің ақша алып, кездесу өткізгенімді немесе лекция оқығанымды?» деймін.
Рас, қазақтың салтымен камзолын кигізіп, орамалын салып жатады. Кейбір жерде атын да мінгізеді. Бұл – қазақтың салты. Өзім де үйіме келген адамды құр шығармаймын. Ал, 15 мыңнан 70-80 мыңға дейін ақша төлеп, басқосуға баратын адамдар көп екен. Соған қарағанда, олардың шешілмей жүрген мәселелері көп сияқты. Соларға лекция оқитындарға баратын болсам, жағдайым түзеле ме? Мұндайда не айтуға болады? Сөз табуға ақылым жетпейді.
Ал, енді олардың сөзіне құлақ түріңіз, айтатыны – шетел кітаптарынан, орыс кітаптарынан аударылған дүние. Өздерін шеттерінен «психологпыз» дейді. Психолог – өте күрделі мамандық. Оның қырсырын меңгеру үшін қаншама жыл оқу керек. Қаншама жыл тәжірибеден өту керек. Әркім өзінің қолынан келгенін істейді. Аудармамен жұртқа кеңес айтатындарға ақшасын шашып баратындарға жаным ашиды. Одан да жақсы кітапты дос етсе, шіркін! Небір әдемі тәрбиелік мәні бар кітаптар жеткілікті ғой. Менің де
кітаптарыма үнемі сұраныс түсіп тұрады.
Рас, көп нәрсе қаржыға тіреледі. Мен де – қарапайым зейнеткермін. Мен де ақша табамын десем, солай істеуіме болады. Бірақ, маған бұлай жасаған жараспайды. Мен – атажұрттың адамымын. Ата – қазақтың арнамысы. Сол кісінің қолына су құйған, өсиетін арқалап жүрген адаммын. Демек, мен ешқашан сөзімді сатпаймын. Шамам келгенше, атаның өсиетін айтуға міндеттімін.
– Ел басына қиындық түскенде кеудесін оққа тосқан Бауыржан атамыздың мұрасы толығымен зерттелді ме? Ата өнегесін қазақ қоғамы тани алды ма?
– Атаның алған атағы да, наградалары да шүкір, бір басына жетерлік деуге болады. Атаны халықтың өзі құрметтеді. Оңтүстікте де, солтүстікте, елдің әр түкпірінде «Біздің Бәукең» дейді. Қолына су құйған адам ретінде мені тәбәрік көреді. «Сіздің қолыңызды алайық», дейді. Кішкентай балаларды әкеліп, «бетінен сүйіңіз, бата беріңіз» деп жатады.
Мені көшеде көріп, «Сіз Зейнеп Ахметовасыз ба?» десе, мен бірден жауап бере алмай қаламын. Ал, егер «Батыр атаның келінісіз бе?» десе, «Иә» деп тақ ете түсемін. Өйткені, мен үшін ең үлкен атақ, марапат – атаның келіні болу. Бүкіл әлемде жоқ, өзім өлсем де артымда қалатын атақ – «Момышұлының келіні». Оған жетер атақ жоқ.
– Қазақтың келіні қандай болуы керек?
– Қазақ келіндерінің кітапқа жазылмаған, өзгеде кездеспейтін, өте әдемі, өзіне тән ереже-қағидалары бар. Үлкеннің алдын кесіп өтпейтін ибалылығы, елгезектігі мен ұяңдығы, міне, осының бәрі – келінді сұлу етіп көрсететін ең негізгі талаптар. Ең бастысы, шаңырағыңның табалдырығын аттаған келін «мен осы отбасының тұтқасы боламын», «енем ұстаған қара қазанның иесімін», «енемнің мұрагерімін», «осы әулеттің ұрпағын көбейтемін» деп ойлануы керек. Ең басты шарт та – осы.
Сұхбаттасқан:
Балауса ПУШКИНҚЫЗЫ