Қаражат тартудың жаңа жолдары қандай?
Atr.kz/17 мамыр, 2019 жыл. Инвестиция тартуда Қазақ елі аймақта көш бастап тұр. Мұнда алпауыт компаниялардың алаңсыз жұмыс жасауына барлық жағдай жасалған.
Қазақстандық үлесті дамытуға, мамандарды кәсіби оқытуға, еңбекке кеңінен тартуға маңыз берілуде. Бұрын сырттан келгендер шикізат өндірісін айналшықтаса, енді ауыл шаруашылығына қаржы салушылар көбейді. Атырауда өткен еліміздің инвестициялық климатының дамуы мәселесін талқылаған «дөңгелек үстелде» осындай оң өзгерістер айтылды. ҚР Парламент Сенатының қаржы және бюджет жөніндегі комитетінің мүшелері, мемлекеттік органдар, шетелдік компаниялар мен бизнес қауымдастығы өкілдері стратегиялық инвесторларды тарту және экономиканың басым бағыттарында «зәкірлі инвесторлармен» біріккен кәсіпорындар құру жөнінде пікір алмасты.
Елу елмен серіктес өңір С ы р т т а н к е л г е н инвестицияның үштен бірі Атыраудың экономикасына салынуда. Аймақта әлемнің 50 елінің 1 мыңнан астам компаниясы жұмыс жасайды. Ішкі инвестицияның көлемі де өсіп отыр. Ол ауыл шаруашылығы, мұнайхимия, тағы басқа салаларды қамтиды.
– Елбасының әр өңірдің мүмкіндігін пайдалана отырып, экономиканы әртараптандыру туралы тапсырмасы бар. Атырау облысы – өнеркәсіптік өндірісте көшбасшы, яғни, республикалық көлемнің 25 пайызы мұнайлы өңірдің еншісінде. Өңдеу өнеркәсібіне де көңіл бөліп отырмыз. Ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі секілді басқа салаларға да инвестиция тартуға мүдделіміз, — деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.
Бүгінде шетелдік компанияларда қазақстандық үлесті арттыру үшін алдын ала келісім-шарттар енгізіліп жатыр. Бұрын сырттан тасымалдайтын олар енді бар керегін жергілікті жерден табуда. Сенатор Ғұмар Дүйсембаевтың пікірінше, елімізде инвестициялық тартымдылықты қалыптастыратын мүмкіндік жеткілікті. Қаражат тартатын жүйе қалыптасқан. Дегенмен, шешімін күткен мәселелер бар.
– Шетелдік компаниялар аяқ астынан тендер өткізіп, қажеттісін шетелден алып келеді. Ал, біздің мекемелер шет қалып жатады. Осының себебін сұрасақ, олар «Қазақстанда құрылғы жоқ, сондықтан мұндай өнім шықпайды» деп жауап береді. Осындай жағдайда қазақстандық үлесті арттыру үшін алдын ала келісім-шарттар енгізудің маңызы зор. Жаңа құрылымдар таза отандық бола ма, әлде бірлескен кәсіпорындар құрыла ма, қалай еткенде де жаңа жүйе мүмкіндігімізді еселей түсуге жол ашады, — деген сенатор 2012-2016 жылдары «Атырау» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына жаңа жобалар жасау үшін 13 млрд. теңге бөлініп, осы уақыт аралығында 35 жоба іске асқанына тоқталды.
Жеті жоба жүзеге асуда Атыраудағы жиында инвесторларға салықтық жеңілдіктер жасау, шетелдік жұмыс күшін тарту жөніндегі ресімдерді оңайлату туралы айтылды. Тиімділігі төмен арнайы экономикалық аймақтарға байланысты да мәселе талқыланды. Сыртқы істер министрлігі Инвестиция комитеті төрағасының орынбасары Лариса Жұмағалиеваның баяндауынша, биылғы қаңтарнаурыз айларында негізгі капиталдағы инвестиция мөлшері 7 пайызға артып, 2,1 трлн. теңгені құрады. Атырау облысында инвестиция көлемі осы уақыт аралығында 10,3 пайызға артып, 1 трлн. теңгеге жетті.
– Атырау облысында шетелдік инвесторлардың қатысуымен қолға алынған жобалар қатарында 11,4 млрд. доллар сомасындағы 7 жоба бар. Оның ішінде 4,7 млрд. доллардың төрт жобасы жүзеге асып жатыр. Ал, 6,7 млрд. доллардың үш жобасы дайындалуда, — деді Лариса Жұмағалиева.
Кешен құрылысы қашан басталады? Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов мұнайхимия саласындағы ірі жобаларға тоқталды. Соның бастысы – полипропилен және полиэтилен өндіру кешені. Бұл жобаның стратегиялық серіктесі – Borealis компаниясы. Қазіргі уақытта жобалық құжаттамасы дайындалып жатыр. Құрылыс 2021 жылы басталады деп жоспарлануда.
Азамат БАЗАРБАЕВ