КҮНГЕЙ МЕН КӨЛЕҢКЕ
Жайық бойын жағалай қоныс тепкен Дамбы халқы негізінен балық шаруашылығымен айналысады. «Амангелді» өндірістік кооперативі өткен жылы белгіленген балық аулау лимитінің 72, ал, «Тілекші» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 57 пайызын орындаған. Екі кәсіпорын ауланған балықтарды мұздатылған және тірі күйінде облыс орталығында сатып, қала халқын сапалы балық өнімдерімен қамтамасыз етіп келеді.
Бұған дейін ауылда мал шаруашылығымен айналысатын бірде-бір шаруа қожалығы болмаған еді. Мұны ескерген Дамбы ауылының белді кәсіпкерлері биыл атакәсіпті қолға алуды жоспарлапты. Бұл жайларға кеңірек тоқталған ауылдық округтің әкімі, сонымен қатар, көшелерді асфальттау, түнгі жарықтандыру, мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізу, әкімдік ғимаратын салу секілді күрмеуі қиын мәселелердің барын да жасырмады. Жиынға қатысқан Атырау қаласының әкімі Нұрлыбек Ожаев ауылдық округте атқарылған жұмыстарды «қанағаттанарлық» деп бағалап, аталған мәселелердің өз кезегімен шешімін табатынын айтты.
Тұрғындар атынан сауал жолдаған Салтанат Ыбырайова саз мектебінің ескілігін алға тартып, күрделі жөндеу жүргізілсе деген ұсыныс білдірді. Сатыбалды Көпжасар көшелерді жарықтандыру, үй нөмірлерін ретке келтіру сияқты өтініштерін жолдады. Сондай-ақ, тұрғындар бірнеше жыл бұрын жүргізілген «көгілдір отынның» құжаттары әлі күнге дейін жасақталмағанын айтып, осы мәселені шешіп беруді алға қойды. Шаһар басшысы айтылған жайлардың назарға алынып, жақын күндері шешімін табатынына сендірді.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.