Кеңес керек пе, кел!
Кәсіпкерлер палатасы мен «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы бірлесіп, бизнесмендерге арнап «Ашық есік» күнін өткізді.
Оған сәулет және қала құрылысы, жер мәселелері, мемлекеттік кіріс, тұтынушылардың құқығын қорғау және басқа да департаменттер мен басқарма өкілдері қатысты. Сондай-ақ, екінші дәрежелі банк филиалдары мен даму институттарының мамандары кәсіпкерлерді толғандырған сауалдарға жауап берді.
Облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Ақан Қайырғалиевтің айтуынша, әдетте көп айтыла бермейтін проблемалар осындай басқосуларда төтесінен қойылып, шешімін тауыпты.
Айталық, бизнесмен Игорь Толстов кәсібін кеңейткісі келіп, екінші деңгейлі банк филиалдарына жүгінгенін айтады. Бірақ, белгісіз себептермен несие алу жөніндегі өтініші мақұлданбаған. Ол да қол қусырып қарап отырмай, осында келіп, құқықтық сауаттылығын арттырғанды жөн санапты.
— Мен электр құрылғыларын өңдеу және бейнебақылау жүйесін орнатумен айналысамын. Тұрақты түрде кіріс беріп тұрған кәсібім өзіме ұнайды. Қазір 19 миллион теңге көлемінде кепілді мүлігім бар. Бүгінде Елбасының өзі өңірлерде өндірістік саланы дамытуға жол ашып отыр. Сондықтан, дәретхана қағазын шығаратын цех ашу үшін 15 млн. теңге банктен несие сұрадым. Тіпті, шикізат жеткізушімен келісіп, Қытайдан қажетті қондырғы алуға тапсырыс та беріп қойдым, — деді. Ол «ашық есік» күні аясында Еуразиялық банк филиалы қажетті құжаттарды қабылдап, тиісті жауабын беретініне сенім білдірді. Банк менеджерлері бұл жоба «Даму-өндіріс» бағдарламасының талаптарына сәйкес келетінін жеткізді.
Тағы бір кәсіпкер Нұрлыбек Темірханов мемлекеттік кірістер департаментінің мамандарынан кеңес сұрады. «Біздің компания IT-технологиялармен айналысады. Егер шет елден инвестиция тартылса, бұл туралы салық органдарына хабарлама беру міндетті ме?» дейді олар. Мамандардың түсіндіруінше, қаражат жеке тұлғаның атына аударылса, салық органдарына хабарлау керек. Ал, заңды тұлға үшін бұл міндетті емес.