Көп қабатты үйдегі қазандықтар
Оның қауіпсіздігін кім бақылайды?
Өкінішке орай, үстіміздегі жыл елімізде оқыс оқиғалармен басталды. Жылыту қазандығындағы жарылыс салдарынан көп пәтерлі үй құлады, адам өліміне жол берілді.
Бүгінде Шахандағы жағдайдың анық-қанығы тексеріліп жатыр. Әйтсе де, бір жай белгілі, ол – жергілікті атқарушы биліктің бейқамдығы. Қазір белгілі болып отырғанындай, 2012 жылдың 1 қаңтарында 18.00 сағатта осы елді мекенде дәл осындай оқиға орын алыпты. Сонда да жылу қазандығы жертөлеге орналасқан екен. Жергілікті атқарушы билік жаңа жабдық орнатыпты да, сонымен іс бітті деп санапты. Адам шығыны болмағандықтан, жеткілікті назар да аударылмаған.
Бұрын жауапсыздық салдары биыл тоғыз адам өмірінің қиылуына соқтырды. Қазір белгілі болғанындай, бұдан бес жыл бұрын орын алған оқиғадан ешкім қорытынды шығармаған. Жылу қазандығы тағы да көп қабатты үйдің жертөлесіне орналастырылған. Мұның қауіпсіздік техникасына қайшылығын бәрі білсе де, ешкім тыйым салмаған. Енді тосын жайдан кейін ғана бәрі дабыл қағуда.
Шахан оқиғасының ізі суымай жатып, Шымкент қаласында да тосын жай орын алды. Газ баллоны жарылып, қос қабатты тұрғын үй толық құлады. Періштесі қақты ма екен, бесікте жатқан сәби аман қалды. Әттең, оның анасы үйінді астында қаза тапты. Бұлар тек биылғы бастапқы аптада болған оқиғалар ғана.
Осы орайда облыста қалыптасқан ахуал қандай? Турасын айту керек, бізде де, Атыраудағы кейбір көп пәтерлі үйлер мен жеке сектор және аудандардағы осындай ғимараттар жеке жылыту қазандығын пайдаланып отыр. Соларды орталық жылу жүйесіне қосуға мүмкіндік бар ма? Жалпы, қауіпсіздік шаралары қалай алынып отыр? Осы орайда мамандар пікірін тыңдап көрелікші.
Барлық жерде жағдай бірдей емес
Асан Нұрғалиев,
облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы:
– Әрине, Шахандағы оқиға қауіпсіздік шарасын барынша қатаң алу қажеттігін көрсетті. Әйтсе де, орталық жылу жүйесін оны алыс елді мекенге қалай тартуға болады? Мәселен, сонау Қызылқоға ауданына орнату мүмкін бе? Оған қыруар қаражат қажет. Қазір Атыраудың өзінде көп пәтерлі үйлердің біразы орталықтандырылған жылу желісімен қамтамасыз етілмеген. Рас, Балықшы кенті бойынша орталықпен қамту мәселесі шешіліп келеді. Нұрсая ықшамауданының да соңғы пайдалануға берілген үйлері қамтылды.
Жауапкершілік жүгі жеңілдемесін!
Замир Бердашев,
облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары:
– Бұрын газ шаруашылығы қызметін тексеретін инспекция болған. Тыйым салатын да, рұқсат беретін де сол мекеме еді. Бүгінде бұл міндет «КазТрансГазАймақ» АҚ-ның Атырау филиалына жүктелген. «Көгілдір отынға» қатысты мәселелермен солар шұғылданады. Қазір шағын кәсіпкерлік нысандарын тексеруге мораторий бар. Олардың ішкі ісіне орынсыз араласуға болмайды. Бірақ, коммуналдық қызметпен айналысатын бизнес нысандарына сақтық шараларын естен шығармау қажет. Жауапкершілік жүгі жеңілдемеуі тиіс. Өз тарапымыздан барлық ауданға хат жіберілді. Былтыр облыста бірнеше газдан улану фактісі тіркелді. Соған орай жыл соңында үлкен басқосу ұйымдастырдық. Бәріне ескертіліп, абай болулары тапсырылды.
Қай істі де маман атқаруы тиіс
Мұхамбетқали Қалиев,
«Атырау жылу-электр орталығы» АҚ президентінің кеңесшісі:
– Соңғы жылдары сәтті жүзеге асырылған инвестициялық жобалардың нәтижесінде аймақта энергетикалық қуаттар жеткілікті. Соның ішінде жылу энергиясы да мол. Демек, онымен барша атыраулықтарды қамтуға мүмкіндік бар. Мәселе құбырға қатысты. Егер ол тартылса, онда әр үйге жылу жеткізуге болады. Жалпы, қай істі де сол саланың маманына тапсырған жөн. Әсіресе, газбен жұмыс жасағанда сақтық шарасы өте қажет. Дайындық курстарының сапасын арттыру керек. Солардағы оқыту тәсілі, тәжірибені қалай жинақтауы маңызды. Айтпағым – коммуналдық қызметтің тізгінін әркімнің қолына бермей, мамандандырылған орталықтан басқарылғаны дұрыс.
Меңдібай Сүмесінов