Көші-қон заңнамасын бұзған шетелдік азамат елден шығарылды
Атырауда көші-қон заңнамасын бұзған шетелдік азамат елден шығарылды. Құқық бұзушылық туралы іс Махамбет аудандық сотында қаралған.
Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлайды. Анықталғандай, Өзбекстан Республикасының азаматы биылғы жылдың жаз мезгілінде Бейнеу пункті арқылы Атырауға жеке мақсатпен келіп, 3 ай мерзімге дейін уақытша тіркелген. Кейін Махамбет ауданының Алмалы ауылына барып, жергілікті тұрғынмен құрылыс жұмыстарын жүргізуге келіскен.
Сөйтіп, өзбекстандық азамат Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасын өрескел бұзған. Сот отырысында шетелдік өз қателігін мойындап, ол жинақталған құжаттармен дәлелін тапты.
Нәтижесінде, сот қаулысымен өзбек жігіті Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 517-інші бабы, 2-інші бөлігімен кінәлі деп танылды және Қазақстан аумағынан әкімшілік жолмен шығарылды.
Сот қаулысы заңды күшіне енген.
Айдос Қарабала
Фото islamdag.ru сайтынан алынған