КАРАНТИН және КӘСІП: Нақты қай кәсіпкерлер жұмысын бастай алады? (толық ақпарат)
Atr.kz/17 тамыз, 2020 жыл. 2020 жылғы 17 тамыздан бастап барлық өңірлерде жұмысын қайта бастайтын кәсіпкерлік субъектілерінің қызмет түрлерінің тізбесі бекітілді.
Олар: СОСО, сауда үйлері (бутиктер), сауда желілері, жабық базарлар (толымдылығы 30%-дан аспауы тиіс, 1 келушіге 4 ш. м); сұлулық салондары, шаштараз, СПА орталықтары, косметологиялық қызмет көрсететін нысандар (алдын ала жазылу бойынша 1 келушіге 4 ш.м.); бассейні жоқ фитнес орталықтары (толымдылығы 50%-дан аспауы тиіс, 1 келушіге 5 ш.м.), бассейні жоқ моншалар мен сауналар (толымдылығы 50%-дан аспауы тиіс, 1 келушіге 4 ш.м.); балаларға арналған түзету кабинеттері, балалар және ересектерге білім беру орталықтары (топтарда — 5 адамнан артық емес, жазылу бойынша); мектепке дейінгі балалар мекемелерінің кезекші топтары (15 адамнан артық емес); ашық ауадағы аттракциондар (қашықтықты сақтау, маска тағы, адамдар ағынын реттеу).
Жұмыс берушілерге қызметкерлердің кемінде 80% үшін қашықтан жұмыс істеу форматын сақтау ұсынылады.
Айта кетсек, 13 тамызда Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен мемлекеттік комиссия отырысында қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, Карантин шараларын кезең-кезеңімен алып тастау жоспары қаралды. Алайда, 17 тамыздан бастап бірқатар нысандардың жұмысына тыйым сақталды.
Еске салсақ, Қазақстанда шілде айының ортасында екі аптаға созылатын карантин енгізілген болатын. 29 шілдеде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру жөнінде кеңес өткізіп, карантин шараларын тағы екі аптаға ұзартуды тапсырған еді.
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен ведомствоаралық комиссия Президент тапсырмаларын ерекше бақылауға алды. Екі аптаға созылған карантинге байланысты төлем міндетті түрде жүргізіледі. Алайда, бұрынғы соманың жартысы, яғни 42 500 теңгенің жартысы – 21 250 теңгеден беріледі. Бұл қаржыны қазақстандықтар автоматты түрде алады.
***
Коронавирусқа байланысты эпидемиологиялық ахуалдың тұрақталуына байланысты ҚР Үкіметі карантин шараларын кезең-кезеңімен жеңілдету жоспарын бекітті. Осыған сәйкес 17 тамыздан бастап сауда орталықтары, қоғамдық тамақтану нысандары, автосалондар, балаларға білім беру мекемелері және өзге де бірқатар бизнес нысандарынан шектеулер алынады.
Алайда, ҚР Бас санитарлық дәрігердің биылғы 14 тамыздағы № 47-ші қаулысына сәйкес, талапқа сәйкестік туралы актіні алу үшін барлық кәсіпкерлік субъектісі www.infokazakhstan.kz. электрондық порталында тіркеуден өту қажет. Санитарлық талаптарға сәйкестік актісін (жұмысты бастауға әзірлік туралы акті) алу 3 қадамнан тұрады: сайтқа кіру, бас санитариялық дәрігердің қаулысын жүктеу, онымен танысқандығы жөнінде электрондық цифрлық қолтаңбамен растау, әзірлік туралы актіні алу.
Сондай-ақ бұл тәртіпке объектінің әзірлігін тексеру де кіреді. Кәсіпкер сәйкестік актісін басып шығарып, көрінетін жерге немесе кіреберіске іліп қоюы (мониторингілік топ келген жағдайы үшін) қажет.
«Бизнестің санитарлық қауіпсіздік талаптарына барынша жауапкершілікпен қарауы өте маңызды. Өйткені бұл талаптар Кәсіпкерлер палатасы базасында кеңінен талқылаудан өтіп, қабылданды. Айта кету керек, бизнестің жауапкершілігін арттыруды ескере отырып, біз кәсіпкерлік қызмет түрлерінің 90 пайызына дейін хабарлама жасауға келістік. Мұндай жағдайда бизнес санитарлық талаптарды қатаң сақтауға кепілдік береді. Тікелей тексеруші келмегенімен, қоғамдық қадағалау, кез-келген келуші құқық бұзушылық туралы ақпаратты бақылаушы органдарға жібере алады. Мамыр айында карантин аяқталғаннан кейін болған жағдай бизнестің санитарлық талаптарды сақтауы өте маңызды екенін көрсетті, өйткені мұндай нысандарда халық көп жиналады», — деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.
Кәсіпкерлер арасындағы талап бұзушылықтың алдын алу және анықтау үшін қоғамдық бақылау жұмыс істейтін болады.
Сондай-ақ www.infokazakhstan.kz сайтындағы санитарлық талаптардың бұзылуы туралы ақпаратты СЭС қызметіне жіберу қарастырылған.
«Кәсіпкерлік қызметті www.infokazakhstan.kz порталында тіркемей қайта бастау — бұл заң бұзу екенін ескерткім келеді. Кәсіпкерлерді осы порталдың мүмкіндіктерін пайдалануға шақырамын, ол қосымша құжат толтырудан босатады, 10 минут ішінде өтінім жіберуге мүмкіндік береді. Санитарлық қауіпсіздік талаптарын мүлтіксіз сақтай отырып, біз бірге аурушаңдықты төмендету бойынша оң трендті сақтауға үлес қосамыз», — деді Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.
www.infokazakhstan.kz электрондық платформа биыл 14 тамыздан бастап жұмыс істейді. Алғашқы тәулікте 5,8 мың кәсіпкерлік субъектіден өтінім қабылданды.
«ҚазАқпарат»