Жарнама
Жаңалықтар

ҚҰРЫШ БІЛЕКТІҢ ҚОЛТАҢБАСЫ


«ЖАС ОТАУ» ДА БОЙ КӨТЕРЕ БАСТАДЫ

Бұл жайында бізді құлағдар қылған облыстық құрылыс басқармасының басшысы Елтай Ғалымжановтың айтуынша, есепті мерзімде 318 пәтерлік бес үй игілікке берілсе, 1140 пәтерге шақталған 15 көп қабатты коммуналды тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары жалғасуда. Соның ішінде Атырау қаласында, «Жас Отау» бағдарламасы шеңберінде жас отбасыларына арналып 90 пәтерлік бір үй тұрғызылуда. Бұдан бөлек, Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласында 300 пәтерлік бес, Индербор поселкесінде екі (120 пәтерлік), Исатай ауданында (Аққыстау селосы) 60 пәтерлік бір үйдің құрылысы басталса, дәл осындай алпыс отбасына арналған және бір үйді Құрманғазы ауданының орталығы Ганюшкино селосынан салу жоспарланған. Мұның сыртында, Махамбет пен Мақат аудандарының орталықтарынан бір пәтерлік 10 үйдің құрылысы қолға алынған. Бұлардың негізінен алғанда «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан іс-шаралар болып табылатынын айтқанымыз артық емес.

ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАР ДА БАСТЫ НАЗАРДА

Басқарма басшысы өз кезегінде әлеуметтік сала нысандарының да назардан тыс қалмағандығын жеткізді. Биылғы жылдың басында облыс орталығында орналасқан Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясының 75 орындық оқушылар жатақханасының тұсауы кесілген. Қазіргі уақытта Құлсары қаласында 300, Жалғансай (Махамбет ауданы), Құрсай (Атырау қаласы) селоларында, сондай-ақ қаланың орталығында (Н.Крупская атындағы) 120 орындық мектеп ғимараттарының құрылысы жалғасын тапқан. Оған қоса Құрманғазы ауданының Жамбыл селосында 624 орынды қамтитын техникалық гимназия, аудан орталығы Ганюшкино, Жылыойдағы Жаңа Қаратон, Атырау қаласына қарасты Жұмыскер, Бірлік селоларында, Нұрсая, Көкарна мөлтекаудандарында, Махамбет ауданының орталығы мен Құлсары қаласында 280 бүлдіршінге арналған балабақша нысандары бой көтеруде. Сондай-ақ, Қызылқоға ауданының орталығы Миялы селосындағы бұрынғы орталық аурухана ғимараты 250 орындық мектепке дейінгі балалар мекемесіне лайықталып жаңғыртылса, Мақат ауданының Доссор кентінен 100 тәрбиеленушіге есептелген шипажайлық үлгідегі балабақша салыну үстінде.
Дәл осындай үрдіс денсаулық сақтау саласында да орын алған. Нақтылай кетсек, 2014 жыл басталғалы Исатай, Таңдай, Ақжайық, Еркінқала селоларында ауысымына 25 емделушіні қабылдау мүмкіндігі бар селолық дәрігерлік амбулаториялар, Атырау қаласының аумағындағы Жаңаталап ауылында бір фельдшерлік-акушерлік пункт іске қосылып, халыққа қызмет көрсетуде. Таяу болашақта, амбулаторлық режімде жұмыс жасайтын мұндай нысандардың құрылысы Құрманғазы ауданының Дәшін, Қызылқоға өңірінің Қоныстану ауылдарында да аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Атырау мен Құлсары қалаларында заманауи үлгідегі, бірі күніне 250, екіншісі 180 қабылдауды қамтамасыз ететін емхана, СПИД орталықтары мен инфекциялық ауруханалар, облыстық балалар ауруханасына жапсаржай салу жұмыстары да сәтті басталып, жүйелі жалғасуда. Жоғарыда аталғандардан бөлек, облыстың тағы да бірнеше елді мекенінде уақыт талабына сай келетін, сапалы қызмет көрсету мүмкіндігі бар бірнеше емдеу-профилактикалық мекемелері салынбақшы.

МӘДЕНИ-СПОРТ КЕШЕНДЕРІ КӨБЕЙЕДІ

Мәдениет пен спорт, коммуналдық шаруашылық, қоршаған ортаны қорғау нысандарының құрылысында да ілгерілеушіліктің байқалғанын айтуымыз керек. Мәселен, Атырау қаласында салынып жатқан 100 орындық монша-сауықтыру кешенінің құрылысын осы жылдың соңында тапсыру межеленсе, жаңадан Достық үйін тұрғызу жоспарланып, жұмыстары басталып та кеткен. Газетімізде жарияланғанындай, жақында ғана Махамбет ауданының Ақжайық ауылында 200 көрерменге шақталған типтік үлгідегі мәдениет үйі пайдалануға берілсе, келер жыл 400 орындық мәдениет ошағы Исатай ауданының орталығы Аққыстау селосында бой көтермек. Индербор кенті мен осы ауданға қарайтын Бөдене селосында осындай ғимараттар инвесторлардың қаражатына салынатын болып шешілген.
Құрылысы осыған дейін басталып, түрлі себептермен тоқтап қалған Құрманғазы ауданындағы Байда, Шортанбай селоларындағы, Атырау қаласының Нұрсая мөлтекауданындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешендеріндегі жұмыстар жандандырылған. Исатай, Махамбет, Жылыой, Қызылқоға және Мақат аудандарының селолық округтерінде жалпы саны 20 спорт алаңының салынып жатқандығын білдік. Және бір жаңалық, Индер ауданының орталығындағы кәріздік-тазарту қондыр-ғысы құрылысының да қайтадан қолдау тауып, аяғына дейін жеткізілетіндігі.
Сайып келгенде, бұның бәрі де құрыш білекті, шебер қолды құрылысшылардың күшімен, білімді де білікті сәулетші, жобалаушы инженер-мамандардың, жұмысты нақты іске асырушы мердігер мекемелердің жұмыла еңбек етуінің нәтижесінде мүмкін болып отырған жағдай екендігі даусыз. Әрине, кейбір кемшіліктер мен іркілістердің қиындық туғызып, кедергі келтірер жайлардың да кездесіп қалатынын жоққа шығара алмаймыз. Десек те, олардың бойында қолға алған жұмысты, алға қойылған міндетті орындап, өздеріне көрсетілген сенім биігінен көрінуге деген талпыныс, жасампаздыққа, жарқын болашаққа қарай ұмтылыс бар.
Ендеше, төл мерекелеріңізбен, құрметті құрылысшылар!

 

САПАЛЫ ЖОЛ – ӨРКЕНИЕТТІҢ БАСТАУЫ

 

Құрылысшы күні жол құрылысшыларының да кәсіби мерекесі саналады. Сондықтан, олар да бұл күнді тиянақты істерімен қарсы алуды дағдыға айналдырған. Кәсіби мерекеге орай облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бас-қармасының басшысы Аманжан ТӘКЕШЕВТІ сөзге тартып, сұхбаттасқанымызда осыған көз жеткіздік.

-Аманжан Әділханұлы, ел өмірінде көлік инфрақұрылымының, соның ішінде толассыз жолаушы мен жүк тасымалын қамтамасыз етуде автомобиль жолдарының маңызы жоғары екендігі анық. Әңгімемізді осыдан бастасақ.
— Бүгінгі таңда облысымыздағы автокөлік жолдарының жалпы ұзындығы 3051 шақырымнан асады. Оның 990 шақырымы республикалық, 973 шақырымы облыстық, қалған 1088,6 шақырымы аудандық немесе жергілікті маңызы бар жолдар болып есептелінеді. Бұл жолдарды сапалы, үнемі жүріске жарамды, адам өміріне қауіпсіз күйінде сақтап, күтіп ұстау, қажеттілігіне қарай орташа деңгейдегі, күрделі жөндеуден өткізіп отыру осы салаға маманданған санаулы кәсіпорындардың мойнына жүктелген.

 

КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУ КӨП ТҮЙІНДІ ТАРҚАТТЫ

— Енді осылардың тікелей араласып, қатысуымен жүзеге асырылған жобалар бүгіндері қаншалықты деңгейде орындалуда, сол жағына қарай ойыссаңыз?
— Өздеріңізге белгілі, республикамызда көлік жүйесі инфрақұрылымын жетілдіру мен ықпалдастырудың 2020 жылға дейінгі мерзімге арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде өткен 2013 жылы Жайық өзенінің Бұқар бетіндегі «Атырау-Индер» тас жолын (ұзындығы 150 шақырым) күрделі жөндеу жұмыстары басталған-ды. Облысымызда жұмыс жасап жатқан НКОК компаниясының аймақтың әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту жобаларына сәйкес, жартылай облыс бюджеті есебінен қаржыландырылуы көзделген реконструкциялау шаралары 2014 жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс.
Атап айтарлық бір жайт, осы күрделі жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты жол бойында орналасқан селолық елді мекендердің де бірқатар проблемалары оң шешімін табуда. Сөйтіп, Махамбет ауданының Алға, Еңбекшіл, Ортақшыл, Есбол, Ақжайық және Индер ауданындағы Бөдене, Құрылыс, Жарсуат ауылдарының кірме жолдары мен селоішілік жолдары да жөнделетін болды. Жобада Махамбет селосы тұсынан автомобиль көпірін салу жоспарланып, бұл жұмыс та бекітілген кестеге сай, кезең-кезеңімен атқарылу үстінде. Қызылқоға ауданының Сағыз селосындағы темір жол арқылы өтетін жаяу жүргінші өткелінің құрылысына да жергілікті бюджеттен қаржы қарастырылып, нақты жұмыстар қолға алынды. Одан бөлек, Махамбет ауданының орталығы мен Ақжайық селосы, Исатай ауданындағы Х.Ерғалиев, Тұщықұдық ауылдарының селоішілік жолдары күрделі жөндеумен қамтылды. Сол сияқты, Сарайшық (Махамбет ауданы) мен Бәйгітөбе (Мақат ауданы) ауылдарына апаратын кірме жолдарды күрделі жөндеу жұмыстары басталды.

 

ҚАЗЫНА ҚАРАЖАТЫ ҚАЖЕТКЕ ЖАРАДЫ

Жоғарыда аталғандардан өзге республикалық трансферттен бөлінген қаражатты пайдалану арқылы да атқарылуы жоспарланған жұмыстарымыз баршылық. Атап айтсақ, ел қазынасынан қаралған қаражатқа Жылыой ауданындағы Тұрғызба, Махамбет ауданына қарасты Бейбарыс ауылдарының кірме жолдарына, Құрманғазы ауданынының аумағындағы облыстық маңыздылықтағы «Ганюшкино-Приморье-Утера-Котяевка-Шортанбай» автомобиль жолының «Утера-Котяевка» аралығына (ұзындығы 18 шақырым) күрделі жөндеу жүргізілді. 2013 жылы «Индер-Қарабау-Миялы-Сағыз» облыстық маңыздылыққа ие автомагистралының 114 шақырымын қамтитын «Миялы-Сағыз» бөлігі қайта жаңғыртылып, пайдалануға берілсе, биыл осындай жұмыстар «Қарабау-Миялы» аралығында (123 шақырым) жалғастырылуда. Мұның сыртында, 2013-2015 жылдарға арналған моноқалаларды дамыту бағдарламасы бойынша Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласының ішкі автокөлік жолдары да жаңғыртылуда.

Беттің материалдарын дайындаған Дәулетқали АРУЕВ.

 

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button