Туған жер – алтын тұғырың!

туған жер алтын тұғырыңjpg Жаңалықтар

Мұхтар КЕНҒАНОВ,

Жылыой аудандық мәслихатының хатшысы:

туған жер алтын тұғырыңjpg

Кең Жылыойдың еңсесін көтеріп, өзгелерден ерек сездіретін үш ерен қасиеті бар. Алдымен, мұнда Елбасы мақаласында аталған Пірдің соңы Бекет бабаның кіндігі кесілген. Бүгінде ол өмірге келген Ақмешіт ерекше күтімге алынған. Бұдан жиырма жыл бұрын аудан басшылығының ұйымдастыруымен, барша жұрттың қатысуымен оның басы жаңартылғанды. Қазір мұнда Ислам қажы Мырзабекұлы қызмет істейді. Көзі ашық, көкірегі ояу азамат. Келушілерге тағылымды әңгімесін айтады. Ақмешітте аруақты атамыздың әкешешесі мен ұлы Тоғай да жерленген.

Одан әрі, аудан территориясындағы Қарашүңгілден қазақ мұнайының алғашқы бұрқағы алынған. Республикада «қара алтын» өндірісі басталғалы ғасырдан аса уақыт өтті десек, оның қайнар көзі осында табылған. Қазір басында ескерткіш белгі бар. Аты әлдеқашан әлемге әйгілі Теңіз кен орны да бізде. Елбасы таяу келешекте әлемнің ең көп мұнай қоры бар бес мемлекетінің қатарына кіруді тапсырса, оған кәрі Ембі де сүбелі үлес қосары кәміл.Өйткені, соңғы жылдары жүргізілген геологиялық іздестіру жұмыстары осы төңіректе әлі мол мұнай бар екенін дәлелдеді.

Жылыой жерінен көне Сақ дәуірінің Алтын адамы табылды. Бұл өңір тарихының тым әріден басталатынын көрсетеді. Елбасымыз мақаласында «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді» десе, аудан шежіресінің де әлі ақтарылмаған парақтары жетерлік. Міне, өскелең ұрпақ соны санасына сіңіруі тиіс. Бүгінде Құлсарыда Алтын адамға ескерткіш орнатылған. Ауданда еңбек ететін алыс-жақын шетел азаматтарына оның тарихын мақтанышпен айтуға болады.

Мемлекет басшысы ұсынып отырған «Туған жер» бағдарламасының түпкі төркіні – жастардың бойында ата-баба мекеніне, көне тарихымызға, халқымыздың мәдениеті мен өнеріне, салт-дәстүріне сүйіспеншілігін ояту. Ал, оның орындалу тетігі – жастарды ауылға тұрақтандыру. Ендеше, оларды немен қызықтыру қажет? Жастарға қандай жайлы жағдай туғызу керек? Міне, күн тәртібінде тұрған мәселелер.

Осы орайда ауданда алғаш рет көп пәтерлі тұрғын үйлердің салына бастағанын айтқан абзал. Соның нәтижесінде жоғары оқу орындарын бітірген жас мамандар, мұқтаж жандар, көп балалы отбасылар баспаналы болды. Мәдениет ошақтары жаңғыртылуда, спорт нысандары тұрғызылуда. Мұның бәрі жастарымыздың ауылда тұрақтап, туған жерін түлетуге ұмтылыс танытуына септігін тигізеді. Енді осындай шараларды елді мекендерде жүзеге асырса, кіндік қаны тамған жерін тастап, қалаға шұбыратындар саны азаяр еді.

Қорыта айтқанда, Елбасының ерлікке үндейтін, елдікке бастайтын мақаласы әрбір азаматтың туған жерін сүюге, оның түтіні түзу ұшуына үлес қосуына серпін береді. Ал, аға буын міндеті – өскелең ұрпақ санасына шынайы патриоттық сезімді сіңіру, оны ата-баба дәстүріне сай тәрбиелеу.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз