Бөкей хан кесенесі жаңартылуда

Б кей хан Жаңалықтар

«Ел» деп, «халық» деп  жарғақ  құлағы  жастыққа  тимеген  арда азаматтарымызды  ардақтау – қай уақытта да борышымыз. Оның үстіне, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың  «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» ұлттық сананың  қалыптасуы мен  бұқаралық сананың өзгеруіне, тарихи рухты күшейтуге бастау болатын идеялары мен іс-әрекеттерді  үйлестіру мәселесі  алға қойылғаны белгілі. Ұлт үшін, қоғам үшін қашан да  бірінші кезекте рухани жаңғыру ісі тұрғаны дұрыс. Осы тұрғыдан  алғанда кешегі заманда халқымыздың бірлігін сақтап, іргесін кеңейту, ұлт мәдениетін өсіру, тұрмыстық  болмысын  жаңаша қалыптастыруда өзге  ұлыларымызбен бірге өз аумағымызда Бөкей ханның орны бөлек.

Б__кей хан

Ал, егер ол болмаса Қазақстанның бүгінгі шекара желісі  Жайық бойымен шектеліп,  Атырау, Орал  қалаларының өзі маңдайымызға  симай да  қалар еді. Бірақ, Бөкей сұлтанның алдымен атақ үшін емес, Алтын Орда дәуіріндегі ата-бабамыздың  ізі  түскен ұлтарақтай жер үшін күрескені белгілі. Оның Астрахан ұлықтары,  алыстағы Ресей  патшасына хат жазуы нәтижесінде бұрынғы ішкі, кейін Бөкей ордасының  қазақ мемлекеті іргесін кеңейтуге,  картамызды жаңартып, арқамызды кеңге  жаюымызға негіз болды.

Бөкей ханмен бірге  тек Атырау емес, көршілес Батыс Қазақстан облысы, күллі қазақ мақтанады. Ол қазаққа жер емес, жерге толы ырыс, байлық, рухани биіктік,   экономикалық жетістік әкелді. Сондықтан, біз онымен мақтанамыз, марқаямыз. Өлгенде марқұмның денесі де өзі иеленіп,  аты берілген  аймақтың  шекаралық сызығында қалды. Бейне ол шекара күзеткен арда қазақ еді. Әрі ассаң Ресей топырағы, бер жағында  күншығыста күлімдеп, Сарыарқалы сара дала  – қазақтың Ұлы даласы жатыр.

Кеңес дәуіріндегі салқын саясат  халқымыздың өткеніне өкпек желдей өзгеше сипат әкелді. Ата-бабамыз,  асылдары жоқ, аспаннан түскен адамдардай құдайсыз, құрансыз  құлақ кесті құл болып өсіп жаттық. Бірақ, таң атпайым десе де  күн қоя ма, қазақ үшін тәуелсіздік таңы атты. Ұлыларымыз ұлықталды, хандарымыз қадірленіп,  батырларымыз бағаланды. Өшкеніміз жанды, өлгеніміз тірілді. Соның бірі – Бөкей ордасының ханы, атақты Әбілқайырдың немересі, Нұралының ұлы Бөкей хан еді. Өкініштісі – тағы да  жер-жер деп жүргенде сол Бөкей ханның моласы бір кездегі Жәнібек салдырған Астрахан қаласы сынды ол да  Қазақстаннан тыс Ресей жерінде  қалыпты. Ойлап қарасақ, қазаққа біткен ұлылардың  біразының  жанбасы мейлі Төле би, болмаса Әйтеке абыз, Сырым батыр – Өзбекстанда, Кенесары – Қырғызстанда, Арынғазы, Нұралы хан, Құрманғазы денелері  Ресейде жерге тиіпті.

ХХІ  ғасырдың оныншы жылдарында  Өзбекстанның  Нұрата  жерінде  жатқан Әйтеке  бидің кесенесін көтеріп, басын жаңғыртуға үлес қосқан  ұлтжанды азамат Мұхит Кәрімұлы Ізбановтың мұрындық болуымен Астрахан облысының Красный Яр ауданы  Кішкене Арал жеріндегі  Сейіт баба қорымында жатқан Бөкей хан кесенесі жаңартылды. Оған өңіріміздегі  іс басында жүрген ұлтжанды кәсіпкер азаматтар айтарлықтай көмек берді.  Соның нәтижесінде өзгеге ұқсамайтын, өзіндік сәулеті бар келісті кесене бой көтерді.

Жанындағы жары  Әтен ханымның да  кесенесі жаңартылды. Тек жаңартылып қана қойған жоқ, сол арадағы ел сыйлап, халық қадірлеген Сейіт баба кесенесі  қосылған тұтас кешен  жаңартылды. Бұрыннан жанына шипа, дерттеріне дауа іздеген міскіндерге  енді тарихты танып,  тұлғаны дәріптеген, ұлылыққа тағзым еткен  ұлтжанды азаматтар қосылды, келушілер қарасы көбейді.  Аптаның әр күнінде  адамдар легі  азаймайды.

Міне, құрмет, асылды ардақтау, өткенге тағзым, имандылық үлгісі деген осы.

Бірақ, жақсыға жан сүйінеді. Оны айта беруден жалықпаймыз. Әйтсе де, әлгі айтқан  жақсыға   жақсы келіп қосылса, оның өзі зор сүйініш емес пе?

Өткен жылы  өңір басшысы Нұрлан Асқарұлы Ноғаев пен Астрахан облысының губернаторы Александр Александрович Жилкиннің  Атыраудағы кездесуінде  Сейіт баба мен Бөкей хан жатқан кешенді  қоршау жөнінде, әйтпесе жайдақ жатқан кесене көлеңкесін жаздың ыстығы, күз бен қыс, көктемнің  жел-құзды күндерінде  ықтаған малдан  тұяқкесті  тозып жатқандығы сөз болған-ды.

Айтса, айтқандай, арада алты жыл өткенде  (кесене 2011 жылы бой көтерген-ді) Бөкей хан мазары төңірегінде кейбір «әттеген-айлар» байқалған. Төбесінен су ағып қабырғалары бүлінді. Жаңбыр, қар суынан ірге граниттері құлап, төсем тастар мен шатырдағы терезелер  сынды, басқа да жөндеулер керек болды. Осы кезде  Атырау өңірінің әкімі Нұрлан Асқарұлы әңгімеге араласып, бұл түйткілдерді атыраулықтар өз күштерімен қалыпқа келтіретіндігін  және жақын күндерде жүзеге асатындығын мәлімдеген болатын.

Бөкей хан  кесенесінің бой түзеуіне тікелей куәгер болған  жанның бірі ретінде  біз де құмдауыт төбе басындағы кесене іргесін  жел үріп,  айналасы қоршаусыз  жайдақ жатқан кесене көлеңкесіне сая іздеген  ауылдың үйір-үйір жылқысы, табын-табын сиырлар мен келе-келе түйелерді көргенбіз. Осыдан бір апта бұрын аталған жерге жол түсіп, бара қалдық. Сөйтсек, ойлағанымыз орындалып,  кешен қоршалып қалыпты.  Арнаулы суағар қондырылған, төсем және гранит тастар төселген. Ақталып, сырланған және басқа да көптеген жұмыстар атқарылған.

Сол жерден  баяғы мыңжасағыр мүриттердің  шырақшысындай болып жүрген  бұрынғы мемлекеттік қызметкер, қазіргі зейнеткер Мұхит Кәрімұлы Ізбановты  кездестірдік. Сол баяғы аруақтарға көрсетілетін құрметтерді азайтпау, жетпесін жетілдіріп,  абыройын биіктету мақсатымен жүр екен.

Мұхит Кәрімұлы осы арада мақтанышпен, көңілінде көлдей мейірім, ризалық сезімі бар екен: «Облыс басшысы уәдесін орындады. Кесенелер кешені қоршалып,  біршама жөндеу жұмыстары жүргізіліп, алыптарымыз бен  абыздарымыз тыныштық тапты, бұл біздің соңғы борышымыз еді, ол да жүзеге асты» деді. Біз де мәз болдық. Асылдарымызды ардақтау,  тұлғаларымыздың тұғырын биіктету борышымыз емес пе? Біз  бүгін шекара шебінде жатқан тау тұлға Бөкейге құрмет көрсеттік. Ертең атқарар іс  тағы да табылады. Тек жүрек жылуы азаймасын деңіз…

Өтепберген  ӘЛІМГЕРЕЕВ,

өлкетанушы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз