Жарнама
ЖаңалықтарСарапTimeҚоғам

САРАПТАМА: Әлеуметтік желінің әлегі

Atr.kz/3 ақпан, 2020 жыл. Кеше ғана той үстінде екі езуі құлағына жеткен досым бүгін томсырайып қалыпты. Сөйтсек, сол тойдың тамағына тарпа бас салып жатқан сәті әлеуметтік желіні «жарған» екен. Содан кейін көпшіліктің бетіне қалай қарайтынын білмеген ол осындай мәселені газет бетінде көтеруге ұсыныс білдірді.

ЖАРҚ ЕТКЕН «ЖҰЛДЫЗДАР»

Расымен де, тойға бәріміз де барамыз және суретке түсіп те, түсіріп те жүрміз. Ал, сыртымыздан «селфилетіп» жүргендерді байқамаймыз. Оның бәрін бірдей бақылап отыру да мүмкін емес. Есесіне, келесі күні «Инстаграм» желісінде кімнің «жұлдызы жанғанын» білесіз. Сырт көзге түкке тұрмайтын ұсақ-түйек мәселе болып көрінгенімен, астарында ауыр жауапкершілік жүгі жатыр.

Атырау қалалық ішкі саясат бөлімінің маманы Саламат Сапаштың айтуынша, бұл жерде ешкімнен кінәрат іздеуге болмайды. Себебі, суретке түсіретіндер кәсіби фотографтар емес, біз бен сіз сияқты қарапайым той қонақтары.

– Сәтсіз суреттердің алдын алу үшін телефонға түсірер алдында өте мұқият болу керек. Сіз түсіргіңіз келетін адамның айналасында немесе артында тұрған бейнелерге мән берген дұрыс. Ал, сәтсіз шыққан кадрды телефон жадынан мүлде өшіріп тастаған жөн. Әйтпесе, телефоныңызды алған адам мұны әлеуметтік желіге жүктеуі мүмкін. Ал, желіде бір жарқ еткен сурет бір жұма бойы «хит» болуы ғажап емес. Тіпті, «ватсап» желісі арқылы дүйім жұртқа жайылса да, таң қалмаңыз, – дейді ол.

Бұл – мәселенің бір қыры ғана. Ал, жарияланған жазбалардың астында жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтардай қаптап кететін пікірлерді қайда қоясыз? Бірінің «аузынан ақ ит кіріп, көк ит шықса», екіншісі ар-намысқа тиетін сөздерді жаңбырша жаудырады.

ЖЕЛІДЕГІ ЖҮГЕНСІЗДІК

Ғаламторда құқығы табанға тапталған адамның мүддесін кім қорғайды? Біз осы және өзге де сауалдарды атыраулық заңгер Айдос Ибрайымовқа қойған едік. «Инстаграм», «Фейсбук» секілді әлеуметтік желіде азаматтардың ар-намысына нұқсан келтіретін сөздер жазатын желі қолданушылары жауапқа тартыла ма?» деген сауалымызға адвокат былай деп жауап берді.

«Егер нақты кім екені анықталса, заң алдында жауап береді. Көп жағдайда адамдар «ник», яғни, жасырын және басқа адам атымен немесе өзге біреудің суретімен желіге тіркеліп, әдепсіз сөздер жазып жатады. Мұндай деректер аз емес. Жалпы, жауаптылықтың үш түрі болады. Бұл – азаматтық, әкімшілік және қылмыстық. Әдепсіз сөздер ауыр немесе аса ауыр қылмыс санатына жатпайды.

Сондықтан, жасырын және өзге адам атымен немесе суретімен желіге тіркеліп, жағымсыз пікір қалдырғандарды полиция қызметкерлері іздемейді. Себебі, табыла қоюы екіталай. Алайда, әлеуметтік желінің тәртібін бұзған жасырын қолданушыларды бұғаттап қоюға толық мүмкіншілік бар» дейді ол.

ТҮЙІН

Халық арасында «аңдамай сөйлеген, ауырмай өледі» деген сөз бар. Яғни, ауыздан шыққанға дейін сөз адамға тәуелді болады. Ал, айтылғаннан кейін орындары ауысады.

Сайып келгенде, көп жағдай азаматтардың тікелей сана-сезіміне, ой-өрісі мен ар-ұятына байланысты екенін аңғаруға болады. Өйткені, заң шеңберінен тыс атадан балаға аманатталып келе жатқан адамгершілік қағидаттары бар емес пе? Бастауын әріден алатын әдеп сақтау ережелері тағы бар. Ал, сіз қалай ойлайсыз, ойлы оқырман?

***

Айдос САЙЫНҰЛЫ,

«MAXIMUM» адвокаттық кеңсесінің аға серіктесі:

«Жазғаны үшін жауап береді…»

– Егер теріс пікір иесінің кім екені белгілі болса, заң жүзінде нақты қандай шаралар алынады?

– Заңды бұзған адам ар-ождан мен абыройға келген залалды жойып, орнын толтыруы керек. Сондай-ақ, рухани залал құнын өндіруі тиіс. Бұл – азаматтық жауаптылық. Ал, әкімшілік жауаптылыққа кіретін ұсақ бұзақылық он бес тәулiкке дейiнгi мерзiмге әкiмшiлiк қамаққа алуға әкеліп соғуы мүмкін.

– «Фейсбукте» ойына келгенін ж а з а т ы н д а р ғ а қ ы л м ы с т ы қ жауапкершілік қарастырылған ба?

– Адамның қадiр-қасиетiне нұқсан келтiретiн немесе оның беделiн түсiретiн жалған мәлiметтер тарату қылмыс болып саналады. Көпшiлiк алдында немесе бұқаралық ақпарат құралдары мен телекоммуникациялар желілерін теріс мақсатта пайдалану да – қылмыс. Сыбайлас жемқорлыққа жол берді, ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасады деп жала жапқандар үш жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

– Жалған айып тағушылар айыптала ма?

– Ондай қылмысқа жауапты тұлға 200 айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл төлейді. Сол мөлшерде түзеу шараларына немесе 180 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылады.

Нұрғиса АХМЕТҰЛЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button