«АҚБОТА» – ЖЕКЕМЕНШІК БАЛАБАҚША

Жылыой ауданында алғаш рет іске қосылып отыр 

Құлсары қаласының Аэропорт ықшамауданында жанұялы кәсіпкер Алпамыс Қалдыбаев пен оның зайыбы, мектепке дейінгі балалармен жұмыс істеуде елеулі тәжірибесі бар маман Зәуре Жұмабаева ауданда алғаш рет жекеменшік «Ақбота» балабақшасын ашты. Ашылу салтанатына аудандық әкімдік, демеуші мекемелер өкілдерімен қатар, өңірдегі балабақшалар меңгерушілері де қатысып, іс-тәжірибелерімен бөлісті. 

 

Балабақша елу балаға лайықталған. Мекеменің жұмыс режиміне сәйкес жас өскіндердің өміртаным оқуына, бір мезгіл ойнап бой жазуларына, демалуларына және сәбилерді түрлі өнер саласына баулуға қажетті жағдайлар жасақталған.

Жиында аудан әкімінің орынбасары Нұрадин Өмірбаев құттықтау сөз сөйлеп, «Ақбота» мектепке дейінгі мекемесінің ашылуын «Балапан» бағдарламасы аясындағы іс-шараларға кәсіпкерлер тарапынан қосылған үлес деп бағалады. Нұрадин Жұмашұлының айтуына қарағанда, ауданда мектеп жасына дейінгі 11749 бүлдіршін бар болса, күні бүгін он бір балабақшада 2500 бала тәрбиеленіп жатыр. Өңірде мектепке дейінгі мекеме кезегінде әлі де 4-5 мың бала кезекте тұр. Десек те, биыл жыл аяғына дейін тоғыз балабақшаны пайдалануға беру жоспарланып , оларға 1720 бала қамтылмақшы. Атап айтқанда, Ақкиізтоғай, Тұрғызба, Қосшағыл, Шоқпартоғай елді мекендерінде, Жаңа Қаратон кентінде жас сәбилер көз алдарында салынып жатқан балабақша есігін ашуды асыға күтіп отыр. «Автожолшылар» қалашығында КТК мекемесі 200 орындық, Теміржолшылар аймағында жеке кәсіпкер Мағау Мерғалиев 165 орындық балабақша құрылысын жүргізу үстінде. Сонымен қатар, №19 мектептің жаңа құрылысы бітіп, пайдалануға берілгеннен кейін оның бұрынғы ғимараты да балабақша мекемесіне лайықталып, іске қосылмақшы.

«Берсең – балаға бер!» демекші, қуанышты жиын үстінде кәсіпкер Мәриям Бегайысова, Құлсары мұнай құбырлары басқармасы бастығының орынбасары Владимир Бостанжиев, «Транс» компаниясы басшылығы атынан Серік Қабдешов те жекеменшік балабақшаның алғашқы қадамына сәттілік тілеп, бүлдіршіндер қажеті үшін сый-сияпаттарын жасады.

Қаржау Оразбаев, меншікті тілшіміз, Жылыой ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз