Қаламгерлер құрметке бөленген күн
Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық филармонияда Ақпарат және байланыс қызметкерлерінің кәсіби мереке-сіне арналған салтанатты жиын өтті. Оған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қатысып, аймақтың журналистика саласына еңбегі сіңген ардагерлер мен облысымыздағы газет, телеарна қызметкерлерін арнайы құттықтады.
– Еліміздегі тыныштықты сақтауға, қоғамдағы тұрақтылықты қалыптастыруға сіздердің қосатын үлестеріңіз зор. Жақсы жаңалықтың жаршысы бола білдіңіздер. Әрбір сәтті қалт жібермей қалам ұшына іліктіріп, өз мамандықтарыңызды адал атқарып, халықтың мұң-мұқтажын жеткізіп отырасыздар. Журналистер — шын мәнінде бұқара мен биліктің ортасындағы алтын көпір. Облысымыздағы газеттер мен телеарна саласындағы әр қаламгер өз редакциясы ұстанған позицияны қорғай отырып, адал еңбек етуде. Өздеріңіз таңдаған мамандықтарыңыздың талабына сәйкес тынымсыз ізденіп, «сегіз қырлы, бір сырлы» дегендей, таланттарыңыздың сан қырын аша білдіңіздер. Елімізде жүзеге асып жатқан жобаларды халыққа жеткізіп, игі істерге куә болып жүресіздер. Бүгінгі мерекеде осы залда отырған аталмыш саланың ардагерлерін де кәсіби мерекемен құттықтаймын. Сіздер соңдарыңыздан лайықты ізбасарлар тәрбиеледіңіздер. Олар да қазіргі таңда қалам қуатын танытуда еселі еңбек етуде. Бір кезде өмірімізге радио мен телевидение енгенде газет-журналдарға сұраныс азаюы мүмкін деген күдіктер өзін ақтаған жоқ. Дәл қазіргідей электронды ақпарат тасқынының ортасында қайнай жүріп те тасқа басылған сөздің құдіретінің ешқашан өз мәнін жоймайтынына сенімдіміз, — деді аймақ басшысы Нұрлан Асқарұлы.
Құттықтау сөзден кейін облыс әкімі Ақпарат және коммуникация министрлігі атынан Атырау журналистикасының ардагерлеріне «Баспасөз саласының үздігі» төсбелгісін табыстады. Олардың қатарында Шөпенғали Дәуенов, Қилыбай Қуанышбай, Төлеген Жаңабай, Қуандық Батыров, Айтқали Нұрғалиев, Әлібек Қайыров, Любовь Монастырская, Өтепберген Әлімгерей, Өтеген Нәукиев, Саламат Сабыр бар.
— Қымбатты Атырау өңірі журналистикасының байрағын биік көтеріп келе жатқан ақпарат саласының қызметкерлері! Баршаға мереке құтты болсын, шығармашылық табыс тілеймін, — деген өңір қаламгерлерінің абызы Шөпенғали Дәуеновтың сөзі залға ерекше әсер берді.
Одан кейін сөз алған Любовь Монастырская мен Айтқали Нұрғалиев те осы саланың майталмандарын кәсіби мерекемен құттықтады. Өңір басшысы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігінің Алғыс хатымен «Ақ Жайық» газетінің тілшісі Зүлфия Байнекееваны, «Алтын ғасыр» газетінің редакторы Жұмабай Доспановты, «Казахстанская правда» газетінің Атырау облысындағы меншікті тілшісі Ринат Құлмағамбетовты, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Алғыс хатымен «Қазақстан РТРК» АҚ Атырау филиалы директорының орынбасары Жанар Байсемізованы марапаттады.
Келесі кезекте қазіргі таңда журналистика саласында жемісті еңбек етіп жүрген бір топ қаламгерлер облыс әкімінің Алғыс хатын иеленді. Олардың қатарында облыстық «Атырау» газетінің фототілшісі Ерлан Алтыбаев, облыстық «Атырау» газетінің бөлім меңгерушісі Айгүл Ертілеуова, «Қазақстан РТРК» АҚ Атырау филиалының аға дизайнері Жандарбек Жұмабек, «Қазақстан РТРК» АҚ Атырау филиалының режиссері Райымбек Жәнібеков, «Қазақстан РТРК» АҚ Атырау филиалының редактор-жүргізушісі Шолпан Сисенәлиева, «Прикаспийская коммуна» газеті бас редакторының орынбасары Наталья Оразғалиева, «Дендер» газеті бас редакторының орынбасары Арал Байжігітов, «КТК» арнасының қызметкері Манас Шәріпов, «Қазақстан» ұлттық арнасының Атырау облысындағы меншікті тілшісі Айдос Қарабалин, «Хабар» арнасының операторы Темірлан Сұлтанғазиев бар.
Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА.
Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.