Жарнама
ЖаңалықтарСарапTimeЭкономика

ҚАРЖЫ ПИРАМИДАЛАРЫ: Оңай олжа ма?

Atr.kz/17 мамыр, 2019 жыл. Қазір қаражатты табу көзі жеткілікті. Өз ісіңізді ашуға жүрексінсеңіз, сан алуан инвестициялық қорлар, желілік бизнестер бар.

Мұндай кәсіп түрлерін ұсынушылардың түсіндіруінше, бастапқы жарнаны жұмсасаңыз болғаны, біртіндеп пайыз өседі. Демек, пайда да молая түсіп, байлыққа кенелесіз. Бірақ, қалталы болудың жолы соншалықты оңай ма? Көп ақша табудың орнына сан соғып қалып жатқандар неге азаяр емес? Айласын жүзеге асырғандар жазасыз қала ма? Сенімнен гөрі, күдікті көбірек ұялататын қаржы пирамидасын қалай анықтаймыз?

Жуырда танысым телефон шалып, қосымша табыс табудың жолдарын түсіндірді. Бастапқыда оған аса қызығушылық таныта қоймағанмен, әңгімелесушімді толық тыңдауға тура келді. Айтуынша, отбасы бюджетінен үнемдеген аз-мұз қаржысын белгілі қорға аударады. Бір апта өтпей жатып-ақ пайыз өсіп, есепшоттағы қаражат көлемі ұлғаяды. Екі-үш ай бойы аздаған үстемелерге ие болған танысым бұған отағасын да тартады. Әзірге табысынан салымы көбірек әңгімелесушім алдағы уақытта көл-көсір пайдаға қол жеткізетініне сенімді. Бірақ, сол үміт ақтала ма? Әлде, бұл тағы да «әйгілі» қаржы пирамидасының бір сатысы ма? Аты өзгергенмен, заты сол күйінде қалған айлакерлер қазір жымысқы әрекеттерін қалай кәдеге асырып жүр?

Шын мәнінде мұндай пирамидалар табысты активтерге салынған қаржы есебінен түсетін пайда емес. Керісінше, жаңа салымшыларды тарту нәтижесінде олардың қаражаты есебінен құрылған ақшаның айналу схемасы екені даусыз. Бұрын тұтынушының салымын жалған жоба мен түсініксіз қорларға құю ұсынылса, енді халықты гүл өсіру, жалған зауыттар және кен орындарын дамыту секілді псевдоматериалдық құндылықтарды жасауға шақырады.

68885915790723aaa

ҚР Ұлттық Банкі Атырау филиалы қаржы ұйымдарын бақылау және қаржылық қызметтерді, тұтынушылардың құқықтарын қорғау бөлімінің басшысы Асланбек Қабесовтың түсіндіруінше, ақша салу жолымен пирамидаға кіру ерікті негізде орын алады. Өкініштісі сол, онда құқықтық қызмет көрсету және салынған ақшаны қайтарудың кепілдігі болмайды. Жалпы, сатылы түрде жүзеге асатын табыс көзінің тартымды талаптарының бірі – қысқа мерзімде үлкен кіріс алу мүмкіндігі. Оның қағидасы бойынша алаяқтық жасау үшін пайдаланылатын құрал ретінде «бағалы қағаздар», сондай-ақ, қарыз, траст, сақтандыру шарттары қолданылады.

− Кейбір кездері пирамидаұйымның құрылтайшылары алынған ақшаны негізгі құнды қағаздарға, қорларға инвестициялайды. Алайда, бұл жағдайда да енгізілген ақшаның негізгі үлесі маңызды жобаларға жұмсалмайды. Себебі, ол уәде етілген жоғары кірістерді төлеу үшін қажет, — дейді Асланбек Шеркешбайұлы. Ш ы н т у а й т ы н д а , пирамидадағы ұтыс мөлшері шығынға ұшыраған салымшылар саны мен олардың ұтылыс көлеміне тікелей байланысты.


Онда бір ғана қатал заң бар – белгілі топтың қалтасындағы ақшаны алып, екіншісіне салу. Басқа жақтан пирамидаға ешқандай қаржы түспейді. Сала мамандары айлакерлердің құрығына ілініп қалмас үшін қарапайым қағидаларды сақтау керектігін айтады. Мәселен, уәкілетті органның депозиттерді қабылдауды іске асыруға лицензиясын талап ету, компанияның беделін және берген ақпараттың дәйектілігін зерделеу қажет.

− Депозиттерді қабылдауды жүзеге асыруға лицензиясының болмауынан сақтану қажет. Азаматтардан ақша қабылдайтын тиісті лицензиясы жоқ ұйымның қызметі – заңсыз. Егер табысты жобалар туралы сөз қозғалғанда салымшылардың қаражатын инвестициялау схемасына қатысты ашық түсіндірмелердің болмауы – пирамидаға тартудың айқын белгісі. Жалғанның «құрбанына» айналмас үшін қарапайым қырағылықты сақтап, ақшаны сенімсіз компанияларға сеніп тапсырмау қажет.

piramida

Тағы бір айта кетер жайт, а л а я қ т а р а д а м д а р д ы ң «сараңдығын», жылдам қаржы табу және баю ниетін жақсы пайдаланады. Сондықтан – олар жылдық 20, 50, 100 пайыз кіріс алатынына оңай уәде береді. Егер сізге ұсынатын банктік салымдар бойынша қазіргі кезде қолданылып жүрген пайыздан (жылдық 9-10 пайыз) асатын болса, оған күмән туғызу керек.

Сонымен қатар, қарыз шарты бойынша қаражат тартатын компанияға сенуге болмайды. Корпоративтік іс-шараларға, түрлі жүлделер, сыйлықтар, жолдамалар ұтыстарына қатысуға шақырудан бас тарту қажет. Компания ақшаны салымшылардан қалай қабылдайтындығына назар аударған жөн. Сосын кәсіпорынның иелері және басшылығы туралы ақпаратты зерделеген абзал. Ал, уақытша бос ақшаның пайызын өсіріп, көбейткіңіз келсе, лицензиясы бар қаржы ұйымдарына орналастыру орынды болары сөзсіз, — дейді Асланбек Қабесов.

Дүниежүзінің әр түкпіріндегі түрлі түсті және үлкенді-кішілі қаржы пирамидаларының ішіндегі гүлденудің шырқау биігіне көтерілген, күйрей отырып миллиондаған адамдардың тағдырын күйзелткен Мавроди ұйымдастырған «МММ» АҚ қаржы пирамидасы еді. «МММ»-нің «іс-әрекетінен» әртүрлі есептеулер бойынша 10-15 миллион салымшы жапа шеккен. Ал, 50 адам өзіне қол жұмсаған.

P.S: Өкінішке қарай, ақшаны «қолдан жасаудың» түрлі амал-тәсілдерін меңгерген айлакерлер осылайша жұрттың адал еңбекпен тірнектеп жинаған қаражатын пайдалануын қояр емес. «Аңқау елге арамза молда» демекші, қаржылық сауаттылықтың аздығынан «бармақ тістеп» қалып жатқан жандар жетерлік. Ендеше, бұған да тосқауыл қоятын уақыт әлдеқашан жетті.

Айбөпе САБЫРОВА

Қаржы пирамидаларының құрылымы, қызмет түрлері мен жаңа қатысушыларды тарту тәсілдері әртүрлі. Соның өзінде мамандар оның алаяқ топ екенін төмендегі белгілерге қарап анықтауға болатынын ескертеді.

1. Уәкілетті мемлекеттік органның (Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің) депозиттер қабылдауға лицензиясының болмауы;

2. Ұйымның белгілі бір қызмет түрінің, жарғысының, мемлекеттік тіркеуінің жоқтығы;

3. Ұйымның қаржылық жай-күйі туралы қандай да бір ақпараттың көрсетілмеуі;

4. Салымның сақталуына кепілдіктің ұсынылмауы;.

5. Салынған қаражаттың қарыз алу нарығы бойынша орта деңгейден асатын негізсіз жоғары кірісті уәде етуі;

6. Әрбір тартылған жаңа қатысушыға бонустар төлеуге сенім ұялату;

7. Міндетті кіру жарнасы;

8. Бұқаралық ақпарат құралдарында, ғаламтор желісінде жаппай жарнамалау;

9. Компанияның түрлі бағдарламаларының қатысушыларына қымбат сыйлықтарды тапсыра отырып, жарнамалық шоу-презентацияларын ұйымдастыру; 10. Кіріс көздері, қаражат айналымы, бизнес-процестер және тағы да басқа құрылымының ашық болмауы.

  • *Егер сіз ақшаңызды сеніп тапсырғыңыз келіп отырған ұйымда аталған белгілердің бірнешеуі болса, «қаржылық пирамида емес пе?» деп ойланғаныңыз жөн.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button