Жарнама
Жаңалықтар

ҚАЗЫНА ҚАРАЖАТЫ ИГЕРІЛУІМЕН ҚҰНДЫ

— «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында еліміздің көлік-логистикалық инфрақұрылымын дамытуға бағытталған 15 жоба жүзеге асырылу үстінде, — деп мәлімдеді алғашқы мәселе бойынша хабарлама жасаған Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев. — Мұның 11-і автокөлік жолдары, екеуі теміржол, сондай-ақ, бір-бірден су мен әуе жолы транспорты салаларын қамтиды. Нақтылай кетсек, «Нұрлы жол – Оңтүстік», «Нұрлы жол – Шығыс» және «Нұрлы жол – Батыс» бойынша белгіленген жұмыстарға, яғни, республикалық маңыздылықтағы жолдардың құрылысына қазынадан қаралған 178 млрд. теңге көлемінде қаражаттың қараша айының 1-іне дейін 138 млрд. теңгесі немесе 78 %-ы игерілді. Нәтижесінде, жалпы ұзындығы 390 шақырым жол жаңадан салынып, қайтадан жаңғыртылды.

Үкімет мәжілісінде, қай салада болмасын қаражаттың мерзімді игерілмей, жоспарланған жұмыстардың да бекітілген кестеден кешіктіріліп отырғандығы сынға алынды. Әсіресе, шетелдік компаниялармен бірлесіп жүзеге асырылатын жобаларда, шығарылатын өнімдер мен көрсетілетін қызметтерде «қазақстандық мазмұнның» үлес салмағын арттыру, тұрғын үй құрылысының, өңдеуші өнеркәсіптің өрісін кеңейту, инвестициялар, мүлікті жария ету, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті, жекешелендіру мен мемлекетсіздендіру, қаржылық сауықтыру және банкроттық саясатын дамыту бағдарламалары төңірегінде біраз деректер мен дәйектер келтірілді.

Жалпы, Үкімет мәжілісінде бүгінгі таңда аса маңызды саналатын 10-нан астам мәселе қаралып, жан-жақты талқыланды. Соның ішінде, азық-түлік қауіпсіздігін сақтау, күнделікті тұтынылатын әлеуметтік маңызды тауарлар бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу, ырықтандыру шараларының пәрменділігі де назардан тыс қалмады. Осы тұрғыда селекторлық режімдегі кеңеске қатысып, сөз сөйлеген Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов айтпағын былайынша жеткізді: — Күн тәртібіне шығарылған мәселелердің қай-қайсысы да маңызды және әрбір өңірге тікелей қатысты деп есептеймін. Сондықтан да, Елбасы мен Үкіметтің тарапынан берілген қандай ма тапсырманың орындалысын ұдайы бақылауда ұстап, түпкі нәтижеге қол жеткізу – біздің жұмысымыздың бағасын беретін басты көрсеткіш. Әлеуметтік маңызды 30-дан астам азық-түлік тауарлары бағаларының көтеріліп кетпеуіне әркез мүдделілік танытып отырамыз. Осылайша, 5-6 түрінен басқасының бәсінің бұрынғысынша сақталып қалуына күш салудамыз. Аймақтық азық-түлік қорында бес мың тонна ауыл шаруашылығы тауарлары сақталған, — деді ол.

 

Дәулетқали АРУЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button