Көз ауруы «жасарып» барады
Атырау қаласындағы офтальмологиялық орталықтарға келушілер қатары күн санап артуда. Егде адамдар өз алдына, олардың ішінде көз жанары әлсіреген жасөспірімдер мен балалар да бар. Дерттің бұлайша дендеп, «жасаруының» себебі неде? Жалпы, аурудың алдын алу үшін бізге қайтпек керек? Науқасты қабылдап, қажетті ем-домын жасауда бүгінгі медицинаның жағдайы нешік?
Облыстық офтальмология ауруханасының директоры Мұрат Құсайыновтың айтуынша, қазір көз ауруы алаңдатарлық жағдайға жетті. «Аурудың көбеюінің нақты себебін дәл басып айту қиын. Оған түрлі факторлар әсер етеді. Мәселен, теледидар, компьютер, телефон экрандарына ұзақ уақыт бойы телмірудің зияны шаш-етектен. Ал, бұларсыз бүгінде қызметіміз алға баспайды. Сондай-ақ, дұрыс тамақтанбау мен экологияның нашарлығын да атап өтпеуге болмайды. Осы жағдайлардың бәрі қосылғанда жанарымыздың әлсіреуіне әкеліп соғады» дейді ол.
Глаукома, катаракта, миопия…
Глаукома (суқараңғылық), катаракта, миопия, қыли деп аталатын көз ауруына шалдығушылар саны жылдан жылға артуда. Өкініштісі сол, жиырма жыл бұрын мұндай аурулар егде жастағыларда кездессе, қазір бұл туабітті ауруға айналып үлгерді.
– Глаукома – көздің ішкі қысымының жоғары көтерілуінен пайда болатын созылмалы ауру. Ал, көздегі қысымның артуы көп жағдайда адамға байқалмайды. Бірте-бірте асқынады. Сондықтан, әркім жылына екі рет көз дәрігерінен кеңес алып, көз қысымын өлшетіп тұрғаны жөн. Науқасқа бұл диагноз қойылғаннан кейін ол үнемі дәрігердің бақылауында болуы маңызды. Ал, көз бұршағының қарауытуы катаракта деп аталады. Бүгінде біздің аурухананың өзінде жылына 10-15 балаға катаракта үшін ота жасалады,-дейді Мұрат Жақыпұлы.
Мамандардың сөзіне сүйенсек, науқастардың бірқатары көру қабілеті тым қатты әлсіреп кеткенде ғана дәрігерге келеді. Мүлдем көрмей қалғанда дәрігерді іздейтіндер де бар. Егер глаукома анықталса, бұл жағдайда адамның бұрынғы көру қабілетін қалыпқа келтіру мүмкін емес. Ота жасап, дәрі-дәрмек тамызу арқылы көз қысымын тұрақтатуға ғана үміт болады. Қазір аталған денсаулық сақтау ұйымында бір күнде оннан аса ота жасалады. Аптаның төрт күні ота күніне арналғанын ескерсек, ауру санының қалай жетіліп жатқанын бағамдай беріңіз. Бұдан басқа, дертіне шипа іздеп, Ресейдің Орынбор, Волгоград қалаларына, басқа да шетел асып жатқандар қаншама?!
«Қалай десек те көз ауруына немқұрайлы қарауға болмайды. Адамның жүрекке маңыз беретініндей, көзге де аса сақтықпен қараған жөн. Бұл ретте шағым жоқ болса да скринингтік тексерулерге барып, әр адам көзін дәрігерге қаратуы тиіс. Компьютермен ұзақ жұмыс жасайтындарға әр сағаттың 15 минутында көзді демалтқан жөн. Балаларға ұялы телефон, планшет ұстатып, ұзақ уақыт теледидар қаратуға болмайды» дейді облыстың бас офтальмологы.
Медициналық қызметтің жайы нешік?
Он жыл бұрын ашылған бұрынғы аурухананың ескі ғимараты науқастарды толық қабылдай алмайды. Сол себепті, биыл мекемеде консультациялық-диагностикалық медициналық көмек ғимараты ашылды. Мұнда дербес амбулаториялық хирургиялық ота жасайтын бөлімше, клиникалық зертхана, екі диагностикалық бөлме, үш ауру қабылдайтын бөлме бар. Заманауи технологиялық аппараттармен толық жабдықталған нысан жүз адамды қабылдауға арналған. Дәрігерлер ресейлік мамандармен тәжірибе алмасуда. Орталық жұмысының нәтижесінде науқастарға қолайлы жағдайлар туғызылып, медициналық көмек уақытылы көрсетіледі.
– Бұл орында дер кезінде диагностика жасап, ем қабылдауды қамтамасыз ету мақсаты алға қойылғанын көріп қуандық. Балаларға арналған екі бөлме ашылып, ерте тексеру жұмыстары жүргізілуде. Бұған дейін қызымды Ресейдің Орынбор қаласына апарып қаратқан едім. Кейінгі ем-домды осы ауруханадан алып жүрміз. Заманауи жабдықтар жеткізілгеніне куәміз, — дейді Атырау қаласының тұрғыны Гүлбану Сәлімқызы.
Айта кету керек, мұнда балаларға арналған үш бірдей оңалту бөлмесі ашылды. Жаңа жеті аппаратпен қамтылып, екі дәрігер мен екі мейірбике Мәскеуде оқып, арнайы курстан өтті. Олар бүгінде балалардың диагнозына сай аппаратпен түрлі жаттығулар жасауға көмектеседі. Дәрігер кеңесіне сәйкес, науқастар үш ай сайын ем алуда. Сондай-ақ, ауруханаға глаукома, катаракта дерттері үшін жоғары мамандандырылған оталар жасайтын бірнеше аппарат алынды. Бұдан басқа, науқастарға қолайлы жағдай туғызатын «Қағазсыз емхана» жүйесі толық іске асып, дәрігер қабылдауына электронды кезекпен кіру мүмкіндігі жасалды.
P.S. Көз ауруларын болдырмас үшін, ең алдымен, «Тазалық – денсаулық кепілі» екенін естен шығармаған жөн. Жарық бөлмеде жұмыс жасап, арқа мен басты түзу ұстау, теледидарды қараңғыда қарамау, дәруменге бай тағамдарды ғана тұтыну секілді дәрігер кеңестеріне қашан да құлақ асып жүргеніңіз абзал-ау…
Алтыншаш Құрмашева