КҮНШЫҒЫС ЕЛІ АТЫРАУҒА АСЫҒАДЫ
Оларды қабылдаған облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов «қош келдіңіз» айтқан соң аймақтың ахуалымен қысқаша таныстырып өтті. Бүгінде мұнайлы мекен республика бойынша өндірілетін көмірсутегі шикізатының 40 пайыздық үлесіне ие. Алдағы уақытта Теңіз кенішін игеру одан әрі жалғасуына және Қашаған кен орнының өнімі алынуына орай бұл көрсеткіш 50 пайыздан асып түспек. Бүгінде Атырау мұнай өңдеу зауытында хош иісті көмірсутегін алу жобасы мәреге жетті. Бірер айдан соң оның бастапқы кезеңі өндірістік қуатына шықпақшы.
Жапон делегациясын бастап келген РОТОБО ассоциациясы директорының орынбасары Мики Вадзима ханымның айтуынша, күншығыс елінің бизнес иелері Қазақстанда алдыңғы жылы болған екен. Бұл – олардың кеңейтілген құрамдағы екінші сапары. Экономиканың нақты секторына көбірек назар аударатындығын жасырмады. Мұнай-химия саласы да тартымды. Осы жолы өндірістік, сауда-саттық, қаржылық, т.б. құрылым өкілдері келген екен. Солардың бәрі де өздерін қызықтыратын салаға инвестиция салуға дайын.
Аймақ басшысы жапондықтар алдына үш мәселе қойып, бірлесе шешуді ұсынды. Біріншіден, өңірде жылына 350 тонна қой және 100 тонна түйе жүнін тазалап, әбден өңдейтін цех салынуда. Одан әрі осы шикізаттан киім тігу жоспарланған. Соған жапон технологиясын тарту қалай болмақ?
Екіншіден, Жапония теңіз суын тұщытып, кәдеге асырып отыр. Атырауда да жерасты ащы су көздері бар. Соны тұщытып пайдалану тәжірибесімен бөліссе қайтеді?
Үшіншіден, күн энергиясын барынша тиімді тұтыну үшін қажетті жабдықтарды осында бірлесіп шығаруға болмас па? Ол үшін Атырауда бірлескен кәсіпорын құруға толық мүмкіндік бар. Оның үстіне, аймақта жылдың екі жүз шақты тәулігінде күн көзі жарқырап тұрады. Демек, қажетті энергияны жинақтап алуға болады.
Жапон делегациясының басшысы Мики Вадзима бұл айтылғандарды өте қызықты ұсыныс ретінде қабылдады. Қазір Жапонияның Экономика министрлігі Қазақстан үшін танымдық технология дайындау үстінде екен. Яғни, қазіргі заманғы озық жабдықтардың үлгілері көрсетілмек. Оның үстіне, Астанада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесінің талаптарына сай олардың бәрі де энергия үнемдейтін қондырғылар болмақ. Күн энергиясын пайдалану, тігіншілік ісін ұйымдастыру, жерасты суларын тұщыту бағытында да жапондықтардың толымды тәжірибесі бар. Демек, біздің тараптан нақты ұсыныс болса, бірлесіп біраз іс тындыруға болады. Рас, жапон жабдықтары аса сапалы болғандықтан, бағасы да қымбатырақ.
Аймақ басшысы атыраулық жастардың бірнеше тілді, соның ішінде жапон тілін де меңгергенін, егер бірлескен кәсіпорын құрылып жатса, жергілікті мамандарды қысқа мерзімде дайындауға мүмкіндік барын да айтты. Ал, Атыраудың жағрапиялық тұрғыдан тиімді орналасуы, оның Еуропа мен Азия аралығын жалғастыратын көпір іспетті екендігі салынған инвестицияның қысқа мерзімде қайтарым беруіне жол ашады. Инвесторларға жоғары деңгейде қызмет көрсетуге жалға берілетін коттедждер, қонақ үйлер, мейрамханалар және басқа да сервистік орталықтар бар. Республикада орташа жалақы деңгейі жөнінен Атырау бірінші орында.
Жапон делегациясының жетекшісі Мики Вадзима ханым Атыраудың республикада инвестиция тарту жөнінде алдыңғы қатарда екендігін айта келіп, алдағы уақытта бірлесіп жұмыс жасауға дайын екендігін де білдірді.
Меңдібай СҮМЕСІНОВ.