Қазақстан германиялықтарға құрт және жент жасауды үйретіп жатыр
Atr.kz/7-наурыз. 2019 жыл. Қазақстан туризмі әлемнің ең ірі туристік көрмесі — ITB Berlin-де таныстырылды.
Көрме аясында «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ және Messe Berlin келесі жылы Астанада берлиндік көрменің аналогы ITB Eurasia көрмесін өткізу бойынша келісімге қол қойды.
Дүние жүзіндегі ең ірі халықаралық туристік көрме ITB Berlin-ге әлемнің 181 елі қатысуда.
Кеше ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының және Қазақстанның Германия Федеративтік Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Болат Нүсіповтің қатысуымен көрмедегі қазақстандық стендтің ашылу салтанаты өтті.
Ресми ашылудан кейін стендте «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ және Messe Berlin арасында берлиндік көрменің аналогы ITB Eurasia көрмесін келесі жылы Астанада өткізу жөніндегі келісімге қол қою рәсімі өтті.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитетінің және Алматы қаласының Туризм басқармасының қатысуымен ұйымдастырылған қазақстандық стендтің негізгі концепциясы – еліміздің мәдениеті мен этника болды.
Биыл Берлин қаласындағы көрмеде «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ ұлттық тағамдарға, көшпелі өркениет мұрасына, Қазақстанның мәдени және табиғи орындарына ерекше мән беріп, этникалық және мәдени туризм тақырыбын ұсынды.
Стендте өтетін шеберлік сыныптарында қонақтарымыз құрт және жент жасауды, сазсырнай музыкалық аспабын жасауды үйрене алады. Сондай-ақ көрмеде бірегей «бармен-шоу» өтпек: қонақтарға қымыздан жасалған түрлі коктейльдерден дәм татуға мүмкіндік беріледі.
Осылайша, бес күн ішінде қазақстандық стендте келуші қонақтар еліміздің мәдениетімен және салт-дәстүрлерімен танысады. Бұған қоса, көрмеге келушілер Бозжыра шатқалы бейнеленген фотозонаның алдында суретке түсіп, виртуалды шындық көзілдірігін тағып көріп, дәстүрлі дастархан түрінде жасалған арнайы b2b аумағында қазақстандық туристік компаниялармен келіссөздер жүргізе алады.
Көрмедегі қазақстандық делегация құрамына 30-дан аса адам кіреді, олардың ішінде елге турист әкелуші туристік компаниялардың, қонақ үйлер мен өңірлік туризм басқармаларының өкілдері бар.
Статистикалық алдын ала деректер бойынша, 2018 жылы Германиядан Қазақстанға келген адамдар саны 100 мыңға жуық
Баян ЖАНҰЗАҚОВА.