«СЫЙЛАНБАҒАН СЕЗІМ»

Жастар театрының жаңа қойылымы

«Құрманғазы» атындағы мәдениет сарайында «Жас интеллектуал» жастар ұйымы қоғамдық бірлестігінің жанынан құрылған «Жастар» әуесқой театры оралдық режиссер, әрі сценарий авторы Мұқанғали Томановтың «Сыйланбаған сезім» атты қойылымын көрермен назарына ұсынды.

Арада жетпіс жыл өтсе де соғыс деген суық сөздің зілбатпан салмағын ұрпақ санасынан өшіру мүмкін бе?! Ет жақынын жоғалтқан жетімек көңілдің наласын уақыт емдеп жаза алатын емес. Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай сахналанған бұл туынды туған үйге оралмаған майдангер мен қос балдаққа сүйенген жауынгерге, тылда бейнет кешіп, белі бүгілген еңбек адамына, қаралы қағаз алса да ұлын тосқан анаға, ерін күткен әйелге тағзым етуді мақсат тұтты.

Спектакль мазмұнына қысқаша тоқталып өтейік. Үш қыз, үш тағдыр… Осы үшеудің басын қосқан, оларды бір-біріне бауыр етіп жақын қылған – майдан даласы. Бұл қойылымда соғыста ерлікпен шайқасып, өрімтал жастығы мен асқақ армандарын ұрыс алаңында қалдырған осы үш қазақ қызы туралы баяндалады. 

Спектакльдегі әр кейіпкердің өз тағдыры бар. Лейтенант Мұрат Сағындықовтың бастан кешкен ауыр күндері, «халық жауы» деп атылған әкесіне, күйіктен көз жұмған анасына деген сағынышын жырға қосқан Салтанаттың ішкі шері көңілге ауыр мұң арқалатады.

Әке-шешесі аштан өліп, өзі де аштықтан әлсіреп жатқанда туған сіңлісін көз алдында қарға шұқып өлтірген Балаусаның жұдырықтай жүрегінің зары ше?! Бұл көрініс ұсақ-түйекке күйіп-пісіп, күнде көңілі тозған пендені тәубесіне түсіреді. Сондай-ақ, сүйгенінен хабар күтіп, «өмірім осылай өтеді-ау» деп күрсінген Қарагөз бен сержант Кәрім Аюповтың арасындағы маздаған махаббатты жас актерлер шеберлікпен әсерлі жеткізе білді.

Әскерге өз еріктерімен сұранып келген қазақ қыздары Салтанат Ысқақова, Қарагөз Мусинова, Балауса Ақанқызы неміс тілін жетік білетін еді. Олар он күн әскери тактиканы үйреніп, жау тылына баруға дайындықтан өтеді. «Сағыныш» атты құпия топқа сержант Кәрім Аюпов та қосылады. Көп ұзамай олар жау тылына аттанады. Үш ай бойы әскери тапсырманы мүлтіксіз орындаған үш бойжеткен майдан даласында көз жұмады.

Лейтенант М.Сағындықовтың рөлін Каспий өңірінің қазіргі заманғы колледжінің студенті Нұрлан Ережепов, сержант Аюповтың бейнесін Атырау индустриалды колледжінің студенті Ербол Қабдірешов сомдады. Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің студенттері Дана Мақажан – Салтанат рөлінде, Динара Құбиева – Қарагөз рөлінде ойнады. Ал, Балауса рөлін сомдаған Мәлика Әмірова – №12 орта мектептің оқушысы.

«Жастар» әуесқой театрының жетекшісі, спектакль режиссері Гүлнұр Қайырлиева:

– Театрға әртістерді кастинг өткізу арқылы қабылдадық. Қызығушылық танытқандар көп болды. Солардың ішінен жиырмасын таңдап алдық. Оқушылардан, студенттерден және қызметкерлерден құралған жастар ұжымы сенімді ақтады. Болашақта аудандарға, көршілес облыстарға шығып, өнер көрсетсек деген жоспарымыз бар. Бәрі қаржыға тікелей байланысты болғандықтан, әзірге оны уақыттың еншісіне қалдырдық. Дегенмен, облысқа осындай жастар театры керек екенін бүгінгі қойылыммен дәлелдедік, – деді бізбен әңгімесінде. Ендеше, сәт сапар, жастар!

Бағила САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз