Қазақстан құрамасы алғашқы жеңісіне қол жеткізді
Аtr.kz/30 сәуір, 2019 жыл. Бүгін елордамыз — Нұр-Сұлтанда шайбалы хоккейден әлем чемпионаты бірінші дивизионы А тобындағы бірінші тур ойындары мәресіне жетті. Қазақстан құрамасы Словениямен кездесті.
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, аталмыш кездесудің бірінші кезеңінде Қазақстан құрамасы қарсыластар қақпасына үш шайба соққан еді. Алдымен 3-минутта Никита Михайлис мергендік танытса, одан кейін 9-минутта Антон Некряч есепті үстемелей түсті. Ал 16-минутта Никита Михайлис тағы бір соғылған шайбаның авторы атанды.
Екінші кезеңде Словения құрамасы шабуылға көбірек шықты. Нәтижесінде олар тарапынан екі шайба соғылды. Бұл кезеңде Қазақстан хоккейшілері қарсыластар қақпасынан саңылау таба алмады. Үшінші кезең екі құрама тарапынан шабуылмен ерекшеленді. Словения хоккейшілері қазақстандықтардың қақпасының маңында жиі бой көрсетіп жатты. Дегенмен шайба соғылған жоқ. Қазақстан Словенияны 3:2 есебімен жеңді.
Қазақстан хоккейшілері енді 1 мамырда Литвамен кездеседі. Ал ертең 30 сәуірде Оңтүстік Корея мен Словения, Беларусь пен Венгрия құрамалары өзара мықтыны анықтайтын болады.
Дереккөз: «ҚазАқпарат»