Кадр бәрін шешеді
Биыл наурыз айынан бастап жас басқарушылардың өңірлік пулдарын қалыптастыру және өңірлерді дамытуға талантты жастарды тарту мақсатында өңірлік кадр резервіне іріктеу басталған болатын.
Талаптарға сәйкес, іріктеуге жоғары білімді, 35 жастан аспаған, 3 жылдан кем емес еңбек өтілі бар ел азаматтар құжаттарын тапсыруға мүмкіндік алды.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Ерлан Ермаханбетов, осы аптада мәресіне жеткен сында үміткерлер 5 кезеңнен тұратын кешенді іріктеуден өткендігін айтты.
Облысы бойынша 600-ге жуық адам құжат тапсырып, 479 адамның құжаттары қабылданып, тестілеу кезеңіне жіберілген. Комиссия қорытындысы бойынша 25 адам өңірлік кадр резервіне іріктелді. Жобаға қатысқандардың басым бөлігі – мемлекеттік қызметшілер.
– Резервке іріктеу басталар алдында бұл жобаға мемлекеттік қызметшілер ғана емес, басқа да салада жұмыс істеп жүрген азаматтар құжаттарын тапсыра алатындығын ескерткенбіз. Бақтарын сынаған жастардың арасында мұғалімдер, квазимемлекеттік сектор қызметкерлері, мұнай өндіру саласының мамандары, жеке кәсіпкерлер мен прокуратура органдарының қызметкерлері бар. Іріктеу индустрия және өнеркәсіп, экономика және қаржы, әлеуметтік сала, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және инфрақұрылым, агроөнеркәсіптік кешен және жер қатынастары, цифрландыру секілді бағыттар бойынша жүзеге асырылды, — деді Ерлан Мейрамханұлы.
Өңірлік резервке алынған азаматтар сайланатын лауазымдарды қоспағанда, жергілікті атқарушы органдарда «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналаса алады. Резервте болу мерзімі 2 жыл. Осы жылдар ішінде олардың білімдерін шыңдау бағытында іс-шаралар атқарылады. Ал, іріктеуден өткен азаматтар мемлекеттік қызметшіге жат әрекеттер жасайтын болса комиссия арқылы резерв қатарынан шығарылады.
Алмас ҚАБДОЛОВ
Суретті түсірген автор