ҰЛЫ МАҚСАТТАРДЫ ҰШТАСТЫРҒАН АТЫРАУ

Қазақстан-Ресей  ХІ  аймақаралық  ынтымақтастық 

форумының  басты  алаңына  айналды

 

Бүгін Атырауда басталған Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының өңіраралық ынтымақтастық форумының кезекті саны 11-ші болып табылады. Бұдан бұрын шекара бойындағы қалаларда өткен он форумда да екі елдің басшылары, кәсіпкерлер, ірі кәсіпорын жетекшілері бас қосып, көп мәселелер шешілген еді. Осы мерзім ішінде бұл іс-шара салиқалы пікір алмасуға, екіжақты серіктестіктің ең өткір және өзекті мәселелерін талқылауға арналған алаң ретінде өзінің маңызы мен тиімділігін бүкіл әлем алдында дәлелдеп берді.

Форумды өткізу географиясы да қызықты ұйымдастырылған. Оны Ресейдің және Қазақстанның шекара маңындағы қалаларының бірінде өткізу дәстүрге айналды. Ресей жағынан шекара маңы өңірлері болып Алтай Республикасы, Алтай өлкесі, Астрахан, Волгоград, Қорған, Новосібір, Омбы, Орынбор, Саратов, Түмен және Челябі облыстары болып табылады. Қазақстан жағынан Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары болып отыр.

Географиялық жақындығы, сауда-экономикалық және гуманитарлық байланыстары, технологиялық жағынан өзара байланысты кәсіпорындардың және қалыптасқан инфрақұрылымдардың болуы, тіпті халықтардың ағайындық байланысы, тілдік кедергінің жоқтығы шекара маңы өңірлері ынтымақтастығының маңызын одан сайын биіктете түседі. Оның үстіне, Ресей мен Қазақстан арасындағы құрлық шекарасы әлемдегі ең ұзын шекара болып табылады, оның ұзындығы  7 591 шақырымды құрайды.

2008 жылға дейін бұл іс-шара Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасының шекара маңы өңірлері басшыларының форумы деп аталды. Алайда, жыл сайынғы кездесулер форматының кеңеюіне байланысты Форум жаңа атауға ие болды. Ол өзара әрекет етудің барлық көпқырлы аспектілерін және біздің елдердің экономикалық, саяси және басқа салалардағы сапалы әрі әртүрлі деңгейдегі транспаренттік ынтымақтастықты толық көлемде көрсетеді.

Жыл сайын форум аясында кең ауқымды мәселелер талқыланады, оған Каспийдегі өзара әрекеттестікті, отын-энергетикалық кешенді, көлік, кеден, энергетика, экология, шекарадағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, есірткі трафигімен, заңсыз көші-қонмен күресті күшейту және т.б. мәселелер  қосылады. Біздің халқымызда «Алыстағы ағайыннан  жақындағы көрші артық» деген нақыл бар. Сол айтқандай географиялық жағынан да,  тарихи жағынан да сабақтасып жатқан екі елдің бір-бірімен тығыз байланыс орнатуына ештеңе кедергі болмауы тиіс. Мұны өмірдің өзі талап етіп отыр.

Бүгінгі күннің өзінде өңіраралық деңгейдегі іскерлік байланыстарды іс жүзінде қазақстандық барлық өңірлер және РФ-ның 76 субъектісі орнатып үлгерді. Қазақстанмен Свердлов, Орынбор, Челябі облыстарының, Татарстан, Башқұртстан Республикаларының ынтымақтастығы белсенді дамып келеді. Бұл бес субъектінің Қазақстанмен тауар айналымы жылына 1 млрд. долларға дейін жетті. Өңіраралық ынтымақтастықтың нәтижесінде екі елдің  тауар айналымы 70 пайызға жуықтады, ал, шекара маңындағы облыстарда 30 пайыз болып отыр.

Шекара маңы ынтымақтастығы мәселелері РФ және Қазақстанның 2012-2017 жылдарға арналған өңіраралық және шекара маңы ынтымақтастығының бағдарламасымен, сондай-ақ бірқатар үкіметаралық келісімдермен реттеледі. Бүгінгі күні екі елдің өңірлері арасында 300-ден астам келісімге қол қойылды.

Бұл жұмыс болашақта Еуразиялық одақ көлемінде де жалғасын тауып, екі ел халықтарының ғасырлар бойғы достығын одан әрі нығайтып, экономикалық, рухани жағынан биіктерге жеткізері сөзсіз.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз