Топинамбур деген қандай өсімдік?

Топинамбур Жаңалықтар

Атырауда топинамбур атты өсімдік өсірілгелі жатыр. Халық арасында «жер алмұрты» деп айтылатын өсімдіктің пайдасы көп. Одан күнделікті тұтынар тамақ, малға азық, тіпті дәрі-дәрмек те жасауға болады.

Топинамбур

Бұл бастаманы қала тұрғыны Арман Хайруллин қолға алып отыр. Ол Атырау қаласы мен Қарабатан зауыты арасындағы Соколов каналы бойына осы өсімдікті еккісі келеді. Сөйтіп, топинамбурдың шөлейтті өңірде де өсетінін дәлелдеп, бизнес-жобаны жүзеге асыруды жоспарлаған.

Әзірге  Сарайшық ауылы маңынан бір гектарға жуық жерге осы өсімдіктің бес сұрыбын отырғызған. Өсімдік тұқымын Ресейден алдырған кәсіпкердің ендігі мақсаты – топинамбурдың қай сұрыбы жергілікті табиғи ортаға төзімді екенін тексеру. Бүгінде бұл бастаманы Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев қолдап отыр.

– Егер биыл Соколов каналы маңынан үш мың гектарға топинамбур ексек, екінші жылы одан отыз мың гектар жерге жететін тұқым аламыз. Оны облыстың барлық фермерлеріне мал азығы ретінде өте төмен бағамен сатуға болады, – дейді Арман Хайруллин.

Топинамбур-1

Сондай-ақ, бұл экологияны жақсарту бағытындағы бірегей жобалардың бірі болғалы тұр. Себебі, топинамбур орман ағаштарынан екі есе көп оттегі бөледі. Мәселен, бір гектар орман жылына үш-төрт тонна көмірқышқыл газын жұтатын болса, топинамбурдың алты тонна көмірқышқылды сіңіріп алуға шамасы жетеді. Фотосинтез қарқыны да өзгелерге қарағанда он есе жоғары.  Өсімдіктің тағы бір ерекшелігі, топырақтың құнарлылығын 70-90 пайызға дейін арттырады. Бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығының дамуына септігін тигізері сөзсіз.

Топинамбур – жан-жақты пайдалануға болатын, әрі қалдықсыз өнім беретін өсімдіктердің қатарына жатады. Қолданыс аясы өте кең. Атап айтсақ, инулин, оның ішінде, инулиннен фруктоза, глюкоза, медицинада әртүрлі биологиялық белсенді заттар, кондитерге қажетті барлық қоспа түрлері алынуда, спирт өндірісінде көптеп қолданылуда.

Оның құрамындағы калий, магний гипертониктер мен жүрегі ауыратындар  қолданатын препараттарды толықтай алмастыра алады. Топинамбурдағы табиғи магний, калий қосылыстары ишемиялық ауруларды, стенокардияны емдеудегі әсерлі, әрі қауіпсіз құрал ретінде қолдануға мүмкіндік береді.

Ежелгі заманнан бері «жер алмұртының» жерасты түйнектері үндістер үшін тек қорек қана емес, әрі дәрі-дәрмек те болған. Соңғы зерттеулер оның ағзадағы холестерол деңгейін төмендетіп, қан қысымын, әрі ас қорыту жүйесін реттеп, иммунитетті күшейтіп, күш-қуат беретінін көрсетті. Әсіресе, шажырқай безінің ауруына шалдыққан адамдарға аурудың бастапқы кезеңінде қолдануға ұсынылған. Құрамына «жер алмұрты» кіретін диеталардың несеп айдағыш қасиеті бар.  Сондықтан, ол бүйрек ауруына шалдыққан кезде өте пайдалы. «Жер алмұрты» тағамдары мен дәрі-дәрмектеріне ағзадан уыттар мен ауыр металдарды шығарған кезде оны сүйейтін қорғау қасиеттері таңылады.

Бақытжан Хамитұлы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз