Жарнама
ЖаңалықтарШаһар шырайы

Көшеде – көлік кептелісі

Жыл санап емес, күн сайын көркейіп, гүлденген Атырау қаласы жаңарып келеді. Бауырмал балшығы мен жазында ызыңдаған масасымен есте қалған шаһар емес бүгін. Әсем ғимараттар мен бизнес нысандарды айтпағанның өзінде, тұрғындардың да әл-ауқаты мен тұрмыс сапасы айтарлықтай жақсарды. Десек те, кеңейген қала халқын алаңдататын бір мәселе бар. Бұл – автотұрақ жайы. Бұған дейін де бірнеше мәрте көтерілген түйткілді проблеманың түйінін тарқату үшін аймақта зерделеу жұмыстары жүргізілген болатын. Оның қорытындысымен облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Мұрат Өтешов қала активімен кездесу кезінде таныстырып, шешу жолдарын талқылады.

Көшеде - көлік кептелісі

Бір отбасында бірнешеуі бар

Иә, соңғы жылдары облыс орталығының бет-бейнесіне көз сүйсінеді. Халық игілігіне пайдалануға берілген демалыс орындары, жаңа нысандар, келбеті бір-бірінен асып түсетін зәулім ғимараттар, қайта жаңғыртудан өткен сауда үйлері қаланың ажарлана түсуіне оң септігін тигізді. Талонмен ғана ұсынылған азық-түлік, жабайы сауда, импорттық өнімдердің тапшылығы, бәрі-бәрі артта қалды. Оның үстіне, қазір заман талабы өзгерді. Мәселен, осыдан бірнеше жыл бұрын көлік мінгендер ауқаттылар қатарынан саналса, бүгінде автокөлік жай ғана қатынас құралына айналды.

Жылдан-жылға «темір тұлпар» тізгіндеушілер саны да, көлік түрлері де көбейді. Қаласаңыз, автомобиль нарығында отандық өнім де бар. Су жаңа көлік алуға қалтаңыз көтермесе, екінші деңгейлі банктер несиелеу бағдарламасын ұсынады. Нақтырақ айтқанда, бүгінгі таңда «темір тұлпарлар» – қолжетімді тауарлардың тізімінде. Бір отбасында бірнеше көліктің болуы да сондықтан шығар. Ал, осыдан біраз уақыт бұрын салынған жолдар оған тарлық ете бастады. Еліміздің ірі мегаполистері секілді таңертеңгілік, түскі, кешкі мезгілдерде қаланың орталық көшелерінде көлік кептелісі орын алады. Бірнеше есеге артқан автомобиль санына байланысты автотұрақ жайы  өңірдің өткір мәселесінің біріне айналды.

Үйдің алды толып тұр

Облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Мұрат Өтешовтың айтуынша, Атырау қаласында автотұрақ есебінде 66 жер учаскесі бар. Олардың көпшілігі элиталық үйлерге тиесілі. Қазірде аймақта 152 мыңдай көлік тіркелген, оның алпыс мыңнан астамы – облыс орталығында. Талдау мәліметтеріне сай, орташа есеппен әр отбасында кемінде бір көлік бар, сол себепті, көпқабатты үйлердің аулаларына автокөлікті қою тұрғындардың «бас ауруына» айналуда.

– Автокөліктің көптігі тұрғындарды алаңдатып отыр. Өйткені, ығы-жығы көліктен  көпқабатты үйлер айналасында жаяу жүретін жер таптырмайды.

Балаларға арналған ойын алаңдары автотұраққа айналған. Қаланың Нұрсая, Вокзал маңы, Сары-Арқа, Орталық, Алмагүл, Авангард шағын аудандарында жағдай тіптен қиын. Құлманов көшесіндегі №1 үйде «Атырау Гранд» деп аталатын ғимарат жанындағы автотұраққа елу шақты көлік тұрса, қалған тұрғындардың жеке көліктері жүргіншілер жолдарында, іргетастың үстінде тұр, — деген Мұрат Сақтайұлы бүгінде ата-аналар балалар ойнайтын орынның жоқтығына емес, ең алдымен қауіпсіздігіне көбірек алаңдайтынын жеткізді.

Ауадан ақша жасайтын  кімдер?

Осынау маңызды мәселені зерттеу барысында қоғамдық кеңестің зерделеу тобы біраз кемшілікті анықтады. Атап айтқанда, қаланың барлық дерлік ықшам-ауданында автотұрақтар аз. Соның салдарынан, көліктер кез-келген белгіленбеген жерге тұрып, кептеліс туғызып отыр. Сауда үйлері маңында автомобиль нөпірінен ине шаншар жер болмайды. Демалыс күні базарға бара қалсаңыз, көлікті алысырақ қойып, жаяу жетуге тура келеді.

– Талдау көрсеткендей, Дина базарындағы алты-жеті ақылы өткелдер арқылы күніне мыңдаған көлік құралдары тұрақ қызметін пайдаланады, егер оны ақшаға айналдырса, тек осы бизнестің тәуліктік түсімі 200-300 мың теңгені құрайды. Айлық, жылдық табыс қорытындысын есептеп алу қиын болмас. Пайда бар, бірақ базардағы көлік тұрақтарын жөндеу, жарық беру, асфальттау, іргетастарын салу, күзет, бейне бақылау қою жұмыстары мүлдем жүрмейді. Яғни, ауадан ақша жасалып жатыр, — дейді қоғамдық кеңес төрағасы Мұрат Өтешов.

Оның айтуынша, Атырау-Орал, Атырау-Ақтөбе жолайрықтарының кіреберісін, Перетаска, Дамбы, Тасқала, Атырау-Астрахань бағытына шығатын жолдар қиылыстарын жүк көліктері иеленіп, «жабайы» автотұраққа айналдырғанын, жан-жағы қоқыс пен бос шыныға толып тұратынын да жасырмады. Қаладағы такси тосуға арналған аумақтар көлемі тар, алты-жеті машинадан артық сыймайды.

Көшелер кеңейіп, арықтар салынды

Рас, «сын түзелмей, мін түзелмейді». Қалада автотұрақ мәселесі толықтай шешімін тапқан жоқ. Себебі, облыс орталығы қарқынды дамып келеді. Ал, осыдан 10-15 жыл бұрын қабылданған шешімдердің көпшілігінде болашақта болатын жайттар ескерілмеген. Атырау қаласының әкімі Әлимұхаммед Құттұмұратұлының баяндауынша, бұрын кейбір ықшамаудандардағы үйлердің жобаларында кемшілік көптеп орын алған. Дегенмен, проблема аяқсыз қалған жоқ. Автотұрақтарды кеңейту, «Дина» сауда үйінің көтерме сауда орындарын қала сыртына шығару, мал базарларының орнын ауыстыру бағытында нақты жұмыстар қолға алынды.

Қала әкімінің орынбасары Мейірім Қалауидың айтуынша, Атырауда 145 автотұрақ пен көлік қоятын орындар тіркеліпті. Соның есебінен бюджетке 7 131 067 теңге көлемінде төлемақы төленген.

– Қалалық сәулет бөлімі тек қана есепке алу жұмыстарын жүргізеді. Дегенмен, қалалық әкімдік тарапынан салынған құрылыстың нормалар мен ережелерге сәйкестігіне, келісілген нобайлық жобаға және нысанның толық аяқталуына мониторинг жүргізіліп отырады. Аталған нысандар бойынша кемшіліктер анықталған жағдайда, қалалық әкімдік тапсырыс берушіге, авторлық, техникалық қадағалаушыларға аталған кемшіліктерді жойып қалпына келтіру үшін арнайы мекемеге ұсыныс жолданады, — деген Мейірім Жоламанұлы, қалалық әкімдік қоғамдық кеңестің зерделеу тобы анықтаған келеңсіздіктерді болдырмас үшін көшелерді кеңейту, қайта жөндеу жұмыстарына басымдық беріп, кезең-кезеңімен шешу жолдарын қарастырып жатқанын жеткізді.

Мәселен, биыл жалпы көлемі 8 шақырымды құрайтын Баймұханов, И.Тайманов, Владимирский көшелерінің қайта жаңғырту жұмыстары аясында автокөлік жолын кеңейту шаралары жүргізіліп, жаяу жүргінші жолдары мен арықтар салынып, төсем тастар төселді. Осы жұмыстар кезінде автокөліктер үшін 16 орынға қалташалар салынған. Енді  қаладағы басты тағы 11 көшені қайта түзеу жұмыстары жоспарланып отыр. Қазір құрылыс жұмыстарының жобалау-сметалық құжаттары жасақталуда.

Қала жолдарындағы көлік құралдары санының едәуір көбеюіне байланысты бес жаяу жүргінші өткелін салу қолға алынып, оның екеуінің құрылысы басталған.

– Тұрғын үй массивіне айналып жатқан «Береке» ықшамауданындағы қозғалысты реттеу, тұрғындарға қолайлы жағдай туғызу, көлік кептелісін азайту мақсатында айналма жол құрылысын салу жұмысының жобалау-сметалық құжаттамасы аяқталу сатысында. Қала орталығындағы ескі гараж орындары – жекеменшік иелікте. Алайда, сол нысандарды мемлекеттік қажеттілікке алу үшін қолданыстағы заңдылықтарға сәйкес көптеген процедуралар жүргізілуі қажет. Бұл қомақты бюджет қаржысын талап етеді. Дегенмен, бұл мәселе бақылаудан түспейді, оны кезең-кезеңімен шешетін боламыз. Заманауи автотұрақтар салу мәселесі жан-жақты қаралып, Әуежай және теміржол вокзалы алдындағы алаңдарды қайта құрылымдау үшін жобалау-сметалық құжаттары жасақталуда. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы аясында осы екі алаңда заманауи қондырғылар орнатылып, автотұрақтарда электронды онлайн тәртібін енгізу ісін қолға алу жоспарлануда. Сонымен қатар, ірі сауда орындары мен коммерциялық ұйымдарына заманға сай паркинг, автотұрақ салу жөнінде ұсыныстар берілуде, — дейді Мейірім Жоламанұлы.

Автотұрақ салушыға кедергі жоқ

Облыс орталығы басшылығының айтуынша, қолданыстағы заңнамаларға сәйкес, кейбір мәселелерге тосқауыл қоюға жергілікті атқарушы биліктің құзіреті жетпейді. Сондықтан, кәсіпкерлер тұтынушылардың емін-еркін кіріп-шығуына жағдай туғызуы қажет. Мысалы, жаз кезінде сауда орталықтарының жанында пайда болатын жабайы сауданың тамырына балта шабу оңайға соқпағанмен, біртіндеп шешімін тапқан. Мейірім Жоламанұлы өз аумағынан қосымша автотұрақ салуға ниет білдірген бизнес иелері мен коммерциялық ұйым басшыларының өтініштері кедергісіз қанағаттандырылатынына сендірді.

Ал, бюджеттік мекемелерге ғимарат жанынан автотұрақ орны үшін жер телімдерін заңдастыру қажеттігі жөнінде тапсырмалар берілген. Қала аумағындағы заңсыз қоршалған немесе өз мақсатында пайдаланбай отырған жерлерді анықтау бағытында облыстық жерді қорғау инспекциясымен бірлесе жұмыстар атқарылуда.  Осы кезге дейін 100-ден астам ескерту таратылып, 55-і қалпына келтірілді, 25-і жергілікті полицияға, 12-сі жер инспекциясына жолданды. Белгіленген мерзімде орындалмаған нысандардағы түрлі құрылыс материалдары «Арнаулы көлік базасы» мекемесінің айыппұл тұрағына жеткізілген.

Екі қабатты паркинг салу – кәсіп иесінің қолында. Бірақ, автотұрақ саламын деп рұқсат алып, кейін оны базарға айналдыруға жол берілмейтінін ескерткен Мейірім Жоламанұлы қала бойынша 27 такси тұрағы үшін жер телімдері бөлінгенін айтты. Ал, облыс орталығының қанат жаюы Талғайраң елді мекеніне қарай бағыт алатын болады. Онда барлығы 471 көп қабатты тұрғын үй, әлеуметтік нысандар салу жоспарда бар көрінеді. Жобалау кезінде тұрғындар үшін автокөлік алаңдарын салу, сондай-ақ, ақылы автотұрақтар салу нормативті ережелерге байланысты қарастырылмақшы.

Түйін:

Қоғамдық кеңес барысында құқық қорғау органдары мен облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басшылары маңызды мәселеге орай жасалып жатқан жұмыстарға тоқталды. Ірі сауда орталықтарының өкілдері сауалдарға жауап қайтарды. Жиын кезінде автотұрақтарды ақысыз ету немесе төлемақыны базардан шығар кезде алу, паркингтер салу жайы қызу талқыға түсті. Атқарылған іс жоқ емес. Алайда, көшедегі көлік кептелісі жүйкені жұқартқаны өз алдына, тұрғындар қауіпсіздігіне көлдей кесірін тигізіп отыр. «Алмагүл» ықшамауданында орын алған оқыс оқиға кезінде өрт сөндіру көліктерінің жақындай алмауына көп қабатты тұрғын үйлер алдындағы автомобильдің көптігі де әсер еткені есімізде. Бетін әрмен қылсын, бірақ сондай кездерде кінәні кімнен іздейміз?

 Сіз не дейсіз?

Гүлназ ЖАНПЕЙІСОВА, «Көктем» сауда үйінің әкімшісі:

– Қазіргі уақытта базардағы автотұрақта ешқандай кептеліс болмайды. Күніне сауда орнына шамамен 1000-1200-ге жуық автокөлік келеді. Жалпы, базар аумағының 0,4983 гектары автотұраққа айналған. Бізде екі қабатты паркинг салуға ешқандай мұқтаждық жоқ.

Автотұрақтан түскен табыстан 12 пайыз салығымызды төлеп отырмыз. Онда 26 бейнебақылау камералары орнатылған толықтай асфальтталған, төсемтастар төселген. Мұнда 110 көлікке орын бар. Соның өзінде, кейде тұрақ толық болмайды. Бірі келсе, екіншісі кетіп жатады.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button