ҚАЗАҚ ӘУЕНІ ШЕТ ЕЛДЕ ҚАЛЫҚТАЙДЫ

Дина Нұрпейісова атындағы облыстық академиялық халық аспаптар оркестрі қазақ мәдениетін халықаралық дәрежеде насихаттау мақсатында гастрольдік сапармен Германия, Түркия және Австрия елдеріне аттанды.

Оркестр он күн бойы Түркияның Маниса, Стамбул, Германияның Берлин, Мюнхен және Австрияның Вена қалаларында өнер көрсетеді. Атыраулық өнер ұжымы гастрольдік концертін бүгін Маниса қаласындағы муниципалитет мәдениеті орталығынан бастайды.

 Оркестр репертуарында көптеген туындылар бар. Атап айтсақ, Түркештің «Көңіл ашар», Е.Құсайыновтың «Атырау – алтын орда», Тәттімбеттің «Сылқылдақ, Н.Тілендиевтің «Өз елім», «Аққу», Құрманғазының «Адай», «Көк ала ат», Д.Нұрпейісованың «16 жыл», Алмат Сайжанның «Хан Кене», Жаяу Мұсаның «Ақ сиса», Ықыластың «Жез киік», Мұхиттың «Айдай»,  А.Жайымовтың «Ереуіл атқа ер салмай» және басқа да көптеген туындыларын орындамақ. 

Оркестрдің бас дирижері «Құрмет» орденінің иегері – Орақ Жауыров. Бұған қоса, ҚР-ның «Мәдениет қайраткері» Рахила Құлсариева да оркестрге дирижерлік етеді. Сондай-ақ, этномузыкатанушы, күйші-композитор Ақнар Шәріпбаева, вокалистер конкурсының лауреаты Аманжан Басығариев, Майра Уалиқызы атындағы халықаралық конкурстың лауреаты, Нартай Бекежанов атындағы Республикалық конкурстың бас жүлдегері Ақмарал Ноғайбаева, Республикалық конкурстардың лауреаты, ҚР «Мәдениет саласының үздігі»  Гүлжазира Әуезова, ҚР «Мәдениет қайраткері» Маржан Төреханова, композитор Арман Жайымов солистер Аманжан Басығариев, Маржан Төреханова, Ғарибжан Мұқанғалиев, Ақмарал Ноғайбаева, Қайрат Кәкімовтер оркестрмен бірге өнер көрсетеді.

Жоспар бойынша оркестр ұжымы 30-ншы наурыз күні елге оралады.

Айгүл ЕРТІЛЕУ. 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз